• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Сайлау 21 Қараша, 2022

Шетелдегі отандастарымыз белсенділік танытты

177 рет
көрсетілді

Шетелдегі дауыс беру орындарының алды болып Жапония мен Корея­да­ғы учаскелер ашылды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Мәскеу мен Ыстанбұл қалаларындағы Қазақстан азаматтары белсенді түрде дауыс берген.

Токиода №261 және Сеулде №258 сай­лау учаскелері жергілікті уақыт бо­йын­ша сағат 07:00-де ашылған. Қазақ­стан­дық кәсіпкер Сырымбек Тау Токио қаласындағы сайлау учаскесінде сайлауға ең бірінші болып дауыс берді. «Сайлауға қатысу – әрбір азаматтың борышы, мемле­кет алдындағы парызы. Біз өз таңдауы­мызды жасап, мемлекеттік іске белсенді араласуымыз керек. Мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен іргесінің берік болуы­на әркім өз үлесін қосу қажет. Міне, сон­дықтан да бүгін кәсіпкер ретінде Токио­да іссапармен жүріп, өз дауысымды ел бола­шағы үшін беруді жөн көрдім», деді С.Тау.

Ал Оңтүстік Корея астанасындағы №258 сайлау учаскесіне алғашқы болып қазақстандық Юрий Цой келді. Сеул­де 5 жылдан бері тұрып жат­қан ол кәсіпкерлікпен айналысады. «Қазақ­стандағы жаңалықтарды белсенді қарап отырамын және елдегі оң өзгерістерді көріп жүрмін. Сондықтан президент сайлауында дауыс беруге қуана келдім», деді кәсіпкер.

Аталған екі елден соң уақыт белдеуіне байланысты Бейжің, Шанхай, Гонконг, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр қалаларында дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады.

Қазір еліміздің бірнеше құрама командасы шетелдерде байрақты бәсекеге қатысып жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, олардың барлығы елшіліктерге барып дауыс берген. Мәселен, ескек есуден Қазақстан құрамасы Ташкент­те, жеңіл атлетикадан құрама команда Анталияда, Ұлттық футбол құрама командасы Абу-Дабиде орналасқан сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасаған. «Мажарстандағы Еуропа әйелдер хоккей лигасына қатысуға келген алматылық «Айсұлу» клубы Будапешт қаласындағы №243 сайлау учаскесінде, конькимен жүгіру спортынан Қазақстан ұлттық құрамасы Нидерландта дауыс берді. Бокстан Марокко ұлттық құрамасын жат­тықтыратын белгілі қазақстандық бапкер Ерік Алғабек Қазақстанның Рабаттағы ел­шілігі жанындағы сайлау учаскесіне келіп, маңызды науқанға қатысты», деп мәлімдеді СІМ. Жалпы, ел азаматтары Мәскеу мен Ыстанбұл қалаларында дауыс беруде белсенділік танытқан. Шетелдегі сайлау учаскесінің ең соңғысы Сан-Францискода ашылды.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу үшін барлығы 10 101 сайлау учас­кесі құрылған. Оның ішінде 68-і Қазақ­станның 53 мемлекетіндегі диплома­тиялық өкілдігінде орналасқан.