• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Қараша, 2022

Жетісудағы жүздесулер

693 рет
көрсетілді

Өркениет көшіне қосылған ел ретінде дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарды хал-қадерінше уақыт таспасына бедерлеген журналистердің жүгі ауыр. Ақпарат майданында ел мүддесі үшін мысқалдай болса да қарекет жасауға бейіл, тіпті қажет кезінде турап салар наркескендей өткірлігімен көңіліңді көріктей көтеретін қаламгерлер қашанда үлкен құрметке ие. Қашан көрсең қарбалас, қашан кезіксең ақпарат таратуға асығып жүретін ақжүрек ағайынның ойлайтыны – алдымен ел қамы, мемлекет мерейі.

Оқырмансыз газетті, тың­дар­мансыз радионы, көрерменсіз телеарнаны елестету мүмкін емес. Әуелден-ақ қоғам­дағы тыныс-тіршіліктен хабардар қы­лып, халықпен біте қайнасып келе жатқан «Egemen Qazaqstan» және «Казахстан­ская правда» газеттерінің орны ерекше. Шыққанына ғасыр асқан қос газет жыл басынан бері көптеген іс-шараны қолға алып, әртүрлі игілікті істі жүзе­ге асырып келеді. Міне, соның бірі – өңірлердегі оқырманның ойымен санасу. Сол мақсат-мұрат аталған басылым қызметкерлерін Жетісу жеріне же­телеп келді. Талдықорған қала­сындағы Тіл сарайында өткен «Егемен» – ел ішінде» атты жиын­да өзендер өрнектеген өлкенің зиялы қауым өкілдері өзекжарды ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел басындағы байыпты мәслихатты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық фи­лиа­лының басшысы, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін жүргізді. Ол ақпарат құралда­ры­ның қазақ руханиятындағы алар орнын айшықтап, бүгінгі оқыр­манның басылым бетіне бұрын­ғыдай үңілмейтінін сынға алды. Сонымен қатар елдің жү­гін арқалап, бұқара мен билік ара­сындағы алтын көпір мін­детті адал атқа­рып келе жатқан жур­налист ағайынға ал­ғысын біл­дірді.

Алдымен беташар сөз «Казах­станская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаевқа берілді.

«Біздің әріптестеріміз қазіргі қалып­тасқан заман үрдісінен қа­лып қоймай, жылт еткен жаңа­лықтың ізін суытпай, шұғыл түр­де интернет сайт пен әлеу­мет­тік желілерге жүктеп отырады. Қазір дәстүрлі жазылымнан басқа басылымдарға электронды форматта жазылуға да болады. Кейде оқырмандар тарапынан пошта­ның уақытынан кешіктірі­ліп, бір аптаның газетін бір-ақ жиып әкелетіні секілді сын-ескертпелер түсіп жата­ды. Біз осы ретте күн­делікті газеттің электронды нұсқа­сын оқырманға қолжетімді бағада ұсынып келеміз. Алдағы уақытта «Kaspi.kz» арқылы жазыла аласыздар», деді С.Малдыбаев.

Одан кейін кеш модераторы Әміре Әрін «газет оқымау – руханиятқа жасал­ған қастандық» екенін жеткізіп, бүгінгі журна­листиканың бағытына баға берді.

«Бүгінде баспасөзде «күштеп жаз­дыруға болмайды» деген әңгі­мелерді жиі ес­тиміз. Дей тұр­ғанмен, мемлекеттік қыз­мет­керлер, зиялы қауым өкілдері рес­­публикалық, облыстық, аудан­дық басы­лымдарға жазылмайтын болса, билік та­рапынан атқа­рылып жатқан жұмыстар жайын, мемлекеттік саясаттың бағыт-бағ­дарын оқып-білмесе, онда ол қан­дай қызметкер, қайтіп көзі ашық азамат атанады? Бүгінгі күн­нің басты тақыры­бы­на айнал­ған мұғалім мәртебесін кө­теру, дәрігерлер еңбегі мен мем­ле­кет­тік қызметкерлерге жаса­лар же­ңілдіктер, басқа да тақы­рып­тар үнемі газет бетінде қам­ты­лып келеді. Оқырмандарға осы тұрғыдан да түсіндірме жұ­мыс­тарын айту артық етпес», деген Ә.Әрін әрі қарай «Egemen Qazaqstan» газеті бас редак­торы­ның орынбасары Талғат Батыр­ханға сөз тізгінін ұстатты.

