• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Қараша, 2022

Отандық локомотив өндірісі мүддесін қорғауымыз қажет

1062 рет
көрсетілді

Ішкі нарықты іркілмей қамтып, экспортты еркін еңсеріп отырған іргелі кәсіпорындар елдің экономикасына ғана үлес қоспайды. Олар шама-шарқынша Қазақстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделін де асқақтатады.

Өндіріс көлемі өсіп келеді

Демек шетел нарығына шық­қан әрбір кәсіпорын ком­мер­циялық мүддеден бөлек, ел­дің намысын да ту етіп ұстай­ды. Сон­дық­тан оларға мемлекет тара­пынан мейлінше оң көз­қарас керек-ақ. Онсыз да бізде мұн­дай кәсіпорындар аса көп емес. Солардың бірі һәм біре­гейі Астанадағы Локомотив құ­рас­тыру зауыты десек қате­леспейміз.

Локомотив құрастыру зауыты – мемлекеттік бағдарлама­ның жемісі. Қазақстанның Ин­дустрияландыру картасына енген бірегей жоба он жылдан аса уақыттың ішінде отандық экономиканың брендіне айналып үлгерді десек ақиқаттан алшақ кетпейміз. Бүгінде біре­гей кәсіпорынның аты мен абыройы алысқа тарап отыр.

Тарихқа зер салсақ, зауытты құру идеясы 2006 жылы басталған. Дәл осы жылы Қазақстан билігі АҚШ-қа ресми сапармен барады. Сол жолы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен General Electric Transportation (Wabtec Corporation) компаниясы арасында келісім жасалды. Келісімге сәйкес, америкалық тарап Қазақстанға Evolution деген сериямен шығатын локомотивтер өндірісінің технологиясын беретін болды. Ал 2009 жылдың 3 шілдесінде зауыт салтанатты түрде ашылды. Осылайша, кәсіпорын шетелдік үлгідегі, жалпақ тілмен айтсақ, «иномарка» саналатын локомотивтерді өндіруге кірісті.

«Локомотив құрастыру зауыты» акционерлік қоғамының мамандарының айтуынша, кәсіпорын 2010 жылдан 2022 жылдың қазан айына дейін 446 локомотив шығарған. Оның 387-сі – жүк локомотиві. Мұндай локомотивтердің 251-і «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының қажеттілігі үшін дайындалған. Ал 36-сы шетелге экспортталған. Сонымен қатар осы уақыт аралығында 57 ТЭП33А тепловозын нарыққа шығарды. Бұлардың барлығы «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» компаниясының игілігі үшін жұмыс істеп жүр. Бұған қоса ТЭМ11А маневрлік тепловозы да құрастырылды. Әзірше оның екі данасы сынаққа шы­ғарылды. Осыдан тура бір жыл бұрын аталған тепловозды сертификаттау жұ­мыстары сәтті аяқталды.

Он жылдан аса уақыттың ішінде зауыт өрлеу кезеңін де, құлдырау кезеңін де өткерді. Былтыр 43 локомотив өндірдік. Биылғы меже де осымен шамалас. Келер жылы 90 локомотив өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұған кәсіпорынның әлеуеті жетеді. Осылайша, өндіріс көлемін біртіндеп ұлғайта берсек деген ниетіміз бар. Сонымен қатар зауыт ел қазынасын салықтық түсімдермен молайтып отырған компаниялардың қатарына жатады.

Детальдың дені – өзімізден

Көпшілік арасында Локомотив құрастыру зауытына қатысты айтылатын екі ұшты әңгіме көп. Көзбен көріп, қолмен ұстамаса да, кейбіреулердің жорта жамандайтын әдетіне салсақ, «мұнда тек шетелден әкелінген дайын құрылғыларды құрастыру ғана жолға қойылған». Шын мәнінде олай емес. Зауытты аралап, цехтардың жұмысымен жақын танысқан адамдар мұның өтірік сөз екеніне бірден көз жеткізеді. Бірден айтайық, локомотивке қажетті үлкен және түймедей детальдың бәрі  осы зауытта әзірленеді.

