Футболдан Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамасы сырт алаңда кейінгі 15 жылда бірінші рет бір-бірімен жасыл алаңда жолықты.
Ташкенттегі әйгілі «Пахтакор» стадионында өткен жолдастық кездесуде алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің есебін 12-минутта Ресейдің «Торпедо» клубында өнер көрсететін Ходжимат Еркінов ашса, бірінші таймның соңғы минутында италиялық «Рома» мен Өзбекстан құрамасының шабуылшысы Эльдор Шомуродов есепті еселеді. Бұл жерде Шомуродов шеберлігін ерекше атап өткен жөн.
Екінші таймды Қазақстан құрамасы белсенді бастағанымен, кездесу соңына дейін есепті өзгерте алмады. Бас бапкер Магомед Адиев алаңға бірнеше ойыншыны шығарғанымен, олар да Өзбекстан құрамасының қақпасына гол соға алмады. Бір айта кетерлігі, кешегі матчта екі жылдық үзілістен кейін ұлттық құрамаға оралған Бауыржан Исламхан алғаш рет жасыл алаңға шықты.
Қазақстан ұлттық құрамасы келесі ойынын ертең, яғни 19 қараша күні Абу-Даби қаласында Біріккен Араб Әмірлігі құрамасымен өткізеді.