• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қараша, 2022

Ұлыбританияны ұтты

112 рет
көрсетілді

Шотландияның Глазго қаласында теннистен Билли Джин Кинг кубогы жолындағы жарыс басталды. Әлем­нің ең үздік 12 командасының қатысуымен өтіп жат­қан дәстүрлі турнирдің тұсаукесер кезде­суін жер­лестеріміз кеше Ұлыбритания құрамасымен өткізді.

Қазақстанға қарағанда Ұлы­бри­танияның аталған жарыста жинаған тәжірибесі әлдеқайда зор екені айтпаса да түсінікті. Осы күнге дейін олардың бас жүл­деге қолы жетпегенімен, есесіне төрт рет финалда ойнады. Осы жайттың өзі-ақ көп нәрсені аң­ғартса керек. Тұманды Альбион елінің ең үздік ойыншысы Эмма Радукану бұл жарысқа қатыспады. Кей­бір дерек көздеріне сенсек, былтыр АҚШ-тың ашық бірін­шілігінде айды аспанға шығарып, бас жүлдені олжалаған 19 жас­тағы теннисшінің жарақаты бар көрінеді. Сол себепті де Радукану биыл Билли Джин Кинг кубогінде өнер көрсетуден бас тартқан. Тұ­тастай алғанда, Эмма биылғы мау­сымды жоғары деңгейде өт­кізді деп айта алмаймыз. Же­ңісінен жеңілісі көп болды.

Ал Қазақстан құрамасы сапын­дағы әрбір ойыншы өздеріне ар­тылған жауапкершілік жүгін анық сезінді. Шотландияға келген бетте команда капитаны Ярослава Шведова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазақстанның теннисшілері Билли Джин Кинг кубогінде тұңғыш рет қатысқалы отыр. Сол себепті де осы жарысқа тыңғылықты даярландық. Ұлттық командамыздың туы астына кіл мықтылар жиналды. Бізге тек жалғыз Зарина Диас қана жетіспей тұр. Ол әлі де ескі жарақатынан айыға алмай жүр. Әйтпегенде Заринаның осы турнирде ойнасам деген құлшынысы ерекше еді. Десек те басқа қыздарымыз бабында. Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева талай дүрмекте ысыл­ған сақа ойыншылар екені өздеріңізге мәлім. Анна Да­ни­лина жұптық сайыстарда өзін өте жақсы қырынан көрсетіп жүр. Олардың қатарына Жібек Құ­ламбаева қосылды. Ол да команданы күшейтеді деп ойлаймыз. Бір сөзбен айтсақ, осы жарыста барынша табысты өнер көрсетіп, елге абыроймен оралу үшін барымызды саламыз», деп ақтарыла сөйледі.

Алғашқы болып кортқа Юлия Путинцева мен Кэти Бултер шық­ты. 26 жастағы Лестердің тумасы бұл күндері WTA рейтингінде 124 орында тұр. Жерлесіміз үз­дік­тер тізімінде 51 сатыға жай­ғасқан. Бұған дейін екеуі екі мәр­те кездесіп, екі ретінде де Юлия­ның мысы басым болды. Десек те бұл жолы бірінші сетте Бултер Путинцеваны ұтып кетті. Бірақ бұл жағдай тәжірибелі тен­нисшінің жігерін жасыта алған жоқ. Одан кейін жинақы ойнаған Юлия қалған екі сетті өз пайдасына шешті. 2 сағат 10 минутқа созылған сайыс 4:6, 6:3, 6:2 есе­бімен аяқталды.

– Иә, мен ойынды өте сылбыр бастағанымды мойындаймын. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені, біз жаттығу жасаған корт пен жарыс өтіп жатқан корттың біраз айырмашылығы бар. Соған бейімделу үшін біраз уақыт кетті. Бірте-бірте ойыным жүре бастады. Ақыры жеңіске жетіп, команда қоржынына қажетті ұпайды салдым. Ең бастысы – осы! Ендігі үмі­­тіміз – Елена Рыбакинада, – деп Юлия Путинцева өз ойымен бөлісті.

Келесі кездесу Елена Рыба­кина мен Хэрриет Дарт арасында өтті. Лондонда дүниеге келген Хэрриет те 1996 жылдың тумасы. Әлемдік рейтингте ол 97 сатыға тұрақтаса, Елена 22 орынды иеленген. Еліміздің бірінші ракеткасы бұл бәсекеде қарсыласын бас көтертпей ұтты. Есеп – 6:1, 6:4. Одан кейін жұптық сайыс­ты тамашаладық. Бұл кездесуде Рыбакина мен Анна Данилинаға сенім артылды. Олар Алисия Барнетт пен Оливия Никколстан 5:7, 3:6 есебімен ұтылып қалды. Соған қарамастан Қазақстан құ­рамасы тұсаукесер кездесуін же­ңіспен аяқтады. Келесі кез­десуін жерлестеріміз кеше Испа­ния теннисшілерімен өткізді.

Естеріңізге сала кетейік, Бил­ли Джин Кинг кубогі жолын­да­ғы жарыстың өзге топтарын­да мына командалар өзара шебер­лік көрсетіп жатыр: А тобы – Швейцария, Канада және Италия. В тобы – Аустралия, Словакия және Бельгия. D тобы – Чехия, АҚШ және Польша. Әр топтың үздік командалары жартылай фи­налға жолдама алады. Ал аталған жарыстың жеңімпазы 13 қарашада анықталады.