Сыр өңірінде волейболдан НЗМ оқушылары арасындағы дәстүрлі желілік спартакиаданың аймақтық кезең ойындарында Қызылорда, Алматы, Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларының спортшылары сайысқа түсті.
Ойынның ашылу салтанатындағы командалар шеруіне көрермендер қошемет танытты. Қызылордалық зияткерлер саламатты өмір салтын насихаттайтын музыкалы қойылым қойды.
Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділдің айтуынша, волейболдан аймақтық кезеңдер Қызылордамен қатар Өскемен, Астана, Атырау қалаларында өткізіліп отыр.
Үш күнге созылған спартакиадада сыр елінің қыздары жеңіске жетсе, ұлдар арасында тараздық команда бірінші орынды иеленді. Алматыдағы химия-биологиялық бағыттағы зияткерлік мектеп қыздары мен қызылордалық ұлдар командасы екінші орынға орнықты. Үшінші орын жүлдесі Тараздағы НЗМ қыздары мен алматылық ұлдар командасына бұйырды.
– Спартакиадаға алғаш рет қатысып отырмын. Шымкенттің командасымен тартысты ойнадық. Бір-бірімізге есе жібермеуге тырысқанымызбен, қарсыластарымыз алға шықты. Келесі жарысқа дайындықпен келеміз, – дейді түркістандық Арнұр Бақытжан.
Жарыста көзге түскендер түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Аймақтық кезеңде алғашқы екі орынды иеленген командалар желтоқсан айында өтетін финалдық ойндарға жолдама алды.
ҚЫЗЫЛОРДА