• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2014

Маңызды міндеттер межесі

219 рет
көрсетілді

Осы аптада Үкімет отырысында бірнеше маңызды мәселе, атап айтар болсақ, жылу-энергетика кешенін дамыту, инвестиция тарту, көктемгі дала жұмыстарының барысы, техникалық реттеуді дамыту жоспары, сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары қаралды. Электр энергиясын экспорттаймыз Отырыстан соң Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, баспасөз мәслихатын өткізген Үкімет мүшелері аталған мәселелер жөнінде баяндап берді. Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технология­лар министрі Әсет Исекешев Үкімет отырысында талқыланған еліміздің 2030 жылға дейінгі отын-энергетикалық кешенін дамыту тұжырымдамасына тоқталды. Ә.Исекешевтің айтуынша, құжат Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп әзiрленген. «Мұнда қуаттың балансы 2030 жылға дейiн көрсетiлген. Бiзде үш аймақ бар: оңтүстiк, солтүстiк және батыс. Ол баланс 2030 жылы бiзде электр энергиясынан тапшылық болмайтындай етiп жасалды. 2030 жылға қарай атом электр стансалары энергобалансқа кiретiндiктен, қосымша қуат пайда болады. Бiздiң электр энергиямыз экспортқа шығады», дедi ол. Ә.Исекешев сондай-ақ, бүгiнгi таңда жаһан­дық сын-қатерлерге байланысты энер­гетикадағы инвесторлардың ойын ереже­лерiн өзгерту қажеттiгi туындап отырғанына тоқталып, қазiргi уақытта электр энергетика­сы саласында жекешелендiру жүрiп жатқа­нын, сондықтан саланың дамуына қажет­тi құрылымдық өзгертулер аталмыш тұжырым­дамада көрсетiлгенін, онда бiрнеше блоктар, мәселен, электр энергетикасы, уран өндiрiсi, көмiр өнеркәсiбi мұнай-газ секторы қамтылғанын айтты. Мұнымен қоса, тұжырымдамада электр энергетикасының нысандарына инвес­торлар тарту қарастырылған. Осы орайда бұл саланы тартымды етудiң кешендi шаралары жасалған. «2030 жылға дейін Қазақстан­ның отын-энергетикалық кешенін дамыту тұжырымдамасы аясында басты электр стансалары үшін «белгіленген кірістер» ұғымы енгізіледі, деді Ә.Исекешев. Электр энергетикасы саласындағы рет­теу бағаның өсіміне жол бер­меуі тиіс. Яғни, генерация секторы бойынша маржиналдық кірістерден кету мақсатында «белгіленген кірістер» ұғымы енгізілгелі отыр. Вице-премьердің айтуынша, тарифтік саясат пен жеке инвесторлар үшін саланың тартымдылығын сақтау арасында балансты табу өте маңызды болды. Бұл тарифтік саясатқа сәйкес болуы тиіс. Исекешевтің айтуынша, сондай-ақ, нарықтағы үдеріс ашық болуы үшін барлық ойыншылардың – өндірушілер мен тұтынушылардың қатысуымен нарық кеңесін құру жоспарланған. Қазақстан 2013 жылы 22,5 мың тонна уран өндiргенін атап өткен ол атом саласы жанармай-энергетика кешені саласының маңызды құрамдас бөлiгi болып табылатынына тоқталды. «Қазақстан қазiргi уақытта уран өндiрiсi бойынша әлемдiк көшбасшы болып табылатындығын бiлесiздер. Бiз 2013 жылы 22,5 мың тонна уран өндiрдiк. Бiз, өкiнiшке қарай, уранды тек өндiремiз. Ал 2030 жылға арналған жанармай-энергетика саласын дамытудың кешендi тұжырымдамасында саланың ең бас­ты мiндетi ретiнде елiмiздi ядролық отынды толық циклда игеретiн мемлекет етуді мақсат етіп отырмыз», дедi Ә.Исекешев. Вице-премьер сөз арасында Ресейге бағытта­латын қазақстан­дық көмiрдiң экспорттық көлемi азаятыны жөнінде де айтып өтті. «Бiз былтыр 112 млн. тонна көмiр шығардық. 2030 жылы 100-120 млн. тонна дәлiзiнде қалуды жоспарлаудамыз. Бұл 2030 жылға дейiн көмiр жылу электр стансаларының негiзгi ресурсы болып қалатынымен байланысты. Дегенмен, биыл Ресейге экспортталған көмiрдiң көлемi 30 млн. тонна көлемiнде болды және ол төмендей бастады», деді Ә.