«Сынаптай сырғып, желдей жүйткі­ген уақыт ағымындағы ақ­па­ратты ха­лық­қа жеткізуде мер­зімді басылым­дар­дың басты борышы. Қандай да бір істің жүзеге асуы үнжария бетінде жарыққа шығып, жан-жаққа жетіп жатса, құба-құп. Басқаларды білмей­­­мін, ал қазақтілді газет-журналдар­дың негізгі міндеттерінің бірі ұлт ұпайын түген­деу болса керек. Қоғамдық-саяси, әлеу­мет­тік-эко­номикалық мәселелерді көте­ру әрине дұрыс. Бірақ көзі ашық, көкіре­гі ояу көпшіліктің қызығушылығын туғы­зар әдеби-мәдени, тарихи-таным­дық дүние­лердің жөні тіптен бөлек. Өйткені кешегі кеңестік солақай сая­сат­тың кесірінен жұтаңдап кеткен рухани кеңістігімізді толтыруымыз керек. Газетіміздің беттерін пайыммен парақтап көрсеңіз­­дер, біздің осы бағытта еңбектеніп жатқанымызды байқауға бола­ды. Жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғаса бермек», деген ол: «Га­зет – халықтың үні, құлағы мен көзі» деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының даналығын ес­тен шығармау қажеттігін айтып, ойын түйіндеді.

Арнасы кең айбынды басылымдар туралы жетісулық зиялы қауым өкілдері тереңнен толға­ды. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбеков, белгілі журналист, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, «Жетісу» газетінің бас редакторы Болат Абаған, ақын Құрметбек Сансызбайұлы, ардагер журналист Кенжехан Рахыш сынды өңір азаматтары газет құндылығы, оның қоғамдағы салмағы мен руханияттағы маңызы туралы лебізін білдірді. Белгілі қаламгер­лер тағылымды ой айтып, бүгінгі ақпа­рат кеңістігіндегі мәселелерді, ел ішіндегі, саясатта­ғы жаңалықтарды тілге тиек етті. Тұғыры биік басылымдардың ел мүддесіне жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.

«Бала күнімізден жанымыз­ға жақын, көзімізге ыстық көріне­тін республика­лық «Egemen Qazaq­stan» мен «Казахстанская правда» газеттеріне жазылуға өңір жұрт­­шылығы ниетті. Себебі қос га­зетте, ең алдымен, елдің ты­­ныс-тір­шілігінен хабар беріл­се, екін­­шіден, әр оқырманның жү­ре­­гі­нен орын алатын тарихи, әде­би-мә­дени тақырыптарды қам­­ти­тын мақа­лалар жиі жария­ла­­нып тұрады. Өзім де жыл сайын мер­зім­ді басылымға жазылу­ды осы га­­зеттерден бастау қа­жет­тігін айтып отырамын», де­ген об­лыс­тық қо­ғамдық даму бас­қар­масы бас­шысының орынбасары Се­рік Бей­мұханбетов қонақ­тарға ал­ғысын айтып, «Жетісу жау­һары» ат­ты энциклопедияны сыйға тартты.

Көпшіліктің көкейінде бүгіп жат­қан сан қилы дүниені жо­ға­ры жақ­қа жеткізуді мақсат ет­кен газет қызметкерлерінің еңбегі ерен. Дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қо­сып, пайым илеуінен өткізетін сол жур­налистің жұмысын әлеуметтік желідегі ақпараттық сайттар кейде орынсыз сынап-мінейді. Білімсіз блогерлердің жалған ақпарымен ауызданған ағайынның тура жолдан ауытқуы оп-оңай. Сондықтан ресми басылымдардағы шынайы деректерге ден қойған абзал. Бұған басқосуға жиналған жұрт та баса назар аударды.

