Жуырда Германияның Transfermarkt порталы бірқатар қызықты мәлімет жариялады. Футболшылардың нарықтағы құнына талдау жүргізіп отыратын интернет басылымның дерегі бойынша, Англияның «Манчестер Сити» және Норвегия ұлттық құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холанд әлем футболының ең қымбат ойыншысы атанса, Англия 2022 жылғы 10 айдың қорытындысында ең қымбат құрамалардың көшін бастады. Ал Қазақстан құрамасы бұл рейтингте 85-орынға жайғасқан. УЕФА бойынша 38-сатыда тұр.
Биыл жаз айында Дортмундтың «Боруссиясынан» Англияның «Манчестер Ситиіне» ауысып келген 22 жастағы Эрлинг Холанд франциялық Килиан Мбаппені бірінші орыннан ығыстырып, ең қымбат футболшылардың рейтингінде топ бастады. Дәл қазіргі таңда Transfermarkt порталы норвегиялық футболшыны 170 млн еуроға бағалап отыр. Ал желтоқсан айында 24 жасқа толатын ПСЖ және Франция ұлттық құрамасының ойыншысы Килиан Мбаппе 160 миллион еуроға бағаланған. Үздік үштікті Испанияның «Реал» және Бразилия ұлттық құрамасының 22 жастағы жартылай қорғаушысы Винисиус (120 млн еуро) түйіндеп тұр.
Өкінішке қарай, әлемнің ең қымбат 500 футболшысының тізімінде бірде-бір қазақстандық ойыншы жоқ. Дегенмен германиялық басылымың мәліметі бойынша, Қазақстан құрамасының ең қымбат футболшысы деп Ресейдің ЦСКА клубында доп тебетін жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов (3,5 млн еуро) танылды. Одан кейінгі орындарға «Зениттің» қорғаушысы Нұрәлі Әліп (1,5 млн), «Тобыл» мен «Ахматтың» (Ресей) қорғаушылары Сергей Малый мен Марат Быстров (900 мың), Асхат Тағыберген (750 мың, «Тобыл»), Мұхамеджан Сейсен («Тараз»), Бағдат Қайыров («Тобыл») және Артур Шушеначев («Қайрат», 700 мың) жайғасқан.
Ұлттық құрамаларға тоқталар болсақ, 1 млрд 40 млн еуроға бағаланған Англия әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. Екінші орынға әлем чемпионатының бес дүркін жеңімпазы Бразилия (1,14 млрд) орналасса, 2018 жылы Ресейде өткен дүниежүзілік доп додасында бас жүлдені олжалаған Франция (898 млн) үшінші орында келеді. Құрлық бойынша бөліп қарасақ, Еуропада – Англия, КОНМЕБОЛ-да – Бразилия, Азия құрлығында – Корея (152,02 млн), Африкада – Кот-д’Ивуар (366,75 млн), КОНКАКАФ-та –АҚШ (209 млн) құрамалары көш бастап тұр.
Қазақстан құрамасы УЕФА-да 17,6 млн еуромен жалпы есепте 38-орыннан көрінді. Ал ТМД құрамаларының арасында алтыншы орынға жайғасқан. Келмеске кеткен КСРО мемлекеттерінің рейтингінде Украина құрамасы ең қымбат ұжым атанды. Transfermarkt сарапшылары Андрей Шевченконың ізбасарларын 176,5 млн еуроға бағалаған. Ең қымбат футболшысы – Руслан Малиновский («Аталанта», Италия). Оның нарықтағы бағасы – 28 млн еуро. Екінші орынға Ресей құрамасы жайғасты (138,8 млн еуро). Ең қымбат футболшысы – «Краснодар» қақпашысы Матвей Сафонов (16 млн еуро). Үшінші орынды Грузия құрамасы (83,95 млн) түйіндеп тұр. Қап тауы елінің ең қымбат футболшысы – Хвича Кварацхелия («Наполи» Италия) – 35 млн.
Кейінгі орындарды Армения (27,65 млн), Өзбекстан (24,65 млн), Әзербайжан (17,15 млн), Молдова (14,75 млн), Беларусь (12,60 млн), Эстония (10,6 млн), Латвия (9,6 млн), Литва (6,78 млн), Қырғызстан (5,98 млн), Тәжікстан (5,28 млн) және Түрікменстан (2,06 млн) құрамалары еншіледі.