Экономикалық дағдарыс жағдайында микро, шағын және орта бизнес субъектілеріне артылар сенім жоғары. Өйткені аталған сектор қысылтаяң шақта жаңа жұмыс орындарын ашудың драйвері бола алады. Соның ішінде әйелдер кәсіпкерлігінен көп үміт күтілетіні де жасырын емес.
Расында да, бизнестегі бұрымдылардың орны бөлек. Сол себепті әлем елдері әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ерекше ден қойып отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Біздің ел әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды ынталандыра отырып, оны экономиканы нығайтудың бірден бір құралы ретінде пайдалана бастады. Шағын және орта бизнес әйелдер үшін негізгі кіріс көзіне айналып келеді. Өйткені олардың көпшілігі өз істерін отбасыларына көмек ретінде бастайды. Кейін көкжиегін кеңейтеді. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтқандай, әйелдердің кәсіпкер ретіндегі қызметі елде бизнес жүргізуге жасалған жағдайдың тиімділігіне тәуелді. Бұл ретте еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі қанатқақты жоба өз бизнесін бастайтындар мен оны одан әрі дамытатындар үшін экономикалық мүмкіндіктерді арттыруға бағытталған.
– Әйелдер кәсіпкерлігі белгілі бір кедергілерге тап болатыны белгілі. Өкінішке қарай, мұндай кедергілерді еңсеру ер адамдарға қарағанда әйелдерге әлдеқайда қиын соғады. Негізгі кедергілердің қатарында ақпараттың жеткіліксіздігі, қаржыландырудағы шектеулер, әкімшілік рәсімдердің күрделілігі секілді мәселелер бар. Сондықтан оларға бұл істе көмектесу – ел Үкіметінің міндеті. Дәл осындай ниетпен осы жылдың наурызынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында еліміздің барлық өңірінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмысын бастады. Бұл жоба Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестікте әрі COVID-19 пандемиясымен күресте Қазақстан үшін Ынтымақтастық қоры шеңберінде Азия даму банкінің қаржылық қолдауымен іске асырыла бастады. Бұл әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыруға, сондай-ақ Әйелдер кәсіпкерлігі орталықтарын тұрақты дамытуға бағытталған. Бұл өз кезегінде «amanat» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасының 24-тармағына қол жеткізуге мүмкіндік береді, – дейді Т.Жақсылықов.
Орталықтарда әйелдерге 7 қызмет түрі көрсетіледі. Олар – қажеттіліктерді бағалау; бейіндік оқыту, бағыттар бойынша оқыту (әлеуметтік кәсіпкерлік, тұтыну кооперациясы, краудинвестинг, SMM); менторлық; бизнесті бағалау; ақпараттандыру; әйелдерге арналған халықаралық жобаларға қатысу, жабдықтарды іріктеу бойынша консультациялар беру. Әйелдер орталықтарға телефон немесе чат арқылы офлайн және онлайн режімде жүгіне алады. Барлық облыста әйелдермен тұрақты байланыста болу, олардың өтініштерін өңдеу, облыстық деңгейдегі іс-шараларды жариялау және ағымдағы мәселелер бойынша кеңес беру үшін жергілікті чаттар құрылған.
«Орталықтарға бизнес ашу, қаржыландыруды тарту және өнімді өткізу арналарын кеңейту мәселелері бойынша жұмыс істеп жүрген кәсіпкер әйелдер де, кәсіпкерлік бастамасын жүзеге асыруға ниетті бұрымдылар да жүгінеді. Олар негізінен кәсіпкерлік бастамасы бар, бірақ бизнесі жоқ әйелдер (55 пайыз) және бизнес субъектілері (45 пайыз). Әр аймақта орталықтарда кем дегенде бір ментор бар. Ол тәлімгерлікпен орта есеппен 10 әйел кәсіпкерді қамтиды. Бүгінде 207 әйел кәсіпкер ментор қызметімен қамтылған. Еуропалық сапа менеджменті қорының әдіснамасы бойынша Бизнесті сыртқы бағалау 170 кәсіпорын арасында жүргізілді. Оқытылған әйелдердің жалпы саны – 2 929. Олардың дені Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Астана және Шымкент қалаларына тиесілі», деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Оқыту бағыттары бойынша оқыту курстарының бір бөлігі орталық аппарат деңгейінде өткізілгенін атап өткен жөн. Мысалы, әлеуметтік және кооперативтік кәсіпкерлік бойынша оқыту, SMM курстары, киім конструкциялау және көкөніс шаруашылығы курстары Алматы облысының Шелек ауылында ұйымдастырылған. Тігін, тамақ және нан-тоқаш өнімдерін өндіру, бьюти индустрия секілді салалық курстар өңірлік деңгейде өткізілген. Жоғарыда аталған курстарды таңдау әйелдердің сұранысы мен қажеттілігіне байланысты болған. Барлық оқыту курсы әйелдердің қажеттіліктеріне сәйкес өткізіледі.
