Мұхтарбай Өтелбаев! Бұл есім – биік деңгейде әспеттеліп айтылатын айтулы тұлға. Шын мәніндегі білімі мен білігі мықты, ой-өрісі биік, көзқарасы мығым, артық сөзден ада, барды місе тұтып, кемді кемелдігі жеңіп, ғылым деген мұхит әлемінің, оның ішінде дәл бүгінгі қазақ математиктерінің көшбасында келе жатқан заңғар оқымысты.
Жиен немерем өмір есігін іңгәлап ашқанда әке-шешесі атын Мұхтарбай қойсақ деді. Олардың ғалымды құрметтегеніне қуандым. Мұхаңа телефон шалдым. «Бауы берік болсын! Ұлы Мұхаң (Әуезов) тұрғанда менің атымды қойғандары ұят болады ғой. Біреулер күліп жүрер, әуре болып қайтесіңдер. Мұхтар қойсын. Мені де аспандатып бара ма, қалай? Ұлылар мен нағыз мықтылар миллионнан біреу шығады», деп ыңғай бермеді. Бірақ балалар байламдарын бекітіп алыпты. «Апырмай, ә! – деді аға қиналып, – көнбесе не дейін, өздері білсін, нәресте өмірлі болсын!». Араласып тұрды, батасын беріп жүрді. Ол кезде Астанада тұрды, кейін Алматыға оралды. Таяуда 8 жасар кіші Мұхтарбай Алатаудың баурайындағы Жандосов ауылына қоныс тепкен 80 жастағы шоң Мұхтарбайға сәлем бере барғанда, ғалымның қуанышында шек болған жоқ. «Мені сонау елордадан іздеп келіп тұр, ә!», деп жылуы мол құшағына алды. Мәскеуде жоғары білім алып, қазақ қыздарының арасынан алғашқы болып тоқыма өнеркәсібі саласынан ғылым кандидаты атанған Кәмшат жеңгей де ағынан жарылды. «Бір кезде бауы берік болсын!» деп едім, «Енді өмірлі бол!» дейін бала Мұхтарбайға», деп бір тыныс алды да, құрақ ұшып жүрген қызы Ділдашқа: «Бұл пәк балапан енді саған іні болады, соны есіңнен шығарма!», деп, «Әй, Кәмшат, менің иығыма жапқан бір шапанды алып келші, менің жолымды берсін бұл ұлға Тәңірім!», деді. Етегі жерде сүйреліп жатса да, жеңі сөлпеңдеп тұрса да бала Мұхтарбайды шапанға орап, милығына түссе де хан қалпағын кигізіп, бауырына басты. «Ал суретке түсіріңдер бізді, қане!» деп сексен жастағы академик пен сегіз жастағы, екінші сынып оқушысы құшақ айқастырғанда, жүрек лүпілдері жүздерінен сезіліп тұрды.
Шын талант Құдайдың сыйы екені айтылады. Ол – ақиқат. Ешкім де жоққа шығара алмайды. Сол шын таланттар математиктер арасында да бар. Тіпті нақтылығын ескерсек, көбінде соларға тән секілді көрінеді. Кей салаларда жүздеп сап түзесе, керемет математиктер саусақпен санарлық қана. Бір қызығы, олар туралы екінің бірі көсіліп айта алмайды. Айту үшін өрең биік болуға тиіс. Өздері көбінде «менге» жоқ. Себебі ой-өрелерінің биік болуынан ба, ұятқа бой алдыра береді. Содан ба екен, олар елдік марапаттан да шет қалып жатады. Отанымыздың басты сыйлығы – Мемлекеттік сыйлыққа әр жылдары төрт математик қана ие болыпты.