Исекешев. Оның сөзiне қарағанда, ұзақ мерзiмдi кезеңде жаңа сатып алушыларды іздестіру қажет. Яғни, Еуропаға, Қытайға және өзге де нарықтарға шығатын экспорттық мүмкiндiктер қарастырылмақ. Газ өндірісі қарқын алмақ Тұжырымдамаға орай Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қара­балин да қосымша баяндама жасап, жылу-энергетика кешенін дамыту шараларына орай өз саласында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді. Оның айтуынша, Қазақстанда 2030 жылға қарай газ өндіруді 60 млрд. текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Қазіргі күні бұл көрсеткіш 40 млрд. текше метрді құрайды. Ал жер қабатына қайта енгізілетін газдың көлемі шамамен 25 текше метр көлемінде болжанып отыр. Министрдің атап өтуінше, тауарлық газ өндірісі 21 млрд. текше метр деңгейінде тұрақты сақталатын болады. Ал 2030 жылға қарай жер қабатына қайта айдалатын газ көлемін азайту есебінен тауарлық газды 35-40 млрд. текше метрге жеткізу көзделуде. «Біздің газ қорымыздың шамамен 80 пайызы ілеспе, мұнай газы болып саналады. Яғни, ол мұнай өндірісімен тығыз байланыста және соған орай мұнай өндіру де біз алатын газды қалай таратуымызға байланысты. Біріншіден, біз алынған газдың бір бөлігін сатсақ, қалғанын сұйық көмірсутегін өндіру үшін жер қойнауына кері айдаймыз», деді министр. Оның атап өтуінше, әлемде аса жоғары белсенділік газды қайта өңдеу салаларында анық байқалады. Осыған байланысты министрлік Елбасының тапсырмасына сәйкес газ саласын дамытудың арнайы тұжырымдамасын жасауда. Бұл ретте «осы құжат үстіміздегі жылдың төртінші тоқсанында Үкімет қарауына енгізілетін болады. Бұл тұжырымдама отандық газ өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді», деді Ұ.Қарабалин. Икемді инвестициялық ахуал Үкімет отырысында сондай-ақ, Эко­но­мика және бюджеттік жоспарлау министр­лігі ұсынған Шетелдік және отандық тікелей инвестицияларды тарту бойынша іс-шаралардың кешенді жоспарының және инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заңның жобалары қаралып, мақұл­данды. Бұл жөнінде брифингте Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министр Марат Құсайынов мәлімдеді. Кешенді жоспар инвестициялық заңнаманы жетілдіруге, шетелдік жұмыс күшін тартуды, визалық режімді жеңілдетуге және тағы басқа да бірқатар шараларға бағытталған. Заң жобасы инвесторлармен жасалатын келісімшарттардың тетіктерін қайта қарауды, инвестиция­лық артықшылықтарды кеңейтуді, сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсартуды көздейді. Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жетіл­діру бойынша заң жобасы аясында экономиканың басымдықты секторларында құны 20 млн. доллардан кем болмайтын инвестициялық жобалар үшін ынталандырулар паке­тін қарастыру жоспарланған. Бұдан өзге, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін экономиканың нақты секторына арналған тариф­тердің бол­жам­дылығын қамта­масыз ету жолымен ұзақ мерзімге табиғи монополияның барлық субъектілеріне тарифтердің шек­теулі деңгейін бекіту қарасты­ры­лады. Сонымен қатар, инвес­тор­лардың мүдделерін және құ­қы­ғын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында заңды негізде «ин­вес­­ти­циялық омбудсмен» институты енгізілуде. Заңнамамен Салық кодексіне, инвестициялар, табиғи мо­но­полиялар және реттелетiн на­рық­­тар, халықты жұ­мыс­пен қам­ту, халық­­тың көші-қоны ту­ра­лы заңдарға өзгеріс­тер мен толық­тыру­лар енгізілуде. «Жасалатын келісім-шарттар шең­берін­де инвесторларды мемле­кеттік қол­дау­дың қосымша шара­лары енгізіліп отыр, олардың ішінде 10 жылға КТС төлеу­ден босату, 10 жылға жер салығын төлеу­ден босату, 8 жылға жылжымайтын мү­лікке салық төлеуден босату, ны­сан пайдалануға берілгеннен кейін мем­лекет тарапынан инвесторлардың күр­делі шығындарын 30%-ға дейін өтеу қарастырылған», деді М.Құ­сайынов. Бұдан өзге, инвестор­лармен келісімшарт жасасқан сәттен бастап 10 жылдық мерзімге салық став­ка­­лары­ның (ҚҚС және акциздерден басқа), экологиялық төлемдер мен алым­дардың «тұ­рақ­тылығын» енгі­зу көзделіп отыр. Сонымен бірге, жасалған келі­сімшарттар шеңберінде инвес­торларға инвестициялық жо­баны іске асырылудың бар­лық мерзімінде және нысанды пайдалануға бергеннен кейін бір жыл бойы квотасыз және рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін тарту құқығы ұсынылады. Ең бастысы, инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі заң жоба кешенді жоспарды іске асыру үшін әзірленген және инвес­торлармен жасалатын инвестициялық келісімшарттардың тетігі мен шарттарын қайта қарауды, инвестиция тартуды, сондай-ақ, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша шараларды көздейді. Егіс жұмыстары аяқталуға жақын Қазіргі маусымда маңызы артып, қызу жұмыс жүріп жатқан саланың бірі – көктемгі егіс жайы. Үкімет отырысында бұл мәселе де кеңінен талқыланып, атқарылған жұмыстар жайы пысықталды. