• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Қараша, 2022

Ескі жұртты аңсаған Есенбай

324 рет
көрсетілді

Қасиетті қара өлеңнің қадіріне жеткен, сол арқылы талайдың жүрегіне сәуле түсіріп, жан дүниесін елжіреткен ақындарымыздың бірі Есенбай Дүйсенбайұлы. Қазақ әдебиеті әлемінен өзіндік орнын тапқан, поэзия жанрының бүлкілдей соққан тамырын дөп басып, өмір құбылыстарының, оның қалтарыс-бұлтарыстарының, терең сырларының құпиясын өлеңімен ашқан Е.Дүйсенбайұлының шығармалары сөзсіз қазақтың олжасы.

Ақынның өлеңдерінен қазақтың жанын, мұңын, қуанышын, болмысын танисыз, ұлтымыздың ұлы арманын ұғасыз.

«Абайға мұң шағу» атты өлеңінде ақын:

«Алашым деп арман-мұң, қиял әнім,

Абай аға, ақ қағаз сияладым.

Жарлы емеспін, зарлымын мен де сендей,

Ұлтым деуге жат жұрттан ұяламын.

Ғасырда да ел бостан, азат дала,

Қалар емес қашанғы мазақ-таба.

Аузы түкті кәуірге құлдық ұрып,

Айрылмайтын қамыттан қазақ қана», деп Абайға ғана емес бүкіл қазағына мұңын шағады. Одан әрі ақын:

«...Наласы мол намыстың зарлап әнін,

Жыр жазбасқа Абайша бар ма амалым?!

Өзге жұрттан ұялып мен де бүгін,

Жұртым деуге арлымын, арланамын.

Не әкеледі алдағы заман күткен?

Тайғақ боп тұр бүрі жоқ табан біткен.

Алысады бұл ғасыр Абайлары,

Ақылды һәм оқыған надандықпен», деген ақын хакім Абай сынды ұлтының намысын қайрайды, қазақтың өзге жұртпен терезе теңестіріп, өз үлесінен қағылмай, баба жолынан таймай, уақыт көшінен қалмай өркениет өріне қарай ұмтылудағы шабандығына налиды, жаны күйеді. Өз елі үшін жаны шырылдамайтын ақын ақын ба?!

Әркімге туған жері қымбат. Ақын өзінің «Ескі жұрт» деген өлеңі арқылы кіндік қаны тамған жерді, өзі сан жүгірген сағымды белді аңсайды.

«Қант түгіл, қара суын балдай деппін,

Мен ақын баласы едім Қалдайбектің.

Арманның айлы түні адастырып,

Ат ізін сол ауылға салмай кеттім». Қалдайбек – Ақтөбе өңірінде шалғай жатқан ауыл. Сол ауылда Есенбай ақын дүние есігін ашқан.

«Екі-ақ үй Екінші ауыл елдей мекен,

Ерттесем желмаямды, желмей жетем.

Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі

Жылдарға қайта оралғым

келмей ме екен?

Дүние болып еді тар маған да…

Апырмай, ескі жұртқа бармағанда —

Есенбай дейтін сол бір кедей жайлы

Естелік тірілтуге арланам ба?..

...Жырды да, жинап қойып шаруаны да,

Барып бір қайтсам деймін Қалдайбекке,

Әжемнің сәлем беріп аруағына!»

дейді ақын. «Ескі жұртты» оқып отырып, ақын туған өлкені жақын тартып, өзіңізді сол маңның төл баласындай сезінесіз. Жоқшылықпен, таршылықпен, итжығыспен өткен балалық шағының куәсі Қалдайбек ауылы ақын үшін бәрібір қымбат, ыстық. Ол Алатаудың ақбас шыңынан қарап тұрса да өзінің Қалдайбегі, сондағы ескі жұрты өмірге деген көзқарасын қалыптастырған, болмыс-бітімін тәрбиелеген алтын ұясы, бастау-бұлағы екенін ұмытпайды, оны бәрінен биік қояды. Балалық шағы қалған Қалдайбек ақынның кеудесіне өлең құйған киелі мекен. Осындай киелі мекенде өмірге келу ақынға Алла берген үлкен нығмет.

«...Қызыл тілге ерік берсем – қызынып,

Ынжықтанып тұрмаушы едім ызылып...

Қазтуғандар қатарында бармын ба,

Қалдым ба әлде сызылып?!»

депті ақын «Туған күнгі толғаныс» деген ­өле­ңінде. Ертеңіне, дұрысы өлеңінің ерте­ңіне алаң­даған ақын қазақтың жыр керуенін серпілт­кен Қазтуған сынды жүйріктердің көшіне ілесе алмай қаламын ба деген қаупін осылайша жеткізіпті. Біз өз тарапымыздан «Есен­бай аға, сіз Қазтуғандар бастаған ұлы көшпен біргесіз», дегіміз келеді.