Қазақстан мен Солтүстік Македония экономикалық ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Скопье қаласында өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бірінші отырысы соның дәлелі.
Еліміздің Ұлттық экономика министрі, Қазақстан-Македония үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Солтүстік Македония Республикасы Қазақстанның сенімді және ұзақ мерзімді сыртқы экономикалық серіктесі болып саналады.
– Біз үкіметаралық комиссияның қызметін бастай отырып, екіжақты қатынастар тарихының жаңа кезеңін аштық. Елдер арасында нормативтік-құқықтық база құрылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы, қосарланған салық салуды болдырмау туралы негізгі экономикалық келісімдер жасалды, – деді министр үкіметаралық комиссияның бірінші отырысында.
Ә.Қуантыров Қазақстан сындарлы диалогті нығайтуға және Солтүстік Македониямен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін айтты.
– Тауар айналымының көлемін ұлғайту және жеткізілетін өнім тізімін кеңейту бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Қазіргі уақытта біздің алдымызда инвестициялар мен бірлескен өндірістер саласындағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша маңызды міндет тұр, – деді ведомство басшысы.
Бұл ретте Қазақстан Солтүстік Македонияның көлік инфрақұрылымы мен туризмді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
Министр өз сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына ерекше назар аударды. АХҚО ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда оған 1 624 компания тіркелген, оның 664-і – шетелдік.
– Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты. Жеңілдетілген салық режімі қолданылады, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп отырады және инвестициялық жеңілдіктер пакеті кеңейтілуде. Біздің стратегиялық міндетіміз – 2025 жылға қарай шетелдік инвестициялар көлемін жылына 30 млрд долларға дейін ұлғайту, – деп нақтылады Ә.Қуантыров.
Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігі мен Солтүстік Македония Республикасының Экономика министрлігі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Солтүстік Македонияға жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Скопье қаласында Ә.Қуантыров Солтүстік Македония Ассамблеясының (Парламент) Төрағасы Талат Джаферимен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде инвестицияларды өзара ынталандыру және қорғау бағыттары талқыланды. Тараптар Қазақстан мен Солтүстік Македонияның көптеген бағыт бойынша бірлескен жобаларды іске асыру үшін зор әлеуетке ие екендігіне сенім білдірді.
Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Солтүстік Македония Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары, саяси жүйе және қауымаралық қатынастар министрі Артан Грубимен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Атап айтқанда, тұрақты экономиканы қалыптастыру, бизнесті дамыту, инвестицияларды тарту және «жасыл» экономиканы ілгерілету мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар министр Тетово қаласындағы техникалық-өнеркәсіптік даму аймағына барды. Онда қазақстандық делегацияға бұл аймақтың артықшылықтары мен мүмкіндіктері таныстырылды. Мұнда 10 жылдық салық демалысы, қосылған құн салығынан және тауарларды импорттау кезінде кедендік баждардан босату қарастырылған. Негізгі бағыттар – «жасыл» энергия саласындағы жоғары технологиялық жобалар.
Сонымен қатар жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі жергілікті Инновациялар және технологиялық даму қорының директоры Фестим Халилимен кездесті. Қор жеделдетілген технологиялық даму және жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету үшін шағын және орта кәсіпорындарды қолдайды. Өз кезегінде қазақстандық тарап цифрлық даму, венчурлық қаржыландыру, сондай-ақ стартаптарды қолдау бойынша нәтижелерін ұсынды. Македониялық мамандар тәжірибе алмасуға және инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы тауар айналымы 8,9 млн долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,8 есе жоғары.
Қазақстаннан Солтүстік Македонияға бағытталған экспорт осы жылғы қаңтар-тамызда 73,6 есе өсіп, 7,3 млн долларға жетті. Экспорттың өсуі металл бұйымдары мен зығыр тұқымдарын жеткізудің артуымен байланысты болып отыр.
Солтүстік Македониядан Қазақстанға бағытталған импорт 2022 жылғы қаңтар-тамызда 55,1 пайызға өсіп, 1,6 млн долларды құрады. Қазақстанға импортталатын негізгі тауарлар – дәрілік заттар, киім, жылжымалы құрамның бөлшектері, пластмассадан жасалған бұйымдар, оқшауланған сымдар мен кабельдер.