Сол төрт математиктің бірі Мұхтарбай Өтелбаевтың өмір жолына үңілсең, көп жайға көз жеткізесің. Академик тоғыз жасында мектеп табалдырығын аттаған. «Ол кездің мұғалімдері шын ниеттерімен оқытатын, адалдықты алдымен ойлайтын, сол ұстаздарыма өмір бойы қарыздармын. Мен жылдың төрт мезгілінде далада жүретін едім. Тіл жете бермейтін көріністер көз шарамды кеңітіп, қиялыма қанат бітіретін. Ой-өрісіме бір құдіретті күш қуат құйғандай болатын. Қаққан құстың қанатына қарап, қос қолымды сермей беруші едім. Бойымдағы бар жақсы қасиет сол даладан дарыды білем. Неге екенін қайдам, бүгінгі ұл мен қыздың көбі үйкүшік. Батырлар жырын, аңыз әңгімелерді, термелерді қолтықтап жүріп оқыдым. Ондағы отаншылдық рух, елім, жерім деген көріністер менде болсам дегенге ұмтылдыратын. Шіркін деймін қазір: «Патриот бол, қазақ бол, тіліңді біл» дей бергенше, ұрпаққа дарқан даланы аралатып, бабалар болмысымен таныстырып, ұлт құндылықтарымен сусындатса, тіпті денешынықтыру пәнін далада өткізсе ғой. Иә, салтанатты сарай керек. Бірақ ол бала қиялына тарлық ететін секілді. Бір сөзбен айтқанда, алдымен қазақ менталитетін санаға сіңіріп алып, әлемдік деңгейге одан кейін ұмтылсақ ұтылмас едік. Мұндай үлгіні ұлы Мұхаң (Әуезов) өткен ғасырдың он сегізінші жылы «Япония» мақаласында майдан қыл суырғандай етіп айтып кеткен», деп алып: 100-150 жылдан кейін қандай ұлттар өзінің келбетін мәңгі сақтап қалады деген тақырыпты саралаған ағылшын зерттеушілерінің мақаласын есіне түсіріп, қазақтың сол мәңгілік деген тізімге енбей қалғаны үрей туғызатынын айтып, халқымыздың әлі де аздығына өкініш білдіріп, ұлттық ұғымды әлемдік дегенге тели салудан, еліктеп, солықтаудан, тілге құрмет бұқарадан болғанмен, жоғарыдан байқалатын жетімсіздіктің, «жетімдіктің» кесірінен емес пе деген ащы ойды да алға тартты.
Құдай шын талант берсе, адам жарқыраған жағдай болмаса да білім қуаты бойға жинала беретін көрінеді. Мұхтарбай жетінші сыныптан соң, сол заманның техникумына оқуға түседі. Отбасы жағдайына байланысты ауылына қайта оралып, темір ұстасына, тракторшыға көмекші болып еңбекке араласады. Орта білімін кешкі мектепте жалғастырады. Сөйтіп жүріп, қолы қалт етсе, мектеп оқулығынан бөлек математикаға қатысы бар теңдеулерді шығарып жүргенін байқаған үлкендер өздері білетін шот қаққандарды үлгі етіп, «сен мықты бұғалтыр боласың» деп үміт артады екен. Ауыл тірлігіндегі тынымы жоқ қара жұмысты атқара жүріп, кешкі мектепті жақсы аяқтайды. Бішкектегі Қырғыз мемлекеттік университетіне оқуға қабылданады. Мақсатыма жеттім бе деп жүргенде, екі ай өте салып әскерге аттанады. Әскердегі үш жылда да білімін ұштаумен болады. Әскерден бірден университетке келеді. Үш жылдық емтиханды сүрінбей тапсырып, төртінші курсқа өтеді. Сырттайға ауысып, Жамбыл облысының Қаракемер ауылындағы мектепке мұғалімдік қызметке тұрады. Кезекті сессияны тапсыру үшін университетке барса, Мәскеудің М.Ломоносов университеті жақсы оқитындарды сынақ үстінде іріктеп жатыпты. Дүниені түлететін де, түрлендіретін де ақыл-ой ғой. Ақыл-ойға жүгінгеннің жұртта қалмайтыны, жүлделі жерде жүлдесіз қайтпайтыны белгілі. Содан қырғыз ағайындар сырттай оқып жүрген Мұхтарбайды да білім сайысына қосады. «Заочник» топ жарады. Мәскеуліктер оның осы уақытқа дейінгі өткен жолынан хабардар болған тұста: ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Шын дарын жағдайға қарамайды екен-ау деседі. Мәскеу университетіндегі оқуда да оза шабады. Тек білімді ғана бағалаған көңілі ояулар Мұхаңды аспирантураға қалдырады. Бес жылда кандидаттық диссертациясын қорғаса, алты жылдан кейін әлемге әйгілі академик А.Колмогоров басшылық ететін ғылыми кеңесте физика-математика ғылымдарының докторы атанады. Мәскеулік әріптестерімен бірлесіп зерттеулер жасайды, күрделі еңбектер жазады, монографиялар шығарады. Қарым-қабілетін бағалаған тұрғыластары «барлық жағдайды жасалық, осында қал» деген тілектерін жеткізеді. Сол кезде көкейіне бабаларынан қалған «тойған ит» туралы астарлы қағида оралады. «Қой, жағдайды қайтем, өз еліме, өз жеріме кетейін, бар нәрімді қазағыма, халқыма берейін!» деп Алматыға қайтады.
