Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті кездесуін сырт айдында Екатеринбургтің «Автомобилист» ұжымымен өткізді.
Бірер күн бұрын Өфеде «Салават Юлаевты» сан соқтырып, плей-офф аймағына қайта оралған жерлестеріміз бұл турда «Автомобилисттен» айласын асыра алмады. Жергілікті «Уралец Аренада» өткен бәсекеде айдын иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Кездесу басталған бетте «Автомобилист» ойыншылары басымдықты өз қолына алып, «Барыс» қақпасының маңайында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде, ойынның алтыншы минутында Ник Эберт есеп ашып, ресейлік клубты алға шығарды.
Үзілістен кейін Андрей Скабелка шәкірттері таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен, оларға бұл ойында шайба соғу мүмкіндігі бұйырмады. Есесіне, 36-минутта айдын иелерінен Брукс Мэйсек мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды – 2:0. Үшінші кезеңде командалар гол соға алған жоқ. Енді «Барыс» Қазақстанға оралып, 19 қарашада Хабаровскінің «Амурымен» кездеседі.