«Болған оқиғаның тізбесі деген бар. Мысалы, біреулер қазіргі кезде бұ­зылған ғима­рат, жол мә­се­ле­сі секілді жаңалықты жа­­ман жағынан көрсеткісі келіп, ға­­лам­торға салады. Ал басы­лым мем­­лекет қандай жұмыс жүр­гізу­­де, қа­ра­жат бөлінді ме, жоқ па, жос­пары қандай, келешегі не бо­лады деген сұрақтарға жауап бе­ріп, тереңнен зерттелген мақа­ла­лар жариялайды. Міне, осы тұр­­ғыдан келгенде газеттің берер пай­дасы зор. Әсіресе ақпараттық со­ғыс кезінде газет-журнал ауадай қа­жет. Білімді, білікті, елді, жерді қорғайтын ұрпақ газет оқу керек», деді ардагер журналист Нүсіпбай Әбдірахым.

Жиын барысында заманның қиын-қыстау кезінде де өз оқыр­манын жоғалт­паған қос газеттің таралымына тұрақты түрде атсалысып жүр­­ген қарағайдай қа­лың оқыр­ман­дарымен арадағы бай­ланыстың жібін үзбеу басты мақсат екендігі баса айтылды.

* * *

Түстен кейін егемендіктердің келге­нін естіген І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері оларды оқу орнына кездесуге шақырды. Білімгерлер аға буын әріптестерімен дидарласып, қазіргі журналистика туралы кеңінен әңгіме қозғады.

«Журналист – кәделі кәсіп. Себебі ол халықтың атынан сөй­лейді және қо­ғам­ды дамы­туға қыз­мет етеді, – деген Талғат Батырхан жер бетінде дәл осындай артық­шылығы көп, бесаспап болуды талап ететін беделді мамандық сирек екенін жеткізді. – Қай адам тікелей барып Президенттен сұхбат алып, кез келген министрмен, не болмаса Премьер-Министрмен тікелей эфирге шығып, елді толғандырып жүрген мәселелер төңі­регінде сауал қоя алады? Мұндай құзы­рет тек журналистерде ғана бар. Журналистер – қашанда ел жанашыры, оның қамшыгері. Сон­дық­тан таң­даған мамандықтарыңа адал­дықтан айны­маңыздар. Оқы­ңыздар, ізденіңіздер, жазу­дан ­жа­лықпаңыздар, – деді ағынан жарылып.

Студенттер қонақтарға кө­кей­де жүрген сауалдарын қо­йып, бүгінгі журна­листиканың бе­делі турасында ой қозғады. Қос газетке сараптамалық, таным­дық мақалалар жазып, семестр аяқ­тал­ғанда Астанаға барып, практикадан өтуге құл­шынысын білдірді.

«Журналистер ақпаратты та­буға, өң­деуге, таратуға және сақ­тауға міндетті. Сондықтан да біз, аға журналистер, жас маманды іріктеу мен даярлауға жан-жақты көңіл бөлуіміз керек. Бұл ретте бүгінгідей кездесудің маңызы зор. Қо­ғамның рухани дамуына кедергі келті­ретін мәселелер көп. Әйтсе де жас ма­мандардың ынта-жігерін шыңдап, тәлім беруге біз қашанда дайынбыз. Жақсы журналист мансапқұмарлықтан ада болуы керек. Мәселе атақта емес, өмірде салған ізіңде, алған орныңда, еңбегіңде. Қоғамға, туған жеріңе, еліңе қанша­лық­ты септігі тиіп отыр, міне, сол маңызды», деді С.Малдыбаев.

