• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Қараша, 2022

«Сұр сертификаттың» әлегі

292 рет
көрсетілді

Кез келген өнімнің қауіпсіздік талаптарынан өткеннен кейін ғана сатылымға һәм тұтынуға жіберілетіні бесенеден белгілі. Бұл үдерісті жалпақ тілмен «сертификаттау» деп жүрміз. Алайда осы бір қатаң талаптың өзін қапысын тауып айналып өтетін пысықайлар бар. Осының салдарынан адал бәсекеге ұмтылған бизнес жапа шегеді.

Сертификаттау қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімді нарыққа жолатпау үшін жүргізілетіні мәлім. Сол себепті қауіпсіз екендігін растаған өнімдерге ғана сәйкестік сертификаты беріледі. Әрбір тұтынушы сатып алатын өнімнің қауіпсіз екендігіне көз жеткізуі керек. Ол үшін дүкендегі сатушылардан өнімнің сертификатын сұрауға құқылы.

Күнделікті тұрмыста шетелден импортталатын өнімдерді де тұтынамыз. Ел аумағына жеткізілген өнім міндетті түрде кедендік рәсімнен өтеді. Кедендік рәсімдеу барысында талап етілетін бірнеше құжат бар. Соның бірі – өнімнің сәйкестігін растау құжаты, яғни өнім сертификаты және өнім декларация­сы. Бұл құжат өнімнің сапасы мен қауіп­сіздігін растайды. Аталған рәсімді өн­діруші мен тұтынушыға тәуелсіз арнайы ұйым жүзеге асырады. Оны көпшілік арнайы аккредитациясы бар сертификаттау жөніндегі орган деп жүр.

Ұлттық аккредиттеу орталығы бас дирек­торының міндетін атқарушы Мақ­сат Айтышевтың айтуынша, сертификат­тау барысында аккредитациясы бар сы­нақ зертханаларының нәтижелері негі­зінде өнімге сертификат беріледі. Сынақ­тан өтпегені сертификат ала алмайды.

– Қазіргі таңда кейбір кәсіпкерлеріміз өнімді сынақтан өткізбей-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды сатып алып жүр. Мұны «сұр сертификат» деп атайды. «Сұр сертификат» – заңсыз әрекеттің белгісі. Өкінішке қарай, заңға қайшы келетін мұндай қадамдар үнемі қауіп-қатерге душар етеді. Өйткені сатып алатын өнімдердің қауіпсіз немесе қауіпті екендігі туралы нақты ақпарат жоқ. Сондықтан мұндай жалған құжаттар өнімнің адам өмірі мен денсаулығына зиян еместігіне кепілдік бола алмайды, – дейді М.Айтышев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 1 630 аккредиттеу субъектісі тіркелген. Оның ішінде 961 сынақ зертханасы және өнімдер мен қызметтердің сәйкестігін растау жөніндегі 75 орган бар. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» заңға сәйкес Ұлттық аккредиттеу орталығы әлгі субъектілердің қызметіне мониторинг жүргізуге құқылы. Осы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша берілген сәйкестікті растау құжаттарына қатысты 137 бұзушылық анықталған. Оның қорытындысы бойынша 1 181 сәйкестікті растау құжаты кері қайтарылған немесе қайта ресімделген. Сондай-ақ бүгінде Ұлттық аккредиттеу орталығы 26 аккредиттеу субъектісінің, оның ішінде 12 сынақ зертханасы және өнімдер мен қызметтердің сәйкестігін растау жөніндегі 3 органның жұмысын шектеген. 

