«Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» дейді қазақ. Егер кеңес заманында халық әділдік партия пәрменімен жеткен болса демократиялық қоғамда тек соттың шешімімен ғана қол жеткізе алады. Сол үшін қазір қоғамдағы соттың ықпалы барынша күшейген, ол түрлі салалар бойынша мамандандырылған, саны да барынша көбейген, сондай-ақ шешімді мәжбүрлеумен орындататын сот орындаушылар институтына да заңмен үлкен құзырет берілген. Алайда... соттардың солқылдақтығы, бірінші шешімінде бір, екіншіде сол шешімге қарама-қарсы басқа шешім шығару сияқты дүдәмал жағдайлар етек алып барады. Солтүстік Қазақстандағы сондай өрескел қылықты төмендегі мақаладан оқи аласыздар.
Петропавл қаласының тұрғыны Мұқаш Қабдіровтің 1928 жылы туған анасы Раиса Розберг неміс қызы екен. 1941 жылы оны отбасымен бірге Дағыстан АКСР аумағындағы Орджоникидзе өлкесінен Қазақстанға күштеп жер аударыпты. Қуғын-сүргін көріп, аш-жалаңаш келген немістерді бұрынғы Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданындағы Жаңакөл деген қазақ ауылына қоныстандырады. Екі халық бірінің тілін бірі білмей, араласа алмай, өзара сыйыса алмай жүрсін деген НКВД жендеттерінің тілегі орындалмай, ежелден жомарт жүректі қазақтар немістерді бауырына тартып, барымен бөлісіп, өз арасына қосып алғанын жақсы білеміз. Кешікпей немістің балалары қазақша үйреніп, есімдерін қазақшаға ауыстырып, еміренген халықтың екі үйінің біріндей араласып кетеді. Раиса да есімін Мәриямға өзгертіп, мұсылман дінін қабылдап, 40-жылдардың аяғында Әбілғазы деген қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Жас отбасы осы аудандағы көршілес Аралағаш ауылына көшуге рұқсат алады. Мәриям «арнайы қоныс аударушы» («спецпереселенец») ретінде үнемі бақылауда болып, есепке тіркеліп тұрады. 1950 жылы Әбілғазының отбасында Мұқаш деген ұлы өмірге келеді.
1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» жөніндегі заңға сәйкес анасымен 1956 жылға дейін бірге тұрған балалары да саяси қуғын-сүргiндер құрбаны ретінде зардап шегуші болып танылады. Бұл өте дұрыс шешім екені даусыз, өйткені бесіктегі Мұқашты уақытында емізуге шамасы болмай анасы Мәриям 15 шақырымдай жердегі «Қарағанды» кеңшарының орталығындағы комендатураға жаяу барып, белгіленіп тұруы міндет болған. Бұл уақытта ашығып, шырылдаған бала бесікте зардап шегіп, қатып-семіп жататын...
Өзінің 1956 жылға дейін қуғын-сүргін құрбаны болғандығын өмір-бақи мемлекеттік қызметте істеп, зейнетке шыққан Мұқаш Қабдіров бертін ғана біліп, 2017 жылдың 6 маусымында Петропавл қаласының №2 сотының судьясы А.Сердалиннің шешімімен (Іс № 5912-17-00-2/4889) бекіттіріп алады. Ал облыстық прокуратура осы шешімнің негізінде Қабдіров Мұқаш Әбілғазыұлын саяси қуғын-сүргіннің құрбаны деп танып, оны ақталған деген анықтама береді (Анықтама №2-1414-17-07038 11.08.17)
Мұқаш Қабдіров қаржы бақылау саласында қызмет істеп, 1997 жылы аудан жабылғаннан кейін Петропавл қаласына көшіп келген еді. Мұнда да ол өзінің мамандығы бойынша қаржы-бақылау саласында қызмет істейді. Ал ол мемлекеттік қызметке жатады.
2010 жылға дейін күйеуге шыққан қызының отбасымен бірге 5 жан екі бөлмелі үйде тұрады. Үй тарлық еткеннен кейін М.Қабдіров мемлекеттік қызметкер ретінде үй-жайын кеңітіп беру құқын пайдаланып жергілікті әкімдікке арыз береді. Осы кезден ол үй-жайын кеңейтушілердің қатарына мемлекеттік қызметкер ретінде кезекке қойылады. 2013 жылы «Қаржы-бақылау саласының құрметті қызметкері» деген №17 нөмірлі төсбелгімен марапатталып, зейнет демалысына шыққанда оның кезегі сәл ғана жылжыған.
