• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Таным 16 Қараша, 2022

Ғалидың ғажап аудармасы

461 рет
көрсетілді

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Ғали Ормановтың туғанына – 115 жыл. 1939-1945 жылдар аралығында жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы болып қызмет атқарған қаламгер аудар­­­машылықпен де ай­на­лыс­қан. «Анна Ка­ре­нина» романын алғаш қа­зақша сөй­леткен жазу­шы­ның ең­бегі араға ұзақ жылдар салып қайта басылып шықты.

Қаламгердің мерейтойына орай жазушы Лев Толстойдың «Анна Каренина» романының қазақ тіліндегі нұсқасы қайта жарыққа шықты. Аталған туынды Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен «Мазмұндама» баспасында жарық көрді. Ал­ғашында 500 данамен шыққан еңбек кейіннен оқырмандардың сұранысы бойынша 2000-ға жеткен.

«Биыл қаламгердің 115 жыл­дығы аталып өтілді. «Ан­на Ка­ренина» аудармасының тұ­саукесері – Алматы қаласын­дағы алғашқы іс-шараның бірі. Әрине, бүгінгі кешке ша­қы­рылғандар ақынның туған жері Ақсу ауда­нындағы Қапал, Қоңыр ауылдарынан, жалпы Жетісудан арнайы делегация келіп отыр. Сонымен қатар Ас­та­надағы ақын атындағы мек­тептен де делегация келді. Ата жайлы есте­ліктер айтылды», дейді Ғ.Ор­­мановтың жиен не­мересі Айдар Қырықбайұлы.

Айта кетейік, ақынның аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне тәр­жімәлаған.

Іс-шара барысында «Сырлы сезім ақыны» атты Ғали Орма­новтың шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ақынның қызы Жамиға Орманова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің профессоры Кәкен Хамзин, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қай­рат Мәтіреков, «Қазақстан» ұлт­тық телеарнасының Алматы қала­сындағы филиалының жетекшісі Сәуле Жиреншина, филология профессоры Гүлжаһан Орда, белгілі ақын Бақыт Беделхан қаламгер туралы кеңінен әңгіме қозғап, атқарған еңбектерін саралап өтті.

«Ғали Орманов шығарма­ларының жастарға берері көп. Бірінші кезекте Отанды сүюге, патриотизмге тәрбиелейді. Оның шығармаларындағы туған жер, адамгершілік тақырыбы оқыр­манды елең еткізбей қой­майды. Ол өз дәуірінің ақыны ғана болып қойған жоқ, қазаққа бітпес рухани мұра қалдырып кетті», дейді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Гүлжахан Орда.

Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тарқады.