Ел дамуындағы жаңа серпін білім саласынан басталады. Адам капиталын дамытуға басымдық беріліп жатқан қазіргі уақытта Президент тапсырмасымен техникалық мамандықтарға баулуды күшейту, гранттар санын көбейту, стипендия көлемін арттыру, елімізде шетелдік жетекші оқу орындарының филиалдарын ашу сияқты бірқатар жауапты жұмыс қолға алынып жатыр. Осынау міндеттер үдесінен шығу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі жеке отау тікті.
Жаңа стратегиялар аясында жоғары білімді дамыту бағытында Университеттер автономиясы туралы заң, «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы, Ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы сияқты бағдарламалық құжаттар бекітілді. Осы құжаттар негізінде іске асырылып жатқан жұмыстар жөнінде Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев толымды мәлімет берді.
Оның айтуынша, қазір елімізде 119 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Онда 609 150 студент білім алып жатыр. Олардың 35%-ға жуығы, яғни 230 375 студент мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.
Жыл сайын грант саны өсуде. 2022-2023 оқу жылына 88 214 грант бөлінді: бакалавриатқа – 73 061, магистратураға – 13 263, докторантураға – 1 890 орын. Бұлардың 60%-ы, яғни 42 303 грант техникалық мамандықтарға берілген. 10 мың грант батыс өңірдегі (Атырау және Маңғыстау облыстары) жастар мен тығыз қоныстанған аймақтарға берілген. Ал «Серпін» бағдарламасына 3 653 грант, бұған қоса шетел азаматтарына 490 грант бөлінген. Оның ішінде 150 грант Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарына, 100 орын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына кіретін елдер азаматтарына арналған.
Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсті. Бұрын 31 423 теңге алған студенттер енді 36 660 теңге алып жүр. Ал магистранттардың стипендиясы 76 950 теңгеден 86 987 теңгеге және докторанттардікі 172 500 теңгеден 195 000 теңгеге өсті. Бұл үрдіс болашақта жалғасын тауып, жыл сайын 20%-ға өседі.
Саладағы басымдықтың бірі – заманауи маман даярлау моделінің еңбек нарығына бағытталуы. Бұл ретте білім беру бағдарламалары кәсіби, аймақтық стандарттар мен атластарға негізделген. Бағдарламалардың 64%-ы кәсіби стандарттарды ескере отырып, жаңартылды.
– Жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығын одан әрі жақындастыру үшін алдын ала болжау жүйесін енгізу жоспарлануда. Аймақтағы университеттер әкімдікпен және жергілікті корпоративты сектормен тығыз байланыс орнатады. Осылайша, университеттер әр аймақтың экономикасын дамытуға зор ықпал ете алады. Жалпы, білім беруді дамытуға екі тең тарап – жұмыс берушілер (бизнес) мен академиялық қауымдастық қатысуы керек. Бұл жүйе қажетті білім мен дағдыға ие кадрларды дайындау үшін болжау зерттеулерін қамтамасыз ететін «Мамандығым – болашағым» бағдарламасының негізі болады. Университеттерге өз білім беру бағдарламаларын дамытуға мүмкіндік берілген. Оқу орындарының академиялық еркіндігін одан әрі кеңейту мақсатында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Мемлекеттік білім беру стандарттарына өзгерістер енгізілді. Мұндағы өзгерістердің тағы бір артықшылығы – практик-мамандар мен топ-менеджерлерді тарту мүмкіндігінің артуы, – деді Қ.Ерғалиев.
Осы орайда Дүниежүзілік экономикалық форум болжамдарына сәйкес, 10 жылдан кейін 60%-ға жуық мамандық трансформацияға ұшырайтыны да ескеріліп отырғанын атап өткен жөн. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен өмір бойы білім алу тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамада көзделген іс-шаралар көптеген білім алу жолы арқылы, формалды емес оқыту арқылы да жаңа білім мен құзыреттіліктерді алуға мүмкіндік береді. Тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік білім беру стандартында микроквалификация білім алу нәтижелерін қабылдау жоспарланған, «нано-кредиттер», «жинақталған дәрежелер» ұғымдары енгізілген.
Еңбек нарығын практик-мамандармен қамтамасыз ету үшін биыл қыркүйек айынан бастап 7 университетте қанатқақты режімде қолданбалы бакалавриат бағдарламасы қолға алына бастады. Бұл бағдарлама негізінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылып, «практикада білім алу» қағидаты қолданылып отыр.
– Университеттердің кадрлық және зерттеу әлеуетін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыру үшін Сингапур мысалында дарынды басқарудың (talent management) тоғысқан саясаты енгізіледі. Жұмыс берушілердің, бизнес-құрылымдар, кәсіби және қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің, облыс әкімдіктерінің корпоративтік басқаруға қатысуын кеңейту жұмысы жалғасады. Бұл бағытта өткен аптада Қазақстанның тәуелсіз Директорлар қауымдастығы QID-мен меморандумға қол қойды. Топ-менеджерлер мен қызмекерлер үшін кәсіби даму бағдарламасын, тағылымдамалар мен форсайт-сессияларын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді вице-министр.
Бұған қоса оқу орындарын ғылыми-зерттеу университеттеріне трансформациялау бойынша іс-шаралар жүзеге асырылды. Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті зерттеу университеті мәртебесін алды. Ендігі кезек – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде. Бұл қадам университеттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін көтеруге ықпал етеді.
Сонымен қатар Президент пәрменімен шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жұмыстары атқарылып жатыр. Биыл қыркүйек айынан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ негізінде МИФИ және С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Губкин атындағы РМУ филиалдары ашылды. Сондай-ақ М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Аризона университетімен қос дипломды және бірлескен халықаралық бағдарламалар жүзеге асырылды. Хериот Ват университетімен (Ұлыбритания) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті арасында келісім бар. Бұған қоса Шәкәрім университеті мен І.Жансүгіров университеті негізінде филиалдар ашу мәселесі пысықталып жатыр. Алыс шетелдегі үздік университеттердің сарапшыларын оқытушылыққа тарту да жоспарда бар.
Жақында Азия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы университеттер рейтингісі – QS Asia University Rankings 2023 жарыққа шықты. Осы рейтингке Қазақстанның 32 университеті Азия университеттерінің үздік тізіміне кірді. Олардың ішінде 2 отандық университет (ҚазҰУ және ЕҰУ) үздік 100-діктің қатарынан табылды.
– Қазіргі уақытта «таза парақтан» жобасы аясында жоғары білім беру саласындағы 67 нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Білім беру бағдарламаларының тізілімін, аккредиттеу органдарының, аккредиттелген университеттердің және білім беру бағдарламаларының ретін, сондай-ақ рейтингтік көрсеткіштерді біріктіру жоспарланып жатыр. Енді жоғары білім сапасын қамтамасыз ету бойынша нұсқаулықты, оның ішінде педагогикалық ЖОО-ларды аккредиттеу стандартын әзірлеу кезекте тұр. Білім беру бағдарламаларының сапасын анықтайтын құрал ретінде «Атамекен» ҰКП рейтингісі қолданылады. Осы айдың соңында нәтижелер шығады. Рейтинг нәтижелері университеттердің әлеуетін және олардың бәсекеге қабілеттілігін объективті тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді, – деді Қ.Ерғалиев.