• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Қараша, 2022

Екі кездесу – екі жеңіліс

197 рет
көрсетілді

Биыл Еуропа футболында кішігірім сенсация жасап, Ұлттар лигасы дейтін үлкен турнирде тамаша нәтиже көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасының жігіттері Азия футболында әлсіздік танытты. Бірер ай бұрын ғана УЕФА рейтингінде алғашқы жүздікте тұрған Словакия мен Беларусьті сан соқтырған жерлестеріміз өткен аптада сары құрлықтың үздік құрамалары саналатын Өзбекстан (0:2) мен Біріккен Араб Әмірліктерімен (1:2) жолдастық матчтар өткізіп, екеуінен де жеңіліп қалды. 

Әрине, ресми матчтар мен жолдастық кездесулердің дәрежесін, ойында тір­келген нәтижелерін салыстыруға кел­мейтіні бел­гілі. Өйткені жат­тық­ты­рушылар құ­рамы да, футболшылар да оған екі түрлі көзқараспен қарайды. Алғашқысы түсінікті, ресми кездесу­лерде құрамалар алаңға тек жеңіс үшін, үш ұпай олжалау үшін шығады. Ал жолдастық матчтың негізгі мақсаты – ұлттық құрамаға шақыртылған жаңа ойыншыларды сынақтан өткізу, өткен матчтардағы қателіктермен жұмыс іс­теу, түрлі тактикалық жүрістерді тек­се­ріп көру.

Енді Қазақстан құрамасының Өзбек­стан және Біріккен Араб Әмірліктерімен өткізген жолдастық матчтарына кішкене талдау жүргізіп көрейік. Ташкенттегі кездесуде Магомед Адиев жоғарыда атап өткен жолдастық матчтың қай та­лабын орындады? Ешқайсысын! Бірін­шіден, ұлттық құраманың жиынына бірді-екілі жаңа футболшыны ша­қырғанымен, оның ешбірін алаңға шығарған жоқ. Бауыржан Исламханды есепке алмағанда. Қақпада сол баяғы Шац­кий, қорғаныстағы бестікте де (Дос­мағамбетов, Әліп, Марочкин, Малый, Габышев), орталық алаңдағы төрттікте де (Астанов, Дарабаев, Тағыберген, Ора­зов) өзгерісті байқай алмадық. Тіпті шабуылда Абылайхан Жұмабек, Максим Самородов секілді жас футболшылар бола тұра, Адиев алаңға Абат Айымбетовті шығарды. Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы барлық матчта шамамен осы футболшылармен ойнап шықты. Бүкіл маусым бойы ұлттық құрамада да, өз клубтарында да ойнап, әбден шаршаған ойыншыларды одан әрі қинай берудің не қажеті бар еді. Егер бас бапкер: «Бізге жаңа футболшыларды сынақтан өткізгеннен гөрі, нәтиже маңызды», десе бір жөн.

Екіншіден, бас бапкер құрамаға екі матчта да бірде-бір тактикалық өзге­ріс енгізген жоқ. Өзбекстанмен де, БАӘ құрамасымен де сол баяғы бес қор­ғау­шы, төрт жартылай қорғаушы және бір шабуылшымен ойнады. Неге 4-4-2 жүйесін (төрт қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы, екі шабуылшы) немесе 3-5-2 тактикасын қолданып көрмеді? Неге қақпада тек Шацкий тұруы керек? Неге «Қайратта» тамаша маусым өткізген Данил Устименко мен «Астананың» чемпиондығына өз үлесін қосқан Александр Заруцкийге сенім білдірмейді. Тым болмаса, екі матчта екеуіне 45 минут мүмкіндік беріп көруге болар еді ғой. Шабуылда да солай. Жас футболшылардың ұлттық құраманың аурасын сезінген, тәжірибелі ойыншылармен бір алаңда жаттыққаны жақсы. Бірақ оларды әуре қылып жиынға шақырған соң, өзгелермен бірдей жаттығуда тер төккен соң алаңда 10 минут болсын ойнатып көру керек еді ғой.

Абу-Дабидегі «Әл-Нахаян» стадионында өткен матчта да М.Адиев құрамаға айтарлықтай өзгеріс жасаған жоқ. Тек екінші таймда ғана қорғаушы Темірлан Ерланов, шабуылшылар Максим Само­родов пен Жақсылықовқа 20 минуттай мүмкіндік бергенін атап өтпесек, басқа өз­геріс жоқ. Өзбекстанмен болған ойын­да өрескел қателік жіберген орталық қор­ғаушылар – Сергей Малый мен Алек­сандр Марочкин бұл матчта да сол «ер­ліктерін» қайталады. Алаң иелері сапынан мергендігімен көзге түскен Фабио Лиманың екі голы да қорғаушылардың қате­лігінен соғылды. Матч аяқталар тұста Марочкин қызыл қағазбен жазаланып, алаңнан қуылды. Адиевтің жол­дастық кездесулерден бір түйгені – орталық қорғанысқа жаңа футболшыларды іздеу керек екені шығар. Сондай-ақ байқасаңыздар, Ресей чемпионатында өнер көрсететін Бақтиер Зайнутдинов ерекше ойынымен көзге түсе алмады. Тіпті кейде оның алаңда жүргені де байқалған жоқ. Демек Магомед мырза оған әлі алаңдағы лайықты орнын тауып бере алмай жатыр деген сөз.

Ұлттар лигасының бір маусымындағы нәтижесінен кейін Еуропаның ортаңқол командасына айналдық деп бөркімізді аспанға лақтырғанымызбен, кешегі екі матчтағы жеңіліс қуануға әлі ерте екенін, бас бапкерге әлі де тактика жағынан іздене түсу керек екенін байқатты. Азия футболындағы өзімізбен деңгейлес құрамаларды жеңе алмай жатып, әлем немесе Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуды әзірге армандамай-ақ қоя тұратын сияқтымыз.