«Ұлтын құрметтеу – ұлтшылдық емес. Ойы озық шын дарын қай заманда да шын мәніндегі ұлтшыл болған. Арғы заманда төрт құбыласы түгел Абайға не жетпей жүр, «қазағым, қайран жұртым» деп кешегі Қаныш ше (Сәтбаев), ұлтының биіктігін мақтан еткен. Мен неге сол үлгімен жүрмеймін. Ұлтын шын сүйген адам турашыл. Жалтақтау, жалпақтау жоқ онда. Күнәдан аулақ. Шала сауаттан, күні үшін қалбақтаған псевдоғалымдар отаншыл емес. Алдымен өзін ойлайды, отырған орнымен өлшенгісі келеді. Ол уақытша, ертең-ақ тарих таразы елегенде белгілі болып қалады. Басқаны қайдам, әлем мойындаған, өзіне сенімді ел математиктерінің құбылып сөйлегенін естідің бе? Жоқ!», деп сұрақты төтесінен қойған оқымысты, Отанына оралған соң, ел ғылымына үлесін қосып, талапты жасты төңірегіне топтастырады. Қызмет ұсынғандарға, қызметім ғылым емес пе дейді. Тілек айтушылар қоймай жүріп, білдей бір жоғары оқу орнына ректор болуға көндіреді. Бірақ құрметі көп болғанмен, басшылар орында дейтін тапсырмалар жүйкесін жұқартып, көрінеу қиянатқа ары жібермей, жауапкершілік деген темір қазық маңдайдан ұрып, «шенеунік болмай-ақ қояйын, соған жаралған адамдардың нанына ортақтасып қайтемін, өмірлік серігім ғылымыма барайын» деп ұсынғандарға рахметін айтады.
Алақандай ауылдан шыққан Мұхтарбай Өтелбаевтың ғылымдағы шыққан шыңы әлемдік деңгейде. Екі жүздің кең мол ішінде теориялық мақала жазса, оның жетпістен астамы жоғары рейтингке ие шетелдік басылымдарда жарық көріпті. Жоғары деңгейдегі бес патент алған. Математикадағы ашқан жаңалықтары сала-сала, айталық спектрлік теориядағы ең қиын екі проблеманы, яғни меншік мәнге әмбебаптық (универсалдық) формула болмайтынын, дифференциялдық спектрге екіжақты шектеу формулаларын дәлелдеп, локолдау принципін ашып, корректі шекаралық есептердің жалпы түрін тұжырымдайды. Бұл әлемдік деңгейдегі жаңалықтар болатын. Ал 1970 жылы белгілі ағылшын математиктері Эверит пен Гирц енгізген Штурм-Лиувилль теңдеу шешімін дәлелдейді. Математика ғылымына «q* – Өтелбаев функциясы» деген функция еніп, дүниежүзілік деңгейге тағы бір саты жоғарылайды. Әзербайжан ғалымы Ф.Әлиев: «Мұхтарбай осы есепті шешті де, спектрлік теорияны мұсылмандардың теориясына айналдырды» депті. Бұл ұлтым деген тұлғаға берілген зор баға екені анық. Жаңалықтың нәтижесіне келсек, есептеу тәсілімен ұшақтарға кететін жанар-жағармайды үнемдеу, мұнай-газ ісін жетілдіру, түйіп айтқанда, отандық өндірісті жүйелі дамытуға септігі мол болмақ. Төрткүл дүние жұрты шек келтірмей отырған Эйнштейннің салыстырмалық теориясын модель тұрғысынан алғанда қате емес, бірақ физиканы толық түсіндіре алмайды деп жар салғанда, бұл не сұмдық деп шыға келгендер көбейіп бара жатқан соң, математика бойынша дей салып, қолға алған ісін жалғастырумен келеді. Дәлелі де дәйекті, «Даму барысы қиялыңды бірте-бірте шындыққа айналдырмай қоймайды. Бір кездері атомды әспеттеп, атом ғасыры дедік. Атом ғасырымыз компьютер ғасырына айналды. Енді робот ғасыры келіп қалды. Біз осыдан тағы құр қалып қоймасақ екен деймін. Мен компьютер ене бастағанда компьютермен есептеу бағдарламасын ұсындым. Бұған біреулер сенбеді. «5 миллион доллар берсе, 5-10 жылдан кейін 1 миллиард, одан да мол қаржы табуға қол жеткізер едім. Бағдарым анық, қол қысқа болып тұр», дедім. Ешкім мән бермеді. Робот туралы да осы ойды алға тартам. Абай айтпақшы, салғырттық танытып, қолды кеш сермей берсек, байлық бола тұрып, оны игілігімізге жарата алмасақ, өзгеге тәуелділіктен оңай құтылмаспыз», дейді ғылым қайраткері. Бұл да ұлтым деген азаматтың шын сөзі екені ақиқат. Ақиқат сөзді аңғарар адам табылып жатса, қане!
