• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2014

Ізгілікті қоғам көрінісі

320 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар назарына мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау, сақтандыру мен исламдық қаржыландыру, денешынықтыру, сонымен қатар, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізудің заңдық құжаттары ұсынылды. Алдымен палата Мәжіліс депутаты Ә.Рахымжановты Эконо­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайлау мәселесін шешіп алды. Содан соң бастамашысы Д.Назарбаева мен Н.Кузьмин болып табылатын «Қайырымдылық, демеушілік және меценаттық қызмет туралы» және оған ілеспе заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімін белгіледі. Қорытынды әзірлеу үшін «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Сот төрелігінің секторын институттық нығайту жобасы) рати­фикациялау туралы» заң жобасына да нақты мерзім белгіленді. Және де Қаржы және бюджет коми­те­тінің төрайымы Гүлжан Қара­құсо­ваның ұсынысымен «Қазақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне инвести­циялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы күн тәртібіне енгізіліп, қорытынды әзірленетін болып шешілді. Бұдан кейін депутаттар «Қазақ­стан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақ­стан Республикасында тұруға ықтияр­хаты бар тұлғаларға олар­дың мүлікті жария етуіне байла­нысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын бірінші оқы­лымда талқыға салды. Ол бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Оның мәлімдеуінше, аталған заңдық құжатты Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірлеген. Вице-премьер жария ету нысандарына ақша, бағалы қағаздар мен заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі жататындығын ерекше атап кетті. Бұл тізімге тиісті нормалар мен қағидаттарға сай құрылыстар (ғи­мараттар) енгізілсе, олар орна­ласқан жер учаскелері жария ету субъектілерінің меншігінде болуы тиіс. Және де заңдық құжатта тиесілі емес тұлғаға ресімделген құры­лыстар (ғимараттар) мен Қазақ­стан Республикасының шегiнен тыс орналасқан жылжымайтын мүліктер де енгізіліпті.   Сөз орайы келгенде, жария ету­ге же­келеген қылмыстарды жа­сау нә­ти­жесінде табылған мү­лік жат­қы­зыл­майтынын айта ке­ту керек. Оған жеке адамға қар­сы, адам­ның және азаматтың конс­ти­­ту­циялық және өзге құқық­тары мен бостандықтарына, конс­ти­туциялық құрылыс негiздерi мен мемлекет қауiпсiздiгiне, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұ­зу­шылықтар мен қылмыстарды, мем­лекеттiк қызмет мүдделерiне қар­сы өзге де қылмыстарды жасау нәтижесінде алған мүліктер кі­ріп отыр. Жария етілген ақша мен мүлік салық салу мақсатында та­быс ретінде танылмайды және олар­дан жеке табыс салығы алынбайды. Жария етудің ұсынылып отыр­ған рәсімі бойынша ақша екiншi деңгейлi банктерде ашылған арнайы жинақ шоттарында есептелуі қажеттігін алға тартқан Б.Сұлтанов ақшаны бес жыл ішінде банктердің есепшоттарында ұсталатын ақшаға нарық мөлшерлемелері бойынша сыйлықақы есептелетінін де ескерте кетті. Ал ақшаны иесі белгіленген мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, оны мемлекеттік бағалы қағаз­дарды, екiншi деңгейлі банк­тердiң, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, да­му институттарының облигация­лары мен «Халықтық IPO» бағ­дарламасының шеңберінде шы­ғарылатын акцияларды, сондай-ақ, Қазақстан қор биржасында орна­ластыратын өзге де бағалы қағаз­дарды сатып алу жолымен инвес­тиция жасауларына болады немесе объектілерді сатып ала ала­ды. Егер олай істегісі келмеген жағ­дайда сол ақшаның 10 пайызын бюджетке төлемақы ретінде төлеп, өз ырқына қарай жаратады. Мүлiктi жария ету әкімдіктер жанындағы комиссияларға жария ету субъектілері жөніндегі өті­ніштер мен тиісті құжаттарды табыс ету жолымен жүргізіледі. Ал еліміз аумағының шегiнен тыс жерлердегi мүлiкті жария ету үшін 10 пайыз мөлшерінде алым төлеу қажет. Егер иесі бес жылдық мерзімі өткенге дейін арнайы шоттан жария етілген ақшаны алса, екінші деңгейлі банктер жа­рия ету субъектісі ақшасынан 10 пайыз алым ұстап қалады. Жал­пы, заң жобасы бойынша мүлiктi жария ету мерзiмi 2014 жылдың 1 қыркүйегі мен 2015 жылдың 31 желтоқсаны аралығы деп белгіленіп отыр. Талқылана келіп, екі заң жобасы да бірінші оқылымда қолдау тапты. Кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне сақтандыру жә­не исламдық қаржыландыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да (бірінші оқылым) ма­құлданғанын айта кету керек. Мәжіліс депутаты Нұртай Са­бильянов заң жобасы қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасын орындау үшін әзірленгендігін атап кетті. Сондай-ақ, күн тәртібінде қаралған «Денешынықтыру және спорт туралы» заң жобасы мен оған ілеспе заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының мақ­саты денешынықтыру мен спорт саласындағы заңнаманы жетіл­діру, денешынықтыру мен спорт­тың тұрлаулы жүйесін құру. Заң жобасы спортшыларға еліміздің Мем­лекеттік әнұранын білуді мін­деттейтін, спорт түрлері бойын­ша спорттық іс-шараларды спортшы­лармен қамтамасыз етуге, даяр­лауға және қатысуға байланысты қызмет көрсетуге, оның ішінде мем­лекеттік кәсіпорындарда мем­ле­кеттік сатып алу туралы заң­на­маны қолданбай спорттық іс-шара­ларды ұйымдастыруға және өткі­зуге рұқсат ететін нормалармен толықтырылыпты. Сонымен бірге, талқылау бары­сын­да «2010 жылғы 9 желтоқ­сан­дағы Қазақстан Респуб­лика­сының Үкіметі мен Ресей Фе­дерациясының Үкіме­ті арасын­дағы Қазақстан Респуб­лика­сына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-эконо­микалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Хаттаманың мақсаты Қазақстан Республикасының 2012-2013 жылдардағы Ресей Федерациясына мұнайды қарсы жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауды аяқтау, Павлодар мұнай-химия зауытын ресейлік мұнаймен қамтамасыз ету, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының ішкі нарығын тұтынуды жабуға қажетті көлемдерде Ресейде өндірілген жоғары октанды бензиндермен және авиакеросинмен үздіксіз қамтамасыз ету болып табылады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».