2017 жылы М.Қабдіров «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі» заңмен танысады. Оның 20-бабында «Егер адамдар қуғын-сүргіннің кесірінен өздерінің тұрғын үй құқығынан айырылып қалған болса, ал қазір тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж болса, олар кезектен тыс тұрғын үймен қамтамасыз етілуге құқылы» деп жазылған. Мәриям Қабдірова және оның баласы Мұқаш Қабдіров – дәл осындай санатқа енетін жандар. Сондықтан М.Қабдіров өзіне кезектен тыс баспана беруді талап етіп, 2020 жылдың басында жергілікті әкімдікке өтініш береді. Одан еш хабар болмаған соң, екіншіні, одан да хабар болмаған соң 3-рет 18 маусымда жазып, оның бір данасына қабылдаған Оспанова Гүлмира деген қызметкердің қолын «алдым» деп қойдырып алады.
2020 жылғы 21 қазанда Мұқаш Қабдіровтің арызын тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) бөліміндегі комиссия қарап, оған жаңа үйдің 4-қабатынан жекешелендіруге болмайды деп жазылған бір бөлмелі пәтер берген. «Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде салынған бұл үйлер шынында да жекешелендіруге жатпайтын, бірақ заңды негіз болса ондайға кім қарсы тұра алады? Өйткені бағдарлама Үкіметтің қаулысымен бекітілген, ал Жаппай қуғын-сүргін құрбанына берілетін үйдің тәртібі заңмен бекітілген. Ал Заңның күші әрқашанда қаулыдан жоғары.
Бір ғана бөлмелі пәтер берген комиссия М.Қабдіровтің отбасы жандарының саны бесеу екенін, өзінің денсаулығына байланысты 3-топтағы мүгедектігі барын да ескермеген. Сонымен бірге заңға сәйкес мүгедек жандарға үйде жеделсаты болмаса пәтер төменгі қабаттан берілетінін де қаперге алмаған.
Мұқаш Қабдіров 2020 жылдың желтоқсан айында осы мәселелерді көрсетіп және дәлелмен өзіне кеңірек пәтер бөлуді өтініп қайта өтініш жазады. Сол өтініш 2021 жылдың шілде айына дейін қаралмаған. Тіпті қабылдауға жазылса да оны осы мәселемен айналысатын басшы қабылдамаған. Тіпті телефонға да жауап бермеген. Алты аласы, бес бересі жоқ қызметкер өзінің заңды міндетін орындамағаны да сұрақ тудырады...
Әрине, мұндайда зардап шегуші әділдік іздеп сотқа жүгінері хақ. М.Қабдіров те адвокат жалдап, 2021 жылдың тамыз айында сотқа береді. Арызды қараған Ауданаралық арнаулы әкімшілік соттың (ААӘС) судьясы К.Масимова тараптарға келісімге келу туралы ұсыныс жасайды. Оның шарты бойынша тұрғын үй шаруашылық комиссиясы өзінің қыркүйек айында болатын алдағы отырысында М.Қабдіровтің барлық талабын ескеріп, оған 3 бөлмелі пәтер беру туралы шешім шығаруды үш жұмыс күні ішінде қарастырады. Осыған тараптар келісіп қолдарын қояды, анықтама деп аталған бұл құжатты судья бекітіп, бәрі тарайды. Мұндай келісімге жұрттың бәрі разы болар-ақ, бірақ...
Бірақ «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей жүрек талмасымен ауырып, мүгедектік алған Мұқаш Қабдіровті осы келісімді тұрғын-үй шаруашылық комиссиясының отырысына шығарған оның төрағасы айран-асыр қылып, «отбасыңның құрамы туралы, мүгедектігің туралы бізге неге анықтама бермегенсің?» деп тап береді. Ақсақал мұндай анықтамаларды баяғыдан бергендігін айтса, аузын ашқызбайды.
Тіпті сол анықтамалар жоғалып кеткеннің өзінде отырысқа дайындалу барысында тиісті қызметкерлер қайтадан сұратып алуға да болатын еді ғой. Бұл жерде Қабдіровтің емес, өз жұмыстарының шалалығы екені көрініп тұр немесе тіпті қасақана шалалық жасап тұр-ау деген ой туады... Отырыста «мәселені қарау кейінге қалдырылады» деген қорытынды шығарылып, соттың шешімі (анықтамасы) аяқсыз қалады.