– Сондай-ақ әйелдерді оқытуды өзектендіру және оларды қажетті құзыреттерді алу мен бизнесті жүргізуге ынталандыру мақсатында бүкіл республика бойынша жеке өсу және бизнес-құзыреттерді дамыту жөніндегі ынтымақтастық негізінде вебинарлар өткізіледі. Ол үшін ZOOM-платформа мен бенефициарлар ұсынылатын және барлық ниет білдірген әйелге апта сайын онлайн мастер-класстар өткізетін сарапшы спикерлер өтеусіз негізде шақырылады. Нақты факт ретінде Текелі қаласындағы тігін цехын келтіруге болады. Жетісу облысының Текелі қаласында орталықтың қолдауымен тігін цехы ашылды. Бұл өңірде іске қосылған үш тігін цехының бірі, – дейді Т.Жақсылықов.
Цехтың негізін қалаушы – «Алтын ине» ЖШС директоры, көпбалалы ана Қымбат Қасейн. 2022 жылғы наурыз айында Қымбат Алматы облысында орналасқан орталыққа жүгінген. Онда консультация беріліп, бизнесін ілгерілетуге жәрдем көрсетілген. Енді орталықпен және Іскер әйелдер кеңесімен әріптестік орнатқан іскер әйел алғашқы тігін цехын ашты. Онда 10 тәжірибелі әйел жұмыс істейді, олардың көпшілігі көпбалалы аналар. Одан бөлек, үйден жұмыс істейтін тағы бес әйел бар. Олар кәсіпорындар үшін арнайы киімдер, ұлттық бұйымдар және басқа да тоқыма бұйымдарды тігеді. Сондай-ақ ателье форматында жұмыс істейді, ересектер мен балаларға арналған киімдер тігеді.
Орталықтың менторы Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, осындай тігін цехтары Ақсу және Көксу аудандарында ашылып, онда көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен жас қыздар жұмыс істейтін болады.
Орталықтар ерекше балалардың аналарына үлкен көмек көрсетеді. Оларды оқу бағдарламаларына, мастер-кластарға және тренингтерге шақырады. Әйелдерге арналған бизнесті жүргізу мен кеңейтудің мүмкіндіктері туралы хабардар етеді. Мысал ретінде ерекше баланың анасы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Назгүл Насиеваның кейсін айтуға болады. Назгүл – «Renewal.kz» ЖШС-ның директоры, «Толағай» сауда брендінің өкілі. Жаңадан құрылған компания Қазақстан, Жапония және Қытай арасындағы халықаралық келісімшарттық өндіріс болып саналатын балаларға арналған бір реттік жөргектер шығарумен айналысады. Ал тауар белгісі Жамбыл облысында патенттелген және Еуропалық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі бар.
– Жөргектердің құрамы 100 пайыз биологиялық ыдырайтын шикізаттан тұрады, бактерияға қарсы жабыны бар, иісі жоқ, гипоаллергенді болып саналады, – дейді Н.Насиева.
Компанияның жергілікті нарықта жұмыс істеп жатқанына 2-3 ай уақыт болды. Сондықтан артықшылықтарына қарамастан, оларға брендті танытуға, сондай-ақ өнімді сатуға көмек қажет. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қолдауы нәтижесінде орталықпен, Іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп Назгүл жас кәсіпкер ретінде «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсына қатысты. Осы сәттен бастап адамдар орталықтың телеграм арнасында халықаралық оқу бағдарламалары, гранттар және басқа да мүмкіндіктер туралы үнемі уақтылы хабардар етудің нәтижесінде «Толағай» жөргектері туралы көбірек біле бастады.
– Қазіргі уақытта өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Жамбыл облысының ірі сауда желілері мен дәріханаларында жөргектерді сатылымға шығару бойынша жұмыс жүргізілуде. Ерекше баланың анасы болғандықтан, өзім сияқты басқа аналарға өзін танытуға көмектескім келеді. Дәл осындай ниеттің нәтижесінде сіңіргіштігі 900 мл дейінгі және 8-12 сағатқа дейін құрғақтықты қамтамасыз ететін жөргектер жасау идеясы пайда болды. Келесі қадам – оны сатуға арналған портал-сайт құрып, онда ерекше балалардың аналарын жұмысқа орналастыруға да мүмкіндік жасау, – дейді ол.
Бүгінде өңірлердегі Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында 7 335 әйел консультация алғанын және олардың қажеттіліктерін анықтау жұмыстары жүргізілгенін атап өткен жөн. Көрсетілген қызметтер, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын әйелдерге көрсетілген қызметтер саны – 21 500-ден асады. Жүгінген әйелдердің арасында 30-49 жас аралығындағы әйелдердің және 17-29 жас аралығындағы жас қыздардың белсенділігі артқан. Консультациялық қызметтердің көбі әйелдерді одан әрі оқуы үшін проблемалары мен қажеттіліктерін анықтау (45 пайыз), қажетті оқытуды таңдау (23 пайыз), жабдықты (4 пайыз), бизнесті жүргізуді (15 пайыз), сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік пен кооперацияны оқыту (13 пайыз) бойынша консультация беруге тиесілі.
Әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы шағын және орта бизнестегі бұрымдылардың көбеюімен расталып отыр. Ал Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының қазіргі қызметі әйелдердің оқуға және өз бизнесін дамытуға деген қызығушылығының зор екенін көрсетеді.