Бірер күннен соң, анығын айтқанда алдағы жексенбі күні Қатар астанасы – Дохада кезекті әлем чемпионатының алауы тұтанады. Бұл дегеніңіз, ендігі бір ай бойы ала допқа арбалған футбол жанкүйерлері түнде түсінен, күндіз ісінен айырылмақ. Чемпионат біткенше футболдан ептеп хабары бар жанның бәрі Аргентина құрамасына ақылшы, бразилиялықтарға бапкер, Сенегалдың сүрінбеуіне тілекші болып, Англия мен Германия құрамаларының тамаша ойындарына мәз күй кешеді.
Ерекшелігі көп чемпионат
Реттілік бойынша 22-ші рет ұйымдастырылып жатқан әлемдік доп додасы бір ай бойы Қатардың бес қаласындағы 8 стадионда өтеді. Бір айта кетерлігі, биылғы әлем чемпионаты – кейінгі 20 жылдың ішінде Азия құрлығы мен Араб елінде, оның ішінде жалпы мұсылман әлемінде тұңғыш рет өтейін деп отыр. Сонымен қатар Қатардағы футбол мундиалі әлемнің 32 құрамасы қатысатын соңғы әлем чемпионаты болмақ. 2017 жылы ФИФА президенті Джанни Инфантино келесі, яғни 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлемдік доп додасынан бастап Жер-жаһанның 48 құрамасы қатысатынын мәлімдеген еді. Ал 32 құрама өнер көрсететін әлем біріншілігі 1998 жылдан басталған еді. Оның алдында ФИФА тек 24 құраманың қатысуына мүмкіндік беріп келген болатын.
Ал биылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі – төрт жылдық футбол тойының әдеттегідей жаз мезгілінде емес, күздің соңы мен қыстың алғашқы айында өткізілуі болып тұр. Бұған басты себеп – Қатар мемлекетінің климаттық жағдайы. Яғни әлемнің ең ыстық елдерінің қатарына жататын аталған елде жаз мезгілінде ауа райының орташа температурасы +40°C маңайында болады. Ал мұндай ыстық ауа райында доп тебу футболшылардың денсаулығына кері әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, тамағы құрғап, әлі кеткен футболшылардың алаңда еркін көсіле алмайтыны және белгілі. Сондықтан ұйымдастырушы тарап пен ФИФА басшылығы ортақ мәмілеге келіп, биылғы әлем чемпионатын мәжбүрлі түрде жаз мезгілінен қыс мезгіліне ауыстырған еді. Дегенмен қазірдің өзінде Дохада ауа райы 25-30 градусты көрсетіп тұр. Осылайша, Қатардағы дүниежүзілік доп додасы қыс мезгілінде өткен бірінші әлем чемпионаты ретінде тарих жылнамасына енеді.
Қатардан да, қатардан да қалғандар
Өкінішке қарай, жарақатына және ұлттық құрамадағы бәсекелестіктің жоғары болуына байланысты биылғы әлем чемпионатында бірқатар жұлдыз футболшының өнерін тамашалай алмаймыз. Атап айтар болсақ, 2018 жылғы әлем чемпионатында Франция құрамасының топ жаруына сүбелі үлес қосқан жартылай қорғаушы Н’Голо Канте мен Поль Погба, Нидерланд құрамасының капитаны Джорджио Винналдум, Бразилияның жартылай қорғаушысы Филипп Коутиньо, Португалия өкілі Диого Жота мен Германия құрамасының шабуылшысы Тимо Вернердің әлем чемпионатына қатыспайтыны белгілі болды. Сондай-ақ 2012 және 2019 жылдары Германияның жыл футболшысы атанған Марко Ройс биыл да жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатыса алмайды. Жарақатына байланысты бұған дейін екі Еуропа біріншілігіне бара алмаған Ройс енді екінші әлем чемпионатында да доп теппейді. Ол дәл осындай себеппен 2014 жылғы Бразилиядағы әлем біріншілігінен де тыс қалған еді.
Осы орайда, былтыр Еуропа чемпионатында топ жарып, үш рет әлем чемпионатының кубогін басынан асыра көтерген Италия футболшылары биылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмағанын айта кеткен жөн. «Скуадра адзурралықтар» 2018 жылы Ресейдегі әлем біріншілігінен де тыс қалғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Ал Сенегал құрамасының бас жұлдызы саналған Садио Маненің де әлем чемпионатына қатыса алмайтыны туралы ақпарат тараған еді. Бірақ кейіннен Маненің Қатарға баратыны белгілі болды. Дегенмен, ол ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчтарға қатыса алмайды.
Статистика мен болжам
Биылғы әлем чемпионатына қатысатын құрамалар арасында ең көп топ жарғаны – Бразилия (1958, 1962, 1970, 1994, 2002). Футболды ұлттық ойын ретінде қарайтын Оңтүстік Америка құрлығы өкілдерінің біріншілікте бас жүлде иеленбегеніне де биыл 20 жыл болған екен. Екінші орындарда Германия мен әлем чемпионатына қатыса алмайтын Италия тұр. Бұл құрамалар бразилиялықтардан бір кубогке қалып тұр. Мәселен, Италия 1934, 1938, 1982 және 2006 жылдары, Германия 1954, 1974, 1990 және 2014 жылдары чемпион болған. Үздік үштікті екі реттен дара шыққан Франция (1998, 2018), Аргентина (1978, 1986) және Уругвай (1930, 1950) құрамалары түйіндеп тұр. Ал жарыс қожайыны – Қатар әлем чемпионатында биыл алғаш рет бақ сынамақ.
Чемпионат уақыты жақындаған сайын футбол сарапшылары мен жанкүйерлері биылғы біріншілікте қай құрама топ жаруы мүмкін деген сұраққа жауап іздеп, өз болжамын ортаға салып жатыр. Дегенмен көпшілік Бразилия құрамасы Қатарға өте жоғары дайындықпен келе жатқанына ерекше назар аударып отыр. Шын мəнінде «пентакомпиондар» құрамасының барлық шебінде де əлемдік деңгейдегі жұлдыздардың шоғыры қалыптасқан. Қақпашы Алиссон Бекерден бастап, шабуылшы Неймарға дейінгі футболшылардың бәрі бабында. Сонымен қатар мамандар Месси мен Роналду бастаған Аргентина мен Португалия құрамаларынан көп нәрсе күтуге болатынын айтады. Өйткені әлемнің қос жұлдызы үшін бұл соңғы әлем чемпионаты. Сондай-ақ 2010 жылғы әлем чемпиондары – Испанияны, футболдың отаны саналатын Англияны да негізгі үміткерлер қатарынан шығаруға болмайды.
Хош, сонымен жексенбі күні жалауы желбірейтін әлем чемпионатының шымылдығын Қатар мен Эквадор құрамалары ашып береді. Қазақстандық жанкүйерлер әлем құрамаларының тартысты кездесулерін бір ай бойы «Қазақстан» және «Қазспорт» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.