Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиевпен келісімшарттың ұзартылғанын мәлімдеді. Жаңа келісім 2024 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Ресейлік маманның сәуір айында ғана бас команданың тізгінін ұстап, санаулы айдың ішінде Қазақстан құрамасын толайым табысқа жеткізгенін жанкүйер жұрт жақсы біледі. Сондықтан да ҚФФ басшылығы тәжірибелі маманнан оңай айырылғысы келмей, Адиевпен келісімшартын тағы екі жылға ұзартты. Жыл басында қалт-құлт етіп Ұлттар лигасының «С» дивизионындағы орнын әрең сақтап қалған Қазақстан құрамасын ол төрт айдың ішінде «В» лигасына алып шықты.
Аталған турнирде Қазақстан ұлттық құрамасы алты ойын өткізіп, соның төртеуінде жеңіске жетті. Бір ойында қарсыластарымен тең түссе, тағы бір матчта жеңіліп қалды. Топтық кезеңнің алты матчында жерлестеріміз қарсыластары қақпасына сегіз гол соғып, өз қақпасына алты гол өткізіп алған.
Айта кетейік, Магомед Адиев басшылығындағы Қазақстан құрамасы бүгін Ташкентте Өзбекстанмен, 19 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерімен жолдастық матч өткізеді.