Кеше Иорданияның астанасы – Амманда өтіп жатқан бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финал жекпе-жектері аяқталып, бас жүлде үшін жұдырықтасатын былғары қолғап шеберлерінің есімі белгілі болды. ½ финалға Қазақстан құрамасы сапынан барған 25 боксшының 21-і (ерлерден – 12, қыздардан – 9 боксшы) шыққан болатын.
Сәрсенбі күні Шәміл Сафиуллин жаттықтыратын Қазақстанның қыздар құрамасы жартылай финалда айқасып, төрт боксшымыз финалда жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, қалған бесеуі жартылай финалда сүрініп, Азия біріншілігінің қола жүлдесін мойнына ілді. Атап айтқанда, 50 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қазақстанның жеті, әлемнің екі дүркін чемпионы (2014, 2016) Назым Қызайбай жапониялық Намики Цукимимен шеберлік байқасып, жеңіліп қалды. Еліміздегі ең даңқты боксшылардың бірі саналатын Назым төрешілердің шешімі бойынша қарсыласына 4:1 есебімен жол берді. Былтыр Дубайда алтыннан алқа таққан отандасымыз биылғы додада сол чемпиондық атағын қорғай алмады. Сөйтіп, Н.Қызайбай қазақстандық боксшылардан бірінші болып ел қоржынына қола жүлде салды.
Сондай-ақ 52 килодағы жерлесіміз Жазира Орақбаева, 66 килодағы Мәдина Нұршаева, Дариға Шәкімова (70 кило) және аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева (+81 кило) жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп, қола медальды қанағат тұтуға мәжбүр болды. Ең өкініштісі, Азия чемпионатын жартылай финалдан бастаған М.Нұршаева мен Л.Күнгейбаева алғашқы жекпе-жектерінде сүрінді. Сөйтіп, жеребе бойынша небәрі екі-ақ кездесу өткізіп, алтын алуға болатын зор мүмкіндіктерін уыстан шығарып алды.
Жартылай финалда Жазира жапониялық Ринка Киноситеден жеңілсе, Азия чемпионы Мәдина Нұршаева кореялық Чой Хон Гюннен айласын асыра алмады – 3:2. Ал Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дариға Шәкімова тайваньдық Чень Ньен Чиньнен 4:1 есебімен ұтылып қалды. Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы, әлемнің (2016) және Азияның (2021) жеңімпазы Ләззат Күнгейбаева үндістандық Альфия Тараннуммен қолғап түйістіріп, Альфия төрешілердің бірауыз шешімімен (5:0) отандасымызды тізе бүктірді. Осылайша, Назымнан кейін шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыз да Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Ал жартылай финалда қарсыластарынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жеткен Алуа Балқыбекова (48 кило), Жайна Шекербекова (54 кило), Карина Ибрагимова (57 кило) мен ауыр салмақтағы Гүлсая Ержан (81 кило) финалда жұдырықтасуға мүмкіндік алды.
Биыл Түркияда ұйымдастырылған бокстан әйелдер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, былтырғы Азия чемпионатының алтын медаль иегері Алуа Балқыбекова бұл жолғы додада да тәуір өнерімен көзге түсті. Жартылай финалда Өзбекстанның мақтаулы боксшысы Фарзона Фозилованың жолын кескен отандасымыз Сары құрлық бәсекесінің финалына шықты. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер бірауыздан жеңісті (5:0) қазақ боксшысына берді.
54 кило салмақта өнер көрсеткен әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы Жайна Шекербекова жартылай финалда тайваньдық Хуан Сяо Веньмен қолғап түйістірді. Хуан Сяо отандасымыздан әлдеқайда бойшаң болса да, сол басымдығын өз пайдасына жарата алмады. Бұл айқаста да қазақстандық боксшы қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Сонымен қатар 57 кило салмақтағы әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері Карина Ибрагимова да жартылай финалда филиппиндік Нести Петесионы айқын басымдықпен тізе бүктіріп (5:0), Сары құрлық додасының бас жүлдесін сарапқа салатын болса, ауыр салмақтағы Гүлсая Ержан да Вьетнам өкілі Тхи Хуонг Нгуенді жеңіп, ертең алтын үшін айқас өткізетін болды.
Кеше Қазақстан ерлер құрамасының 12 өкілі шаршы алаңға көтеріліп, олар да финал жолдамаларын сарапқа салды. Атап айтқанда, күндізгі сессияда Санжар Тәшкенбай (48 кило) үндістандық Говинд Кумармен, Махмұд Сабырхан (54 кило) өзбекстандық Шахзод Музафаровпен, Саматәлі Төлтаев (60 кило) жергілікті боксшы Мохаммад Абу Джаджехпен, Дулат Бекбауов (67 кило) өзбекстандық Асадхуджа Муйдинхуджаевпен, Нұрқанат Райыс (75 кило) ирандық Сейедшахин Мусавинмен, Сағындық Тоғамбай (86 кило) иорданиялық Одаи Рияд Адеальхиндавимен және Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кило) тәжікстандық Мухаммад Аброридиновпен жұдырықтасса, кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51 кило) жапониялық Томоя Цубоимен, Серік Теміржанов (57 кило) үндістандық Хуссам Уддин Мохаммедпен, Асланбек Шымбергенов (71 кило) моңғолиялық Бьямберден Отгонбаатармен, Нұрбек Оралбай (80 кило) иорданиялық Хуссейн Эйшаиш Иашайшпен және Айбек Оралбай (92 кило) ирандық Туфан Шарифимен кездесті.