Мұқаш Қабдіров келісім туралы анықтама (шешім) шығарып берген ААӘС судьясы К.Масимоваға шешіміңізді комиссия орындамады деп шағым айтып барса, судья арада 3 ай өткенде өз шешімінің орындалуына ара түсе алмайды. Тіпті бюрократ шенеуніктердің жетегіне еріп, «кейінге қалдырылғандықтан» ешқандай шешім шығара алмайтынын айтып, «о привлечении к ответственности ответчиков за неисполнение определения суда соглашения о примирении от 25 августа 2021 года... отказать» деген анықтама беріп, өз шешімін орындатудан өзі бас тартады.
Соттың мәртебесін аяққа таптатқызып, бойкүйездік көрсеткен осындай судьяның ісіне осы мақаланы оқыған Жоғарғы сот басшылары тиісті бағасын берер деген үміттеміз. Әлде бізде судьялардың шала ісіне қолданылатын ешқандай шара жоқ па? Ал соттың осындай табансыздығынан елдің атқарушы билікке сенімі төмендей беретіні жасырын емес. Өйткені халық судьяны, оның шешімін әділдік деп қабылдайды. Шешім орындалмаса, сот жүйесіне ашу-ызасы артады...
Қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының А.Хабибуллин төрағалық ететін комиссиясының қазан, қараша айындағы отырыстары да ешқандай шешім шығармайды. Тіпті ойларына не келсе соны істеп, 70-тен асқан ақсақалды құр әуре қылады. Мәселен, 2021 жылғы 11 қарашада болған отырысында: «За гражданином М.Кабдировым закрепить право временного проживания по адресу: ул. 2-ая Первомайская, д.3, кв.69. ...Так же при очередном строительстве и вводе в эксплуатацию нового объекта и распределении квартир рассмотреть вопрос о предоставлении жилья в новом объекте на жилищной комиссии» деген бас-аяғы жоқ, мерзімі көрсетілмеген, шығарыпсалма шешім шығарады. Сайып келгенде, соттың үш күннің ішінде пәтер мәселесін шешу туралы шешімі осылай тәлкекке айналдырылады.
Өкінішке қарай, Қазақстан сотын ойыншыққа айналдыру одан әрі үдей түседі. К.Масимованың өз шешімін орындатудан өзі қашқан принципсіз қылығын айтып М.Қабдіров Солтүстік Қазақстан облыстық сотына арыз түсіреді. Оны 2022 жылдың 17 қаңтарында Әкімшілік істер жөніндегі алқаның судьясы Н.Шалаева қарап, К.Масимованың екінші шешімін заңсыз деп өзгертіп, ал судьяның бекітуімен жасалған алғашқы бейбіт келісімнің шарттарын орындамаған А.Хабибуллинге 50 АЕК, яғни 153 150 теңге айыппұл салып, сот шешімін 2022 жылдың 15 ақпанына дейін орындауға мерзім береді.
Бұған қарап «бар екен ғой бізде әділетті судьялар» деп бір серпіліп қалған көңіл әрі қарай су сепкендей басылады. Неге?
Өйткені, арада үш ай өтсе де ТКШ комиссиясы оның шешімін орындамаған, соған шара қолдануды өтініп жазған М.Қабдіровтің арызына бағанағы Н.Шалаева енді тұп-тура қарама-қарсы шешім шығарады. Бұл жолы ол өзі айыппұл салған А.Хабибуллинді тіпті: «ответчик не отказывается от исполнения судебного акта», деп 26 сәуірде шығарған шешімінде ақтап алады. Өзінің 15 ақпанға дейін мәселені шешуді міндеттегеніне 2 ай өтіп кетсе де оны мүлде «ұмытып» кеткен сияқты. Сонымен бірге ол талапкер мен оның өкілін айыптап, 15 ақпанда 14 сағат 44 минутта «сағат 17.00-де болатын отырысқа шақырыласыздар», деп уатсаппен жіберілген шақыруға келмегенсіздер деп айыптап, құйқылжытады. Судьяның сыныққа сылтау іздеп, қайтсе де жауапкерді ақтауға тырысқаны көрініп тұр. Тіпті отырысқа 2 сағат қалғанда ғана шақырылғанын да дұрыс деп санайды екен... Мұндай маңызды отырысқа шақыруды өрт шыққандай екі сағат бұрын ғана айтуды ол тіпті айыптап та тұрған жоқ...
Ақырында Н.Шалаева мынадай қорытынды шығарады: «Выводы суда первой инстанции являются обоснованными, материалами дела подтверждаются и требованиям закона соответствует».
