Биыл Еуропа футболында кішігірім сенсация жасап, Ұлттар лигасы дейтін үлкен турнирде тамаша нәтиже көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасының жігіттері Азия футболында әлсіздік танытты. Бірер ай бұрын ғана УЕФА рейтингінде алғашқы жүздікте тұрған Словакия мен Беларусьті сан соқтырған жерлестеріміз өткен аптада сары құрлықтың үздік құрамалары саналатын Өзбекстан (0:2) мен Біріккен Араб Әмірліктерімен (1:2) жолдастық матчтар өткізіп, екеуінен де жеңіліп қалды.
Әрине, ресми матчтар мен жолдастық кездесулердің дәрежесін, ойында тіркелген нәтижелерін салыстыруға келмейтіні белгілі. Өйткені жаттықтырушылар құрамы да, футболшылар да оған екі түрлі көзқараспен қарайды. Алғашқысы түсінікті, ресми кездесулерде құрамалар алаңға тек жеңіс үшін, үш ұпай олжалау үшін шығады. Ал жолдастық матчтың негізгі мақсаты – ұлттық құрамаға шақыртылған жаңа ойыншыларды сынақтан өткізу, өткен матчтардағы қателіктермен жұмыс істеу, түрлі тактикалық жүрістерді тексеріп көру.
Енді Қазақстан құрамасының Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктерімен өткізген жолдастық матчтарына кішкене талдау жүргізіп көрейік. Ташкенттегі кездесуде Магомед Адиев жоғарыда атап өткен жолдастық матчтың қай талабын орындады? Ешқайсысын! Біріншіден, ұлттық құраманың жиынына бірді-екілі жаңа футболшыны шақырғанымен, оның ешбірін алаңға шығарған жоқ. Бауыржан Исламханды есепке алмағанда. Қақпада сол баяғы Шацкий, қорғаныстағы бестікте де (Досмағамбетов, Әліп, Марочкин, Малый, Габышев), орталық алаңдағы төрттікте де (Астанов, Дарабаев, Тағыберген, Оразов) өзгерісті байқай алмадық. Тіпті шабуылда Абылайхан Жұмабек, Максим Самородов секілді жас футболшылар бола тұра, Адиев алаңға Абат Айымбетовті шығарды. Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы барлық матчта шамамен осы футболшылармен ойнап шықты. Бүкіл маусым бойы ұлттық құрамада да, өз клубтарында да ойнап, әбден шаршаған ойыншыларды одан әрі қинай берудің не қажеті бар еді. Егер бас бапкер: «Бізге жаңа футболшыларды сынақтан өткізгеннен гөрі, нәтиже маңызды», десе бір жөн.
Екіншіден, бас бапкер құрамаға екі матчта да бірде-бір тактикалық өзгеріс енгізген жоқ. Өзбекстанмен де, БАӘ құрамасымен де сол баяғы бес қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы және бір шабуылшымен ойнады. Неге 4-4-2 жүйесін (төрт қорғаушы, төрт жартылай қорғаушы, екі шабуылшы) немесе 3-5-2 тактикасын қолданып көрмеді? Неге қақпада тек Шацкий тұруы керек? Неге «Қайратта» тамаша маусым өткізген Данил Устименко мен «Астананың» чемпиондығына өз үлесін қосқан Александр Заруцкийге сенім білдірмейді. Тым болмаса, екі матчта екеуіне 45 минут мүмкіндік беріп көруге болар еді ғой. Шабуылда да солай. Жас футболшылардың ұлттық құраманың аурасын сезінген, тәжірибелі ойыншылармен бір алаңда жаттыққаны жақсы. Бірақ оларды әуре қылып жиынға шақырған соң, өзгелермен бірдей жаттығуда тер төккен соң алаңда 10 минут болсын ойнатып көру керек еді ғой.
Абу-Дабидегі «Әл-Нахаян» стадионында өткен матчта да М.Адиев құрамаға айтарлықтай өзгеріс жасаған жоқ. Тек екінші таймда ғана қорғаушы Темірлан Ерланов, шабуылшылар Максим Самородов пен Жақсылықовқа 20 минуттай мүмкіндік бергенін атап өтпесек, басқа өзгеріс жоқ. Өзбекстанмен болған ойында өрескел қателік жіберген орталық қорғаушылар – Сергей Малый мен Александр Марочкин бұл матчта да сол «ерліктерін» қайталады. Алаң иелері сапынан мергендігімен көзге түскен Фабио Лиманың екі голы да қорғаушылардың қателігінен соғылды. Матч аяқталар тұста Марочкин қызыл қағазбен жазаланып, алаңнан қуылды. Адиевтің жолдастық кездесулерден бір түйгені – орталық қорғанысқа жаңа футболшыларды іздеу керек екені шығар. Сондай-ақ байқасаңыздар, Ресей чемпионатында өнер көрсететін Бақтиер Зайнутдинов ерекше ойынымен көзге түсе алмады. Тіпті кейде оның алаңда жүргені де байқалған жоқ. Демек Магомед мырза оған әлі алаңдағы лайықты орнын тауып бере алмай жатыр деген сөз.
Ұлттар лигасының бір маусымындағы нәтижесінен кейін Еуропаның ортаңқол командасына айналдық деп бөркімізді аспанға лақтырғанымызбен, кешегі екі матчтағы жеңіліс қуануға әлі ерте екенін, бас бапкерге әлі де тактика жағынан іздене түсу керек екенін байқатты. Азия футболындағы өзімізбен деңгейлес құрамаларды жеңе алмай жатып, әлем немесе Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығуды әзірге армандамай-ақ қоя тұратын сияқтымыз.