• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қараша, 2022

Интернеттегі алаяқтық: Алданбаудың жолы

623 рет
көрсетілді

Бұрындары тұрғындар «қорадағы малым жоғалды» деп шағымданатын еді, қазір «шотымдағы қаражатымнан қағылдым» деп полиция ғимаратының табалдырығын тоздыратындар көбейген. Цифрландырудың жаңашылдығы өмірімізді жарқын еткенімен, интернет алаяқтықтың белең алуына да түрткі болып отыр.

Шығын көлемі – 15 млрд теңге

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Бір­тұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жол­дауын­да: «Интернет жəне телефон арқылы жасалатын алаяқтық əре­кеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатер­лерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық жəне қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», деді. Президенттің өзі бұл мәселеге назар аударса, жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын пайымдай беріңіз.

Ішкі істер министрлігінің Крими­налдық полиция департаменті Кибер­қылмысқа қарсы күрес орталығы басты­ғының орынбасары Рүстем Дүйсе­таев­тың айтуынша, бүгінде азамат­тар­дың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену – қылмыстардың ең көп тараған түріне айналған.

– Интернет алаяқтықтың өршуіне пандемия кезіндегі шектеу шаралары ерекше әсер етті. Сол кезде тұтынушы халық онлайн қызмет көрсету түрлеріне жүгінді, тауарларды интернет арқылы сатып ала бастады. Сәйкесінше, банк­тердің қызмет көрсетуі барынша цифр­лық форматқа көшті. Онлайн қарыздар мен электронды ақша аударулар көбейді. Қазір әрбір азаматтың қолындағы телефонда екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары бар. Цифрлық технологиялардың дамуы осы мобильді қосымшаларды пайдалана отырып жасалатын ұрлықтардың өсуіне әкеп соқты, – дейді ІІМ өкілі.

Киберқылмысқа қарсы күрес орта­лығының қызметкерінің айтуынша, бүгінде елімізде азаматтардың қаража­тын алдау жолымен заңсыз иемдену – жалғыз біздің елде емес, бүкіл әлемде белең алған өзекті мәселе.

– Алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі амалдарды қолданады. Сол себепті қылмыс саны жылдан-жылға көбеюде. Тіркелген істерді саралап көргенде, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді (бағдар­ламалық жасақтама) белсенді пайдаланатыны байқалған. Яғни бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шынайы абоненттік нөмірді өзгертіп, жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруда. Әлеуметтік инженерия әдіс­терін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алу әрекеті туралы хабарлайды. Олар кө­біне өздерін банктің қауіпсіздік қызметі, полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде таныстырып, банк­тің жосықсыз қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Ақшаның сақ­талуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттағы немесе депозиттегі ақшаны қауіпсіз «сақтандыру» шотына аударуға көндіреді, – дейді Рүстем Дүйсетаев.

Жыл басынан бері елімізде интернет алаяқтық бойынша 17,5 мың қылмыс тіркеліп, тұрғындарға 15 млрд теңге көлемінде шығын келген. Тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мә­селесі шағын қаржы ұйымдарымен бай­ланысты. Алаяқтар бірнеше несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген ақшаны мойынына іліп берген. Әйтпесе, нарық қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатқан жоқ. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, «есепшотыңыздағы қаражатты алаяқтар шешіп алайын деп жатыр» деп қара бұлтты төндіріп, қарттарды қапы қалдырып жатады. Әп-сәтте алданып, сан соғып жүрген жастар да аз емес.

Жол картасы іске қосылды

«Жұрт арасында алаяқтарды «аяғы­нан шалу» үшін жазаны күшейту керек» деген ұсыныс жиі айтылып жүр. Еліміз­дің Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жа­сал­ған алаяқтық 4 жылға дейін бас бос­тандығынан айыруға немесе айыппұл (4 мың АЕК) салуды көздейді. Қылмыс топ құрамында немесе аса ірі мөлшерде жа­салған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

– Интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша міндеттерді тиімді ше­шу мақсатында Ішкі істер министрлігі 2021-2022 жылдарға арналған ведом­ствоаралық бағдарламаны және алаяқтар мен қаржы пирамидаларымен күресу бойынша жол картасын іске қосты. Оны іске асыру жоспары ұйымдастырушылық және профилактикалық сипаттағы іс-шараларды, оның ішінде мемлекеттік органдар, банк мекемелері, байланыс операторлары және тағы басқа органдармен өзара іс-қимылды қамтиды.

Бүгінде өңірлерде киберқылмысты тергейтін мамандандырылған жедел тергеу тобы құрылды. Республика бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілді. Мә­селен, 26-28 маусым аралығында елі­міздің барлық аумағын қамтыған «Анти-Фрод» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Нәти­жесінде 303 құқық бұзушылық тіркеліп, бұрын жасалған 457 қылмыс ашылды, 254 адам ұсталды. Ақпараттық жүйе­лерді пай­даланушыларға қатысты 2 және одан да көп алаяқтық жасағаны үшін осындай 39 адам құрыққа түсті. Қабылданған шаралар нәтижесінде 8 айда аталған қылмыс түрі 12,3 пайызға қысқарса (15 439-дан 13 534-ке дейін), ал аяқталған қылмысты істер 5 пайызға өскен (2 369-ден 2 472-ге дейін).