Бұл не сонда, Шалаеваға Қазақстан заңдары ойыншық па? Қалай тартса солай бұрылатын арбаның тертесі ме? Бірінші инстанцияның қорытындысы дұрыс болса, ол неге А.Хабибуллинге 153 150 теңге айыппұл салған?
К.Масимованың шешімін өзгерткен бірінші анықтамасында ол: «основанием для отмены определения суда первой инстанции является, согласно подпункту 3 части 1 ст. 427 ГПК, несоответствие выводов суда первой инстанции изложенных в определении обстоятельства дела. Такие нарушения в данном деле установлены» деп жазғаны қайда? Енді соның бәрі дұрыс болып шыққаны ма? Әлде сол екі ортада АПК өзгеріп кетті ме? Әлде... басқа бір құпия, ешкім білмейтін жасырын сыр бар ма?
Айта кететін жайт, Н.Шалаеваның алғашқы анықтамасынан кейін, 2022 жылдың 18 наурызында комиссияның кезекті отырысы болған. Бұл отырыс облыстық соттың судьясы Н.Шалаеваның шешімін толық орындауға тиісті болатын. Бірақ... осы отырыс адамды басыну мен әжуалаудың, ар-намысын аяққа таптаудың ашық көрінісі сияқты. Комиссияның бейнежазбасында мүшелер мәселеге қатыссыз сұрақтар беріп, талапкер мен оның адвокатының жүйкелерін жұқартуға тырысқан. Мысалы, «мерзімсіз» деп берілсе де мүгедектігі бар туралы анықтаманың уақытына шүйіліп, оның заңдылығына шүбә келтірген. К.Мұқышев деген комиссияның бір мүшесі мәселені басқа арнаға бұрғысы келіп, қалада қандай тұрғын үй бағдарламалары орындалып жатқанын сұрап, әңгімені қаралып жатқан мәселеден ауытқытуға тырысқан. И.Коновалов деген біреу «әлеуметтік әлсіз топтарға кімдер жатады» деген сияқты қатыссыз сауалды ортаға тастап, мәселені тіпті алыстатып жібереді. Тіпті қуғын-сүргінге дейін далада тұрғандай: «Шешеңіздің қуғын-сүргіннің кезінде үйінен айырылып қалғанын растайтын анықтамаңыз бар ма?» деген сияқты орынсыз сұрақтарға дейін қойылады. Осылай айналдырумен уақыт созған комиссия ақыры біреуінің ұсынысымен үй бермеу керек, бұрынғы берілген бір бөлмелі пәтерді қайтару керек», деген ұсыныс айтып, ол көпшілік дауыспен қабылданады...
Осындай сұмдыққа қарсы не істеуге болады? Біліктілігі төмен, әділеттікті жақтамайтын адамдарды әлеуметтік маңызы зор комиссияның құрамына кімдер сайлаған? Олар өздерінің сот анықтамасын орындамағаны үшін заң алдында жауап беруге тиісті екенін біле ме? Әлде біздің сот кәсіби біліктілікті ұмытып, ойларына келгенін істей бере ме?
«Жазған құлда шаршау бар ма?», осыдан кейін де Мұқаш Қабдіров Солтүстік Қазақстан облыстық сотына өзінің заңды құқын орындатуды айтып, бірнеше рет арыз береді. Судьялар Г.Едіресова, Р.Оразымбетова, т.б. қараған істер де заңды талапты орындата алмай, аяқсыз қалған. Кейбіреулер бірінші инстанциядағы судьяның шешімінен қате іздейді, кейбірі оны талапкердің қате түсінгенін айтады... Әйтеуір сыныққа сылтау көп.
Бұл жердегі бұлтартпас факт: Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары мәртебесіндегі адамның Заң бойынша тұрғын-үймен қамтамасыз етілетіндігі және тұрғын үй зардап шегушінің отбасы құрамын, мүгедектігін ескеріп жекешелендіру құқымен берілуі керектігі айдан анық талапкердің құқы болса да соны атқарушы билікке Солтүстік Қазақстан соты орындата алмай отыр. Соның кесірінен адам құқы аяққа басылған. Заңның орындалуында табансыздық танытқан судьялар мәселенің мәнісін біржақты түсінетін әкімдік мамандарының ықпалында кетіп қалғаны да көрініп тұр. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» заңда судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады», деп жазылғанын да ескере бермейтін секілді.
Солтүстік Қазақстан облысы