Қазақстандық теннисші Жантөре Санжарұлы Грекияда өткен 12 жасқа дейінгілер арасындағы Tennis Europe турнирінде жеңімпаз атанды.
Жерлесіміз Грекиядағы жарыста кипрлік Михаэл Гинетлумен бірге жұп құрап өнер көрсетті. Олар турнирдің финал бәсекесінде намибиялық Исраэл Дове мен грекиялық Рафаэль Пагониспен кездесіп, екі сетте – 7:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ Ж.Санжарұлы осы доданың жекелей сынында да тәуір нәтиже көрсетіп, финалға дейін жетті. Дегенмен бас жүлде үшін өткен сайыста аустриялық Морис Фрейтагқа екі сетте жол берді – 1:6, 2:6.
Сонымен қатар Испаниядағы Рафаэль Надаль академиясында өткен 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы жарыста тағы бір қазақстандық теннисші Ева Корышева жұптық сында финалға дейін жетті. Ол Швейцария өкілі Луана Каппельмен бірге титул үшін өткен аса тартысты матчта италиялық Костанца Рикон мен аустралиялық Элен Хиршиден жеңіліп қалды – 6:1, 3:6, 8:10.