Қызылорда қаласында ерекше аялдама пайдалануға берілді. Сыр құтқарушыларының бұл креативті жобасы қалалықтарды қуантып отыр.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мамандарының хабарлауынша, аялдамадан көпшілік өзіне керекті ақпарат та таба алады. Сондай-ақ мұнда қауіпсіздік ережелерімен танысуға да мүмкіндік туып отыр. Жастар үшін құтқарушы мен өрт сөндіруші мамандығын меңгеру, азаматтық қорғау қызметіне жолдама алудың жолдары жайлы мәлімет те бар.
М.Саламатов көшесінің аялдама орналасқан тұсы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жақын. Таяқ тастам жерде өрт сөндіру кезінде опат болған ержүрек өрт сөндірушілерге арналған «Отқа оранған өрендер» атты ескерткіш тұр.
Айрықша аялдаманы қызықтаушылар көп. Біраз жұрт оның жанында суретке түсіп, мәре-сәре болып жатыр.
ҚЫЗЫЛОРДА