1949 жылы туған Орал қаласының тұрғыны 2022 жылдың 5 қарашасында орманға саңырауқұлақ теруге кетіп, жоғалған. Арада 10 күннен аста уақыт өтсе де азамат әлі табылмады, деп жазады Egemen.kz.
Тәулік бойы үйге оралмаған тұрғынның туыстары 6 қараша күні Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментіне жүгінеді.
Егде жастағы адамды іздеуге «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылған. Қазір жалпы ауданы 56 км2 орман және 25 км су аумағы зерттеліпті. Десе де нәтиже жоқ.
Сондай-ақ, құтқару-іздестіру жұмыстарына 6 қарашадан бері құтқарушылар, полицейлер мен еріктілер, жергілікті тұрғындар, орманшылар және әскери қызметкерлер атсалысып жатыр. Жалпы 325 адам және 41 бірлік техника жұмылдырылған.
Туыстарының айтуынша, жоғалған адам есте сақтау қабілетінен айырылмаған, алкоголь сусындарына әуестігі жоқ. Сонымен қатар, жоғалған тұрғын өзімен ұялы телефон алмағаны да белгілі болды.
Құтқарушылар жоғалған азаматқа қатысты қандай да бір ақпарат болған жағдайда «112» немесе 51-42-22 (БҚО ТЖД кезекші бөлімі) нөмірлері бойынша хабарлауды сұрайды.