• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қараша, 2022

3000 кітап тегін таратылды

374 рет
көрсетілді

Алматыда Baurzhan foundation қоры ұйымдастырған «Kitap fest» кітап фестивалі өтті. Қазақстанның жалғыз кітап фес­тивалі болып табылатын ауқымды шара Алматы қаласы әкім­ді­гі­нің қолдауымен 2013 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.

Биылғы «Kitap fest» Балалар жы­лына сәйкес келеді. Baurzhan қорының құрылтайшысы, жобаны ұйымдастырушы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – оқырман мәдениетін дамыту, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құрып, балалар мен жастар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыру.

«Кітап оқитын адам өзінің таным көкжиегін, логикасын, ойлау қабілетін дамытады. Жас-кәрі демей, біз бәрінің оқуға қызығушы­лық танытқанын қалаймыз. Жыл сайын кітап фестивалінде балалар мен ересектер үшін ауқымды бағ­дарлама ұсынамыз. Арманымыз Қазақстан бойынша фестивальдің аясын кеңейту, өйткені қажеттілік бар. Қазірдің өзінде үлкен жұмыс атқарылды, алар асуларымыз әлі алда деп ойлаймын. Әділетті Қазақстанға оқитын және білімді жастар қажет. Сондықтан да біз кітап оқуды насихаттауды жалғастырамыз», деді Жұлдыз Омарбек.

«Kitap fest–2022» аясында отан­дық жазушылар жаңа кітаптарын таныстырып, көпшілікпен пікір алмасты. «Офлайн кітаптар туралы» шатырда танымал балалар жазушылары, блогерлер және табысты әйелдер қауымы өз тәжірибелерімен бөлісті. Алматылықтарға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқаулар мен акциялар, Қазақстанның ірі баспалары мен кітап дүкендерінің жәрмеңкесі ұсынылды. Баспагерлер және интернет-дүкендері өз өнімдерін көрмеде 20% - ға дейінгі жеңілдікпен сатты.

Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасында аниматорлар, театр қойылымдары, аквагрим мен түрлі қызықты байқаулар келген қонақтарға тамаша көңіл күй сыйлады.

Фестиваль қонақтары сөреге қойылған кітаптармен танысуға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе оларды толығымен тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы кітап фестивалінде әртүрлі жанрдағы 3000-нан аса кітап тегін таратылды.

Сондай-ақ фестивальде алғаш рет «Ауылға кітап» акциясы өткізілді, онда кез келген оқырман өз кіта­бын әкеліп, Қазақстанның ауылдық кітапха­наларына тапсыруға атсалыс­ты.

«Kitap fest» фестивалі он жылға жуық уақыт дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан мәдени-бұқаралық іс-шара. Осы уақыт аралығында ол шығармашылық кездесулердің негізгі алаңына айналды, жәрмеңкелерге 150-ге жуық кітап дүкені қатысты.

 

АЛМАТЫ