Еуразиялық экономикалық одақ шартына Өскемен, Барнаул және Могилев кәсіпкерлері телекөпір арқылы қолдау білдірді
Мемлекет басшыларының Еуразиялық экономикалық одақ құру шартына қол қоюы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы, Ресей Федерациясының Алтай аймағы және Белоруссияның Могилев облысы арасында «Еуразиялық экономикалық одақ: кәсіпкерлік үшін артықшылық пен болашақ» атты телекөпір өтті. Оған аталған аймақтардың басшылары, ауыл шаруашылығы, индустрия және өндіріс саласындағы кәсіпкерлері, студенттік құрылыс жасақтарының өкілдері қатысты.
Бүгінде Шығыс өңірінде Ресей және Белоруссия мемлекеттерімен бірлескен 250-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Яғни одаққа мүше елдердің өңірлерімен тығыз әрі тиімді экономикалық байланыс жолға қойылған. Телекөпір барысында өңір басшысы Б.Сапарбаев аймақаралық қарым-қатынастар барлық сала бойынша нәтижелі болып отырғанын атап өтті. Өткен жылы Шығыс Қазақстанның Барнаул және Могилев өңірлерімен арадағы тауар айналымы 1 млрд. 800 млн. долларға жетті.
– Интеграциялық үдерістерді дамыту ертеде басталған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық одақ құру жөніндегі идеяны осыдан 20 жыл бұрын, 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде айтқан еді. Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық байланыстар 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрудан басталды. Осы уақыттан бері ұлттық экономиканы жаңғырту және кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінде Қазақстан, Ресей, Белоруссия мемлекеттері айтулы экономикалық одаққа қол қоюға дайын. Телекөпірге қатысушы өңірлердің орталықтары Өскемен, Барнаул және Могилев бауырлас қалалар болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақ – ірі кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайта түсуге септігін тигізеді. 170 миллионға жуық халқы бар үлкен нарыққа жол ашады. Жаңа технологиялар мен идеялар алуға мүмкіндік туады, халықтың әл-ауқатын арттырады. Экономикамен қатар ғылым, білім, денсаулық, туризм салалары да тың тынысқа ие болады, – деді өңір басшысы.
Ресейдің Алтай аймағының губернаторы А.Карлин өзі жетекшілік ететін өңірдегі тауар айналымының үштен бірі Қазақстанға тиесілі, оның ішінде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының үлесінде екенін жеткізді. Сондай-ақ, кеше ғана Алтай аймағында инженерлердің қатысуымен өткен вагон құрылысына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда үш елдің ғалымдары жылжымалы теміржол құрамының сынақ орталығын құруға келіскенін жеткізді. Бұл – одаққа мүше елдердің көлік және тасымалдау саласындағы әріптестік байланыстарын жетілдіре түсуге көмектеседі.
Белоруссияның Могилев облысы басшылығы арада мыңдаған шақырым жатса да өңірлерді жақындастыратын экономикалық байланыстар мен адами бауырластық туралы айта келіп, өз елдерінде кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай барлығын жеткізді. Могилев облысы атқару комитетінің төрағасы П.Рудниктің айтуынша, Кеден одағы шеңберінде тауар айналымы жылдан жылға қарқын алып келеді. Мысалы, 2010 жылы 2 млрд. доллар болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 2,8 млрд. долларға ұлғайған.
Біз елдеріміздің арасындағы байланыстың жаңа тарихи кезеңінде тұрмыз, деді П.Рудник. Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін үзіліп қалған кәсіпорындар арасындағы байланыстың жандануына мүдделі екенін, Еуразиялық одақтың экономикалық әріптестікке тежеу жасайтын түрлі кедергілерді жоюға көмектесетінін жеткізді.
– Могилевтіктердің әлеуеті өте жоғары. Өлкемізде 200-ден астам ірі кәсіпорын, 1 мыңға жуық орта және шағын өндіріс орындары жұмыс істейді. 200-ден астам ауыл шаруашылығы ұйымы, 30-дан астам қайта өңдеу кәсіпорны бар. Сондықтан, бірлескен кәсіпорындар ашып, өзара тиімді әріптестік құруға болады, – деді Могилев өңірінің басшысы.
Телекөпірге қатысушылар өңірлердің телеарналары дайындаған шағын сюжеттер арқылы экономикалық байланыстарға біршама қанық болды. 1999 жылы шығыс өңірінде 15 бірлескен кәсіпорын тіркелсе, бүгінде олар мыңдап саналады. Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары ішінде «Бипек», «Азия Авто» компаниялары өңір экономикасын өркендетуге сүбелі үлес қосқан. «Кэмонт» АҚ, «Қазроспромарматура» ЖШС да белсенді түрде жақын нарыққа өнімін тасымалдап келеді.
Ресейліктер Барнаулдағы Алтай педагогикалық академиясында ашылған қазақ мәдени орталығының қызметі туралы әңгімеледі. Шығыс Қазақстан мен Алтай аймағындағы ЖОО ректорлары өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойыпты. Сібір қалаларында шығысқазақстандық студенттер білім алуда. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында педагогикалық лагерь ашылған. Барнаулды Шығыс Қазақстанмен жалғайтын жол жөндеуден өткізілген.
«СемАЗ» ЖШС директоры Ә.Досқожанов 2009 жылдан бері Семей қаласында 5 мыңнан астам «Беларус» тракторы шығарылғанын жеткізді. Жыл сайын 1300-1500 дана трактор шығаратын зауыт Белоруссиядан 30 млн. доллардан астам қаржыға бөлшектер сатып алады. Оның ішінде Могилев облысымен ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды жинау саласында бірқатар байланыс орнатып үлгерген. Ал Алтай аймағы халықаралық және өңіраралық байланысты қамтамасыз ету бойынша басқарма басшысы А.Жилиннің айтуынша, Шығыс Қазақстан өңірімен тау-кен өндірісі саласындағы байланыстарды дамытуға мол мүмкіндік бар.
Қазақстандық, ресейлік және беларустік кәсіпкерлер экономикалық интеграция нәтижесінде шекарааралық кедергілердің жойылып, тауар тасымалдау жүйесі оңтайландырылғанын, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы кәсіпкерлікті кемелдендіруге қызмет ететінін жеткізді.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.