Әрине, киберқылмыспен күресуде өз қызметкерлеріміздің де жоғары біліктілігі басты назарда. Халықаралық және ведом­ствоаралық келісімдерді іске асыру шеңберінде шет елдерде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарды анық­тау мен оларды ашудың жаңа әдіс­темелері негізінде мамандар білімін жетілдіріп жүр. Мысалы, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресей ІІМ жоғары оқу орындарында 68 полиция қызметкері біліктілігін арттыру курстарынан өтті, сонымен қатар қашықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы қызметкерлеріміз шеберліктерін шыңдауда, – дейді Р.Дүйсетаев.

Құқықтық сауаттылық қажет

Жасыратыны жоқ, интернетте жарнамасы жарқырап тұрған тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауар алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтауға тырысу керек. Оның мекенжайы, телефондары бар ма – осы мәліметтерге мән беру аса маңызды. Егер болып жатса, сайтқа хабарласып, сатушысымен сөйлесу қажет. Осы сайтта бұл тауарды бұрын алған адамдардың пікірлері бар ма, олар не дейді, осыған да назар аударған артықтық етпейді. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуге болады.

Айта кететін тағы бір маңызды мә­селе – әрбір интернетке қосылған компьютерде, планшетте вирусқа қарсы бағ­дарламалар міндетті түрде болғаны дұрыс. Өйткені ол сізге қажетсіз, кү­мәнді, сіздің бағдарламаларыңызға ті­келей зиян келтіретін бөтен файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады немесе сізден сұрап отырады.

Естеріңізге сала кетейік, банктер болсын, құқық қорғау орындары болсын, еш уақытта сізге телефонмен ха­бар­ласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәлі­меттерді сұрамайды. Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабар­ласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Себебі телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді. Осыны ұмытпайық.

Интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін жеке құжаттағы және банк картасындағы мәліметтерді, ауда­рымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен код сөздерді оңды-солды таратуға жол бермеу керек. Жеке деректерді тек­серілмеген сайттар мен басқа да желілердегі «карта нөмірін енгізіңіз» деген орындарға жазуға болмайды. Ин­тернеттен қосымшаларды жүктеу үшін тек App Store мен Play Market-ті пайдалану керек, күмәнді сілтемелерді басып, телефонға қосымша жүктеуден сақ болу қажет. Төлем жасау үшін картаның 16 саны жеткілікті. Ал CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректерді сұрап жатса, алаяқтар болуы мүмкін.

Бүгінде алаяқтар қолданатын әлеу­меттік желілер арасында Қазақстанда Te­legram мессенджері алдыңғы қа­тарға шыққан. Иә, соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі ак­каун­­тын пайдаланып, қаржылай кө­мек сұрайтын алаяқтардың әрекеті кү­ше­йіп кетті. Мұндай алаяқтықтың құр­­бандары көбейген. Бұған дейін таны­мал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсен­ділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездессе, енді алаяқтар қарапайым азаматтарға да көшкен. Алаяқтық схемасы қарапайым: кез келген адамның әлеуметтік желіде жалған аккаунты жасалады. Сол арқылы оның жақын туыс­тарына, достарына не өзге таныс­тарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аударуды сұрайды. Мұндай деректер, әсіресе, Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген.

KZ-CERT компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің мамандары шабуылға ұшырағандардың әлеуметтік желілерде байланыс деректерінің дер­бес­тігін сақтамағанын, сондай-ақ, байланыс деректерінің еркін таралып кеткенін айтып отыр. Осы орайда интернет алаяқ­та­рынан сақтану үшін KZ-CERT қызметі келесі кеңестей ұсынады:

– Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компа­ния­ның ресми атауындағы артық сим­волдарға назар аудару керек.

– Әлеуметтік желілердегі өз профи­ліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.

– Есептік деректеріңізді үнемі тек­серіп, көп факторлы аутентификация пай­даланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз.

– Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда бо­латын түрлі терезелер мен хабар­ла­маларға қатысты абай болыңыздар.

– Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айт­паңыз. Сондай-ақ банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.

– Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi-нүктелеріне сенбеңіз, со­нымен қатар өз аутентификациялық де­ректеріңізді қорғалмаған сымсыз же­лілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.

– Бопсалаушылардың телефон бо­йынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жү­гініңіз.

Интернет алаяқтарына алдану-алданбау – өз қолыңызда. Қас пен көздің арасында бар қаржыңыздан айырылып қалмау үшін құқықтық сауатты арттырып отыру да артықтық етпейді