Қытай елінде білімін шыңдаған жамбылдық кәсіпкер Дәулет Әсілтаевтың жаңа жобасы жұрттың көңілінен шығып отыр. Қайта өңдеу цехын ашқан кәсіпкер қоқысқа тасталған қағаз атаулыны кәдеге жаратуға болатынын іспен дәлелдеді. Кәсіпкердің айтуынша, Қытайда жүрген кезінде қайта өңдеудің қыр-сырын әбден меңгерген.
«Упакжум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын өрге домалатып отырған азамат «Тара-Аса» бағытындағы жол бойында жаңа цехтың жұмысын жандандыруға ниетті. Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 80 млн теңге шамасында қаражат жұмсалған. Цехта жергілікті сегіз азамат еңбек етеді. Олардың табысы салыстырмалы түрде айтар болсақ, жаман емес.
«Азия құрлығындағы Тайланд, Қытай секілді өзге де көптеген мемлекетте қайта өңдеу технологиясына басымдық берілгені мәлім. Осындай оңтайлы тәсілдерді оңынан пайдаланғаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Сол себепті де кәсіпкер осындай қадамға барып отыр. Кардоны бар, басқасы бар, кез келген қоқыс қағазы арнайы сүзгіден өткізіледі. Кейіннен бассейндер арқылы қалыпқа келтіріледі. Тазартылып, көбік күйге дейін жеткен қоқыс қағаздары кейіннен құрылғылар арқылы қалыпке түседі. Соңыра жұмыртқа орналастырғыш латоктар дайындалады.
Ұзындығы 80 метрге жететін релстік технологиямен 200 градустағы пеш арқылы тәулігіне 3 тонна қоқыс қағаздарын пайдалану арқылы 40 мың дана латок шығарылып жатыр. Мұның өзі үлкен жұмыс екенін айта кеткен ләзім. Бүгінгі таңда шикізат Ақтөбе, Шымкент, Алматы, Талдықорған, Петропавл қалаларына жөнелтілуде», дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жаңа цехтың жұмысы жайлы пікірімен бөлісіп.
Серіктестік қағаздың килограмын 70 теңгеден қабылдайды. Ал мұнда еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы ай сайын емес, күнделікті төленеді. Олар тәулігіне 7-10 мың теңге шамасында табыс тауып отыр.
«Өңір басшысы Нұржан Нұржігітов жергілікті кәсіпкерлерді қолдау керектігін ұдайы айтып келеді. Бүгінде сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы ауданның даму жоспарында көрсетілген бірнеше тың жоба бар болса, бұл цехтың ашылуы да сол жобамызға сай келіп тұр», дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы