Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты
Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына
ҮНДЕУІ
Құрметті отандастар! Азаматтар! Бүгін біз әлемдік деңгейдегі оқиғаға – Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа Беларусь, Қазақстан, Ресей мемлекеттері басшыларының қол қою рәсіміне куә болып отырмыз. Еуразиялық кеңістікте тең құқықты, көпғасырлық достық, ашықтық және өзара сенімділік қағидаттарына негізделген XXI ғасырдың жаңа интеграциялық бірлестігі құрылып отыр. Үш бауырлас мемлекет үдемелі модернизациялау, тұрақтылық пен ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін нығайту, адамдардың әл-ауқатын арттыру үшін өздерінің әлеуеттерін біріктіруде. Болашақтағы экономикалық қауіпсіздіктің сенімді негізі қалануда. Елбасы 20 жыл бұрын бастамашы болған Еуразиялық интеграцияның ғаламдық идеясы өзінің елеулі пішіні мен нақты бейнесін тапты. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі, ынтасы және саяси жігерінің нәтижесі, халықаралық беделінің мүлтіксіз мойындалуының дәлелі. Шартқа Отанымыздың елордасы – Астанада қол қойылуының да өзіндік мәні бар. Қазақстан Тәуелсіздік жылдары Елбасының жетекшілігімен мықты мемлекетке айналды. Біздің ішкі жалпы өніміміз жан басына шаққанда 14 мың АҚШ долларына жетті, ал алтын-валюталық резервтер 100 млрд. АҚШ доллары межесіне көтерілді. Еліміз аса ірі адами және өнеркәсіптік әлеуеті бар, 170 млн. тұрғыны бар нарықты біріктіретін, 20 млн. шаршы километрден астам территориясы немесе жер шарының 15% құрлығын құрайтын орасан зор табиғи ресурстары бар қуатты ұйымның мүшесі болды. Еуразиялық экономикалық одақты құру экспорттық өндірісті, көліктік инфрақұрылымды одан әрі қарқынды дамыту бойынша жаңа мүмкіндіктерді ашады, әлем мұхитына шығу жолдары ашылады. Интеграциядан болатын макроэкономикалық әсер еліміздің дамуында қарқынды қадам жасауға, жаңа мүмкіндіктерді ашуға және инновациялық экономиканың өсуіне мүмкіндік береді. Бірақ, ең бастысы, халықтың әл-ауқатының өсуі үшін орасан зор мүмкіндіктер ашылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Еуразиялық экономикалық одақты құруды толығымен қолдайды. Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік интеграциялар орталықтарының біріне айналатынына және жетекші интеграциялық одақтардың үштігіне кіретініне сенімдіміз. Қазірдің өзінде бірлестіктің қызметіне әлемнің көптеген мемлекеттері жоғары қызығушылық танытуда. Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы бойынша қойған міндеттерді орындау үшін Еуразиялық экономикалық одақ жұмылдырушы бастама болатынына сенімдіміз. Еуразиялық экономикалық одақ болашақ ұрпағымыздың игілігі үшін жасалатын, еліміздің үдемелі дамуының кепілі болып табылатын қоғамдық келісімді, ел бірлігін және Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға жаңа серпіліс беретінін атап өтеміз! Біз осы болжамдардың іске асатынын табанды түрде атап өтіп, Қазақстан халқын алға жетелейтін жаңа міндеттерді орындау үшін Елбасы, еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жанына топтасуға шақырамыз. Бірге және тек алға! Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қаласы, 2014 жылғы 29 мамыр