– Ең алдымен локомотивтің жақтауына қажет ірілі-ұсақты детальдардың бәрі автоматтандырылған құрылғылардың көмегімен әзірленіп, құрастырылады. Осылай процесс бірінен соң бірі жалғаса береді. Қазіргі таңда өндірісті локализациялау деңгейі 32 пайыздан асты. Көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп келеді. Мәселен, 2009-2011 жылдары өндірісті локализациялау деңгейі 11 пайызды ғана құраған. Одан бері көп дүние өзгерді. Біздің мамандар бүгінде локомотив құрастыру кезінде қолданылатын детальдардың 11 200-ін игеріп, өздері жасайтын деңгейге жетті және мұнымен тоқтамақ емес. Өйткені 2023-2025 жылдарға арналған жоспарымыз бар, – дейді Локомотив құрастыру зауытының басшысы Марат Тілеубаев.

Сондай-ақ қазіргі таңда елдегі бір­неше компанияның өнімі Локомотив құрастыру зауытының жұмысына пайдаланылып отырғанын атап өту керек. Мәселен, Петропавл ауыр машина жасау зауыты қосымша резервуарларды, «РИТАМ-Павлодар» компаниясы екі түрлі металл конструкциясын, «Запчасть ЖД» компаниясы резеңке техникалық бұйымдар мен 26 түрлі металл конструкциясын әзірлеп беріп отыр. Сонымен қатар отандық «СтеклоМир» зауыты терезелерді дайындаса, машинист кабинасының қаптамасын BS PROM компаниясы ұсынып отыр. Автоілмек, орталықтандырғыш арқалық, кронштейн секілді қажетті дүниелер Format Mach Company компаниясынан алынады. Бір сөзбен айтқанда, Локомотив құрастыру зауыты осы салада жұмыс істейтін бір­неше кәсіпорынға тапсырыс тауып беріп отыр. Осылайша, өзге де салаларға қосым­ша оң әсерін тигізуде.

– Бірден айту керек, локомотивтердің «моторы» Америкадан жеткізіледі. Өйткені әлемдегі локомотив құрастыра­тын зауыттардың көбі оны General Electric Transportation (Wabtec Corporation)  компаниясынан алады. Сол секілді дөңгелектерді де әзірше шетелден алдырып отырмыз. Бірақ локализациялау жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін Екібастұздағы «Проммашкомплект» компаниясы өндіретін дөңгелектерді пайдалану жағын қарастырып жатырмыз. Бұдан бөлек, локализациялауға қатысты алдағы үш жылға арналған жоспарда дөңгелектерден бөлек, аккумулятор батарейлерін, локомотивтің құйылған бөлшектерін, ернеуліктерді және тағы да басқа дүниелерді өзімізде шығару жос­парланып отыр. Мәселен, отандық Zhersu Power компаниясы ұсынатын аккумулятор батарейлерін қолдануға мүмкіндік тумақ, – дейді Марат Тілеубаев.

Тұтынушылық патриотизм жетіспей тұр

Зауыт басшысының айтуынша, кәсіпорын осы күнге дейін Қырғызстанға – 6, Тәжікстанға – 5, Түрікменстанға – 1, Украинаға – 1, Әзербайжанға – 10 және Молдоваға 12 локомотив экспорттаған. Осылайша, 40 жыл үздіксіз қызмет ететін отандық локомотивтер аталған елдердің көлік-логистикалық әлеуетін арттырған.

Ал ішкі нарықтағы негізгі тұтынушы – «Қазақстан темір жолы». Ұлттық компания локомотивтер санын ұлғайтпақ. Тиісінше, зауыт та алдағы бірнеше жылда өндіріс көлемін ұлғайтуға әзір. Ол үшін Локомотив құрастыру зауыты 2,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды да жоспарлап отыр. Атап айтқанда, қосымша құрылғылар алып, жаңа цехтардың құрылысын бастауға дайын. Қазақстандық мазмұнның үлесін арттырып, 400-500 адамға қосымша жұмыс құруға әзір отыр.

