Ақтөбе облысында ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру мақсатында «Білім АLL» жобасы бастау алды. Жобаға материалдық-техникалық базасы нашар, білікті мұғалімдері аз, оқушыларының білім көрсеткіші өте төмен 120 шағын жинақты мектеп таңдап алынды. Бүгінде мұндай мектептерде 10 575 оқушы оқиды.
«Білім АLL» жобасын талқылауға арналған жиында өңір басшысы Ералы Тоғжанов: «Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстанда балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Соның ішінде мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету, интернет байланысын күшейту бойынша ауқымды жұмыс іске асырылуда. Ақтөбе облысында да 2025 жылға дейін 282 мектеп жаңартылады. Қазіргі кезде 114 мектептің пәндік кабинеттері жаңадан жасақталып, мектеп жиһаздары, кітапханалары мен асханаларын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім сапасының алшақтығы ұлғайып барады. Оған әсер ететін бірнеше мәселе бар. Осы кемшіліктерді жоюға, ауыл балаларының білім деңгейін жоғарылатуға «Білім АLL» жобасы оң әсерін тигізетініне сенімдімін», деді. Облыс әкімі бастаманы қолдаған мұғалімдерге алғысын білдірді.
Айта кету керек, қазіргі кезде өңірдегі 424 мектептің 281-і елді мекендерде орналасса, оның 204-і – шағын жинақты мектеп.
«Алға ауданындағы 29 білім ошағының 13-і шағын жинақты мектеп. Мәселен, біздің мектепте 58 бала оқиды. Бұл жоба ауыл мұғалімдеріне тәжірибе жинақтауға және біліктілігін арттыруға тамаша мүмкіндік береді деген сенімдемін», дейді Алға ауданындағы Қарақобда ауылының мектеп-балабақша директоры Еркінбек Зиядинов.
Жобаға енген шағын жинақты мектептердің пән мұғалімдеріне математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндері бойынша Ақтөбедегі 6 жетекші мектептің үздік 25 мұғалімі сабақ береді. Ақтөбенің үздік мұғалімдері дәрістерді негізінен онлайн-сабақтар түрінде өткізеді. Олардың қатарында «Дарын» мектеп-интернаты, «Білім-инновация» лицей-интернаты, мамандандырылған физика-математика лицей-интернаты және тағы да басқа үздік мектептер бар.
«Қала мен ауылдағы білім деңгейін теңестіру мақсатында қолға алынып жатқан жобаның қатысушысы болу – біз үшін үлкен мәртебе. Көп жағдайда ауылдағы дарынды балаларды білікті мұғалімдердің жоқтығынан дер кезінде тани алмай жатамыз», деді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі, Ақтөбе облысының үздік педагогі Нұрбек Абдуллин.
Іріктеліп алынған 120 шағын жинақты мектептегі оқушылардың білім деңгейінің жоғарылауы немесе төмендеуі арнайы құрылған комиссия жұмысының қорытындысы негізінде және оқушыларының тест тапсырмаларын орындауы нәтижесінде бақыланады.
Ақтөбе облысы