Әлемнің назарын аударған «Навье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» деген қырық жылдық еңбегінің жөні де, жосығы да бөлек. «Навье-Стокс» атты есепті ғылыми жолмен шешуге ұсынғалы да жүз жылға таяпты. Сұйықтық пен газ қозғалысына арналған есептің, түп тамырында тайфун, цунами секілді құбылыстың пайда болуынан бастап, аяқталуына дейінгі жағдайларды анықтауға қол жеткізетін теңдеу. Яғни алапаттың алдын алуды көздейді. Алдымен шешу әдісін тауып, ашылған жаңалық жарияланды. Шетел тілдеріне аударылуда екен. Бүгінгідей құбыласы қырық құбылған заманда жаңалықты ұғар құлаққа жеткізіп мойындату да оңай емес. Академик: «Есептің дұрыстығына сенімдімін. Тек түсініп, адал бағалай алатындар табылса. Мақсатқа жетсем, жеткізсе берген жүлдені Түркі дүниесінің игілігіне, нақтылай түссем, киелі Түркістанда математиктердің мұражайын салуға берер едім», дейді өзінен бұрын жұртының ертеңін бірінші ойлайтын, шын мәніндегі зиялы оқымысты.
Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым қазақ жұртының қарымы, қабілеті, қағып алар қағылездігі өзгелерден ерекше екенін, мінезінің даласындай дарқан болып келетінін, арғы замандардың өзінде бәрін болжап отырғанын, береке бірлігі, ұлттық тірлігі – бәрін жіпке тізген гауһар тастай көз алдыға әкеліп, мысалдармен айтқанда, ақсақалдықтан абыздық жасқа жеткенін аңғарғандай боласың. Әсіресе ұлт ардақтыларын тарата келіп, математика ғылымының ізашарлары мен өрен жүйріктерін сөз еткенде, шынында бар екен ғой арыстар дейсің. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Интегралдық теңдеулерді жуықтау шешу» деген тақырыпта физика-математика ғылымдары бойынша кандидаттық қорғаған тұңғыш қазақ Ибадулла Ақбергенов екенін, оның ғылыми жетекшісі Нобель сыйлығының лауреаты Леонид Канторович болғанын, жалындай жанып шыққан азаматты репрессия жалмап, орны ойсырап қалғанын тілге тиек етеді. Оған құрметті аямасақ екен дейді. Ғылымның өрісін ерте аңғарған Д.Қонаев билікке келген соң, салаға серпін келгенін, соның нәтижесінде булығып жатқан бұла таланттар шыққанын, олардың алдыңғы қатарында А.Тайманов, О.Жәутіков, Т.Аманов секілді тарландардың көрінгенін, олардың ізін басқан Б.Оразбаев, Қ.Қасымов, Ө.Сұлтанғазин, тағы басқаларды алға тартады. Мәскеуде А.Колмогоров дарынды балаларға арнап физика-математика мектебін ашса, сондай білім ордасын Алматыда Орынбек Жәутіков жалғастырыпты. Мұхаң Жәутіков атындағы физика-математика мектебі туралы ой сабақтағанда: «Ұлт ұланын ерте ойлаған алып ағалар еді ғой олар. Сол білім ордасынан жүздеген емес, мыңдаған түлек шығып, ел мақтанына айналып келеді емес пе!» дегені бар. Өнегесі бар, үлгісі бөлек сол шоғырдың ісін ілгері жалғаған кеткен жас математиктер: Т.Кәлменов, Р.Ойнаров, М.Мұратбеков, А.Жұмаділдаев, У.Өмірбаев, Е.Нұрсұлтанов, Ш.Смағұлов, Н.Темірғалиев, өзге де азаматтар қазір жарқырап көрінумен қатар, сақа саңлақтарға айналып отыр. 1991 жылы Дүниежүзілік конгресте жария болған айтулы 1000 математиктің 30-ы қазақ ғалымдары болыпты. Соны айрықша атаған профессор, қазақтан шыққан математиктер азуын айға білеген елдерде дәріс оқып жүргенін, соның бірегейі Уәлібай Өмірбаев екенін баса айтты. Шәкірттерінде санамалап Қ.Мыңбаев, Л.Құсайынов, Қ.Оспанов, басқа да алғырларды, топ жарып келе жатқан, Ружанский-Сұраған гипотезасын дәйектеген Дөрбетхан Сұрағанды атады. Қазіргі белгілі математиктердің жартысынан астамы Тынысбек Кәлменов екеуінен түлеп ұшқан түлектер екенін еске салды. «Аз ғұмырда сыйласқанға не жетеді!» деген Мұхаң ізетті інілері, ғылым докторлары Ж.Байгөншеков, С.Әбдіманапов, С.Жусанбаевтарға ілтипат танытады.
