Таиландтың Самутпракан қаласында ұйымдастырылған су добынан Азия чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша, ерлер бәсекесінде сынға түскен Қазақстан құрамасы жартылай финалда Жапония спортшыларына жол беріп (20:4), қола жүлдеге таласу мүмкіндігіне ие болды. Бұл сында Дамир Темірханов баптайтын еліміздің су добы шеберлері Ираннан басым түсіп (8:5), Азия біріншілігінің қола жүлдесін мойындарына ілді.
Ал Андрей Сазыкин жетекшілік ететін Қазақстанның әйелдер құрамасы да Сары құрлық додасының жүлдегері атанды. Олар үшінші орын үшін өткен бәсекеде Таиланд спортшыларымен шеберлік байқасып, бақандай тоғыз ұпай айырмашылығымен тізе бүктірді – 14-5. Сондай-ақ Қазақстан құрамасының ойыншысы Дарья Муравьева биылғы Сары құрлық додасының үздік сұрмергені атанды. Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы осы жетістігінің арқасында келесі жылы Жапонияның Фукуока қаласында алауы тұтанатын су спорты түрлерінен ХХ әлем чемпионатына жолдама алды.