Локомотивтердің стратегиялық та­уар екенін ескерсек, еліміздегі жеке ком­па­ния­лар шетелдік емес, отандық өнім­ге ба­сым­дық беретін жөні бар. Алай­да қазір­гі жағдай біз ойлағандай болмай тұр. Өкінішке қарай, ішкі нарықта Локо­­мо­тив құрастыру зауытының өнім­дерін «Қазақ­стан темір жолынан» басқа бірде-бір компания сатып алмайды. Ал ішкі нарықта локомотивтерге деген қажеттілік бар. Мәселен, кейінгі жылдары «Шұбаркөл көмір» компаниясы 1 жүк локомотивін, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі 1 жүк локомотиві мен 1 маневрлік тепло­возды, «Қазцинк» 5 маневрлік локо­мо­тивті, Ақ­төбе мыс компаниясы 1 маневр­лік тепловоз­ды, ERG компаниялар тобы 2 маневрлік ло­ко­мотивті және «ЖелДорТранс» компа­ния­сы 2 маневрлік тепловозды шетелден ал­дыр­ған. Бұлар­дың арасында тағы бірне­ше ло­комотивке тапсырыс бергендері де бар.

Өкінішке қарай, өзімізде бар өнім­ді басқа елден алдырудың отандық экономика үшін зардабы ауыр екені баршаға мәлім.

Біріншіден, шетелден әкелінген локо­мо­­тивтердің күрделі жөндеу жұмыс­тары тапсырыс жасалған елде орындалады.

Екіншіден, ел экономикасында қалуға тиіс қомақты қаржы шетелге жылыстайды.

Үшіншіден, қажетті өнім сырттан әкелінгендіктен, жергілікті өндірістердегі жұмыс орындары азаяды. Өйткені ішкі нарықта жасалатын жаңа өнімдерге сұраныс болмайды.

Төртіншіден, қолданыстағы инфрақұ­ры­лымдарды өзге елдердің локомотив­теріне лайықтап өзгертуге тура келеді. Мұның бәрі қыруар шығын, көп жұмыс. Осы­ның бәрін көріп, біле тұра ел Үкіметі­нің үнсіз жатқаны ойландырады. Жеке компанияларға отандық өнімді тұтынуға ынталандырса, ұтатын дүниеміз өте көп.

Бұл ретте Үкімет тарапынан қолдау шаралары қарастырылмай отырған жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Өйткені Үкімет бірнеше қолдау шарасын ұсынып отыр. Мәселен, отандық өнімді сатып алу кезінде темір жол операторларының кредиттік мөлшерлемелері субсидияланады. Сол секілді локомотивтердің ескірген моделін импорттаудан қорғау қарастырылған. Каспий бағытын дамыту шеңберінде отандық өнімді экспортқа бағдарлауға басымдық берілген.

Түйін: Экономикада «тұтынушылық патриотизм» деген термин бар. Бұл – отандық өнімді тұтыну арқылы ішкі нарық­ты қолдау. Яғни тығырыққа тірелген экономикаға тірек болу, демеу. Мұны экономиканың жазылмаған заңы, қағазға түспеген қағидасы десе де болады. Еуропа елдерінің көбі дәл осы тұтынушылық патриотизм арқылы ішкі нарықты, отандық өндірісті, жалпы экономиканы алға бастырып отыр. Алайда әлемнің осынау озық тәжірибесі біздің елде кең таралмаған. Сондықтан Үкімет елдегі тұтынушылық патриотизмді қолдауға тиісті жағдай жасаса деген тілек бар. Сонда бір елдің брендіне айналған Локомотив құрастыру зауыты секілді отандық ірі кәсіпорындар да жүрісінен жаңылмас еді.