Ғұлама ғалымның математика ғылымына қосқан сүбелі еңбегі жоғары деңгейде өз бағасын алып келеді. Халықаралық марапаттардан да кенде емес. «Мен үшін сыйлықтың үлкені – Қазақ елінің Мемлекеттік сыйлығы. Мен алған сыйлық бұрынғыларды айтпағанда, азаттығын алған қасиетті Отанымның математиктерге берген тұңғыш сыйлығы еді», дейді Мұхаң. Ұстазы әрі досы академик В.Садовничийдің «математиканың данышпаны», енгізу теориясымен дифференциалдық теңдеулерді жүйеленгенде академик С.Никольский таңданыс білдіріп, «бірінші көріп тұрмын» депті. Ал өзіміздің айтулы академик Асқар Жұмаділдаев: «Мұхтарбай қазақтың №1 математигі және ол кісіден көп шәкірт тәрбиелеген ғалым жоқ» деуі дараның даралығын көрсетері айдай анық.
Жақында Мұхаңмен тағы дидарластық. Соны ойлардың соқпағын алға тартады. «Ішкі түйсік деген болады. Оның арғы жағында әлемдік құбылыстар жатыр. Оны тап басып тапсаң, ашылатын жаңалығың сол. Мен шешкен есептер – соның нәтижесі. Эйнштейн теориясы мені тың ойларға жетеледі. Бұл да мәңгілік емес, дүниенің бір моделі. Иә, қазірше қолдана береміз. Алтын құрсақты аналар аман болса, ғылымға небір ақыл-ойдың алыптары келеді. Мен қанша теория ашылса да, оның ешқайсысы құпияға толы әлем болмысын толық бере алмайды деген тұжырымға келдім. Бұл саладағы философиялық байламдарымды жақсы дос Ақберген Базарбаевпен бірлікте қарастырып жатырмыз. Ол дін мәселесіне де қатысты. Алланың ақиқатын біле тұра, сан құбылатынымыз бар ғой. Алла адаспа деп ақыл берді емес пе? Соны біліп жүрміз бе? – деген ғалым, – жақсы ісің мен қате қылығыңды сараптайтын екі иығыңда екі періште отыр дейміз. «Егер әр адамның екі иығына екі шифр қойсақ, олар жаман әдеттен арылар еді. Әділ жүрер еді. Ұмытқанын, жаңылғанын еске салып отырар еді, мәңгілік өмір әділдігі осылай қалыптасар еді», дейді. Олар кейбір қарулықтан жалыққан соң, осылай дей ме, қайдам. Бұл да шындыққа айналуы тиіс. Зерделей алсаң, әр ұғымның астарында шындық бар. Алла сөзі бекер емес». Осылай деген Мұхаң жастарға шынайы адалдықпен танылу керектігін тілге тиек етіп, өзіне де, шәкірттеріне де адал, таза, иненің жасуындай ғой деп, болымсызға былғанбауды қатаң талап етіп қоятынын, сырыңды бір алдырсаң, сенімнен қалатыныңды еске салды.
Мұхтарбай Өтелбаев – ғылымда да, өмірде де ындыны таза, тұғыры мықты тұлға.
Сүлеймен МӘМЕТ