Семей қаласында көлік нөмірін қағаздан жасап алған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ ресми парақшасына сілтеме жасап.
Облыс орталығындағы көшелердің бірінде біртүрлі көлік нөмірлерін байқаған тұрғындар @_osa_semey қоғамдық сайтына оның фотосын жіберген. Абай облысының Полиция департаменті көлік иесін анықтап, оған әкімшілік хаттама толтырды. Семей қаласының тұрғыны көлігіне қағаздан мемлекеттік нөмір жазып алған.
«Аталған факті бойынша «Daewoo NEXIA» көлігінің жүргізушісі 28 жастағы кәсіпкер ұсталған. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық 590-бабы 2-бөлігі «Мемлекетік тіркеу нөмірлік белгілері (белгісі) жоқ немесе оны пайдалануға тыйым салынғаннан кейін немесе белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын басқару» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», деп жазды ІІМ ресми парақшасы.