Болашақ журналистер қос газеттегі жандарына жақын жарияланымдарды университет кітапханасынан оқып тұратынын жасырмады. Басқа да басылымдарды қалт жібермей, әлеуметтік желідегі ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізетіндерін тілге тиек етті. Кездесу соңында жас­тар қонақтармен естелік суретке түсіп, шығарып салды.

Газеттің беделі өссе, халықтың да мерейі асқақтайды. Бүгінгі баспасөздің басты борышы – көптің көкейіндегі ойды тамыршыдай дөп баса білу. Бақсаңыз, отаншылдық пен ұлтжандылыққа ұйытар көркем аңсардан туған мәйекті мақалалар өз жемісін беріп жатыр. Оны жер жаннатына арнайы ат басын бұрған ел газеті­нің өкілдеріне деген жетісулықтардың алғаусыз алғысынан-ақ аңғаруға болады.

* * *

Ел ішіне шыққан егемендіктер сондай-ақ Жетісудың шұрайлы бір пұшпағы Ақсу ауданында болып, Ойтоған ауылында орналасқан Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп мұғалімдерімен пікір алмасты. Жыр дүлдүлі туып-өскен ауылдың әкімі Венера Берікқызы бізді жылы шыраймен қарсы алып, жергілікті жағдаймен таныстырды. Оның айтуына қарағанда, мұнда 600-ден аса адам тұрады. Бірі малын бағып, екіншілері егінін салып, күнкөріс қамын жасап жатқан көрінеді. Береке-бірлігі бекем ойтоғандықтар ойын-тойдан да кенде емес екен. Аудан асып, облыс барып, түрлі бәйгеден озып келгендерін олар мақтанышпен айтты. Ауыл басшысы сөз арасында баяғы кеңестік кезеңде салынған клубтың әбден тозғанын, оның орнына жаңа мәдениет үйін салу қажеттігін, алайда тұрғындарының саны бір мыңға жетпейтіндіктен, ондай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отырғандарын өкінішпен жеткізді. Әйтсе де жақсы күннен күдер үзбейтіндіктерін білдірді. Қазақ поэзиясының Құлагері кіндік кесіп, кір жуған ауылда түптің түбінде зама­науи мәдениет отауы шаңырақ көтеретіні­не сенімдері мол.

Бір кездері алты жүз оқушы­ны қамтыған үш қабатты білім ұясында бұл күндері 121 бала оқитынын алға тартқан мектеп директоры Дастан Сағымбаев жас ұрпақты тәрбиелеу жолында өздері атқарып жатқан игі істерге тоқталды. Осы орайда ұстаздар ұжымы айрықша орын алатынын атап өтті.

Бір айта кетерлігі, мектептегі музей өрендерді елді, жерді сүюге баули­тын тәрбие һәм тағылым мү­йісіне айналыпты. Оның іші ауыл та­рихын айшық­тайтын жәді­герлерге тұнып тұр. Әсіресе Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шы­ғармашылығына үлкен мән бе­ріліп­ті. Социалистік Еңбек Ері Құр­манбай Жамбаев бастаған Жақабыл Жанәбілов, Нұрлыхан Ысқақова, Қажыкен Ыды­рышбаев, Саяқ Құрманбаев секілді омыраулары орден, медальдарға толы өндіріс озаттарының суреттері де самсап тұр. Үй-үйден жиналған үлкенді-кішілі ескі экспонаттар да еріксіз көз тартады. Мұның бәрі өскелең өрендеріміздің өткенді танып, білуі үшін қажет екені талассыз.                

* * *

Мектеп мұғалімдерімен бол­ған әңгі­меде де, Ақсу ауданы әкімі­нің орынбасары Ғазиз Отарбаев­пен ой бөліскенімізде де «Egemen Qazaqstan» оқырмандарының қатары былтырғыдан артпаса, кемі­­мейтіні айтылды.

Жалпы, Жетісу жеріндегі жүз­де­­су­­лерде «Еге­менге» деген ел ықы­­­­ласы ерекше екеніне көз жет­кіз­дік.

 

Жетісу облысы