– Орталық техникалық реттеу саласындағы, оның ішінде «сұр сертификат» мәселесін түсіндіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Өнімнің қауіпсіздігін терең түсіну үшін қоғамдық сананы жаңғырту қажет. Өйткені өнімнің сәйкестігін бағалау рәсімі ел тұрғындарының қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін де арттырады. Көптеген компаниялар, жеке кәсіпкерлер мен мамандар өз қызметін қауіпсіздік қағидаттарын, стандарттау жөніндегі техникалық регламенттер мен нормативтік құжаттардың талаптарын сақтамай жүзеге асырып келеді. Сондықтан Қазақстанның бас­тамасы бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия шартының негізінде «Сұр сертификаттармен» күресу шаралары қабылданды. Бұл қадам өнімге қойылатын міндетті талаптарды оңтайландыруды көздейді, – дейді М.Айтышев.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер заңды белден басып берілген «сұр сертификаттармен» күресу жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Мұндай тәсілдер одаққа мүше елдердің сертификатталатын өнімді сынау хаттамаларымен жедел алмасу үшін іс-шаралар жоспарын іске асыруды және өнімді сынау хаттамаларының бірыңғай тізілімін құруды қамтиды. Жедел ақпарат алу үшін одақ мүше елдерден хаттаманы 1 немесе 2 күн бұрын растауға мүмкіндік береді. Бұл «сұр сертификаттарды» тез анықтауға және ел нарығына ықтимал қауіпті тауарларды жібермеуге жол ашады.

Осы орайда Сауда және интеграция минис­тр­­лігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бірнеше бағытта мемлекеттік бақылау жүргізуге уәкілетті екенін атап өткен жөн. Соның ішінде біз тілге тиек етіп отырған аккредиттелген сертификаттау органдары мен зертханаларға бақылау жүргізе алады. Бұдан бөлек, сату сатысында тауарлардың қауіпсіздігіне міндетті талаптарды белгілейтін Еуразиялық экономикалық одақтың 34 техникалық регламентін сақтау арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ зергерлік бұйымдарды өткізу сатысында бақылайды. Бұған қоса өлшеу құралдарын мемлекеттік метрологиялық бақылау қарастырылған.

Техникалық реттеу және метрология комите­тінің төрағасы Қуаныш Елікбаевтың айтуын­ша, ведомствоның аумақтық департаменттері осы жылдың 10 айында мемлекеттік бақылау аясында барлығы 1 326 тексеру жүргізген. Оның 104-і – жоспардан тыс тексеру, 134-і – профилактикалық бақылау, 877-сі – бармай-ақ жүргізілетін профилактикалық бақылау, 227-сі – басқа мемлекеттік органдармен бірлесе жүргізілген тексерулер. Өкінішке қарай, барлық тексерудің 65 пайызынан, яғни 865 жағдайда бұзушылықтар анықталған. Тиісінше, 122 ұйғарым беріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша 155 қаулы шығарылған. Әкімшілік айыппұлдар сомасы 140,6 млн теңгені құраған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 77 пайызға немесе 79,5 млн теңгеге артық.

– 70 аккредиттеу субъектісі тек­серілді. Оның 34-і – сертификаттау жөніндегі орган, 22-сі – сынақ зертханасы, 15-і – тексеру зертханасы. 39 аккредиттеу субъектісінде бұзушылықтар анықталды. Жол берілген бұзушылықтар үшін бірқатар зертхана мен сертификаттау органдарында 4 аккредиттеу аттестатының қолданылуы 6 айға тоқтатылды. Алайда олардың бір бөлігі заңды құқығын пайдаланып, аталған шешімге сот арқылы наразылықтарын білдіріп жатыр. Сондай-ақ оларға 2,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан басқа бұзушылықтар үшін сарапшы-аудиторлардың 4 аттестаты тоқтатылып, 1,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, – дейді Қ.Елікбаев.

Бұл ретте Комитеттің аумақтық департа­менттері «сұр сертификаттар» берілген фактілерді анықтап, заңсыз әрекеттердің күшін жойған. Атап айтқанда, 57 сәйкестік сертификаты, 35 сәйкестік туралы декларация және 13 983 өлшеу құралдарын тексеру туралы сертификат заңсыз берілген.