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндады. Министрдің мәлі­ме­тін­ше, «Ағымдағы жылы ауыл­­­­­шаруашылық дақылдарын 21,8 миллион гектар аумаққа егу жос­пар­ланған, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 313 мың гектарға көп. Астық дақылдарын себу ауданы 15,9 миллион гектарды, оның ішінде бидай 12,8 миллион гектарды құрайды. 27 мамырдағы мәлімет бойынша, жүгері мен күрішті есепке алғанда, дәнді дақылдарды егу жұмыстары 9,4 млн.га немесе жоспарланған алқаптың 62%-на жүргізілді, 2 млн.-нан астам гектарды майлы дақылдар егістіктері алды. «Бүгiнгi жағдай бойынша, жаздық дәндi дақылдарды егу 9244,9 га немес­е жоспарланғанның 61,9 пайыз алқа­бына жүргiзiлдi», дедi министр. Оның айтуынша, оңтүстiк аймақтарда жүгерi мен күрiштен басқа жазғы дәндi да­қыл­дарды себу аяқталды, батыс пен шы­ғыс өңiрлердегі облыс­тарда жоспар­лан­ғанның 79 пайызы шамасында жүргiзiлдi. 34 мың грант бөлінеді Ал қазіргі науқанның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу төңіре­гіндегі қарба­лас. Бұған дайындық барысын Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов баяндады. Министрдің айтуынша, ҰБТ-ға үстіміздегі жылы 133 226 түлектің 92 077-сі қатысады. Сынақ­ты 63 603 түлек қазақ тілінде, 28 447 түлек орыс тілінде тапсырады. Сон­дай-ақ, ҰБТ форматы өзгермейді. Базада 14 пән бойынша 170 мыңға жуық тест тапсырмасы бар. Оның ішін­де биылғы жылы шамамен 50 мың тест тапсырмасы пайдаланылады, олардың 14 мыңы биыл әзірленген. Министрдің айтуынша, тест тапсырмалары базасын жаңарту пайызы пәннің талап етілуіне байланысты. 2009-2013 жылдары ҰБТ-ны талдау көрсеткендей, жиі таңдалатын пәндер физика, биология және география болып отыр. ҰБТ 2 маусымнан бастап 8 мау­­сым­­ға дейін 155 арнайы жабдықталған пункт­­­терде өтеді. Барлық пункттерде штаб­тар мен мемлекеттік комиссиялар қа­лып­тастырылған. 107 ҰБТ өткізу пунк­­ті аудан орталықтарындағы мектеп­терде, 48-і облыстық және Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орын­дарында орналасады. «Барлығы 1585 ау­дитория қолданылады, БҒМ-нен 1700 ба­қылаушы жіберіледі. Базадағы тест тап­сырмаларының жалпы саны 176 мың­ды құрайды. Оған қосымша 14 мың тест тапсырмалары әзірленді», деді А.Сәрінжіпов. Бiлiм және ғылым министрлiгi ҰБТ кезiнде ақпараттардың Whats App және Viber арқылы тарап кетуінен қауіптеніп отырғандарын да жасырмады. Оның мәлiметтерiне қарағанда, қауiпсiздiк шараларын сақтау, ҰБТ-ны объективтi және ашық өткiзу үшiн дәстүрлi түрде барлық жерде техникалық құралдарды: 1108 сымтетiк дыбысын тұншықтырғыш, 402 металл iздегiш және 1585 камера мен бейнекамера қолдану жоспарланып отыр. Дегенмен, ҰБТ өткiзу кезiнде жергiлiктi атқарушы билiк аумақтық бiлiм саласындағы бақылау департаментiнен өз аймақтарындағы ҰБТ нәтижесiнiң жоғары болуын қамтамасыз етудi талап ететiндiктен, мемлекеттiк комиссия мүшелерi ҰБТ өткiзу ережелерiн бұзып, бейнекамера мен сымтетiк дыбысын тұншықтырғышты өшiруге, металл iздегiштi дұрыс қолданбауға, түлектерге ұялы телефон, «шпаргалка» алып өтуге жол бередi. «Сол себептен ҰБТ кезiнде ақпараттардың Whats App және Viber сияқты заманауи технологиялардың көмегiмен жарияланып кету қаупi артуда», деп атап өтті БҒМ басшысы. Білім және ғылым министрі биыл­ғы жылдың гранттары жайында да ақпаратпен бөлісті. Ми­нистр­дің мәліметінше, ағымдағы жылы шамамен 34 мың грант бөлінеді. Оның шамамен 12 мыңы техникалық мамандықтарға бес мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарға, ал 2600-дейі ауыл шаруашылығы мамандықтарына беріледі. Министрдің атап өтуінше, мәселен, талапкер ұлттық жоғары оқу орнына түсу үшін – 70, аграрлық университеттерге – 60, ал қалған оқу орындарына 50-ден жоғары балл жинауы тиіс. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».