Түркістан облысында елді мекендерді таза ауыз су, жарық, газ, сапалы жолмен қамту мәселелері басты назарда. Облыста 831 елді мекеннің 712-сі, яғни 7 қала, 705 ауыл немесе 85,7%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жоспарға сәйкес қалған 119 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге 21,7 млрд теңге қажет. Осы мақсатта биыл 21 нысанға 5,1 млрд теңге бөлінді. 10 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпелі. Нәтижесінде, 23 елді мекенге ауыз су беріліп, облыс бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші 87 %-ға жетеді.
Жуырда ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынып не қайта құрылып жатқан нысандар бойынша кемшіліктер ортаға салынған жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
«Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Ауыз су мәселесін терең талдап, аудан, қала әкімдіктері, басқармалар немесе облыс әкімдігі деңгейінде шешілетіндерін нақтылап берген жөн. Арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек», деді облыс әкімі.
Жиында Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі көтерілді. Оны шешу үшін «Түркістан облысындағы Өгем өзеніндегі су электр стансаларының каскады мен су құбыры» жобасын инвестиция тарту арқылы іске асыру көзделуде. Ал Кентауда жерасты суларын төмендету жүйесін салу жобасының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Кенді шаһарда салынып жатқан жерасты суларын төмендету жүйесі толық жүзеге асқан соң қаладағы апаттың алдын алу мәселесі шешіліп, жиналған су тиімді пайдаланылмақ. Тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Түркістан өңіріне қосымша 70 млн текше метрге дейiнгi ағын су жеткізілетін болады. Жоба аясында бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 60 метр тереңдікте 11 сусорғыш орнатып, «Кеншілер» саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өту қарастырылған. Нәтижесінде, Кентауда жасанды көл пайда болады. Жоба бойынша 1,5 мың шақырым жол қазылып, 5,5 шақырымға құбыр жүргізілді. Кентау Түркістанмен бірге дамитын әрі әлеуеті зор шаһар. Сондықтан да жылуға, су жүйесіне қатысты түйткілдер қатаң бақылауда болмақ. Бүгінде Кентауда жаңадан соғылған көпқабатты 10 тұрғын үй газ жүйесіне қосылуда. Бұл үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында сыртқы газ жүйлеріне жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары былтыр аяқталған. Қазіргі таңда Ш.Уәлиханов көшесіндегі №160, 162, 164 үйлердегі 180 пәтер табиғи газбен қамтамасыз етілді. Ал «Кентау қаласындағы кәріз су тазарту стансасы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы» жобасын іске асыру бойынша жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін келісу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Жоба бойынша 40 гектар жер теліміне жаңа кәріз су тазарту стансасы салынып, тиісті құрылымдарымен қамтылады. Бұл станса қаланың кәріз су жүйесін толық тазалауға қауқарлы болмақ.
Өңірде энергетика саласын дамыту, тарифтерді қадағалау, осы саладағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері де күн тәртібінде. Облыс тұрғындары негізінен ауылды жерде тұрады. Оларды сапалы инфрақұрылым, электр қуатымен қамту – маңызды міндеттердің бірі. Тарифтер мәселесі де жауапты мекеме арқылы тұрақты зерделенеді. Облыстағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғының қуатын пайдалануда. Биыл электрмен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына 13,1 млрд теңге қаралып, 40 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 8-і биыл пайдалануға беріледі. Ал қалған 32 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Түркістан қаласында 2024-2025 жылдары «Сауран», «Нұртас» қосалқы стансаларының және «Орталық» қосалқы стансасынан халықаралық әуежайға дейінгі электр желілерінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Облыста өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті өркендету жолдары да жан-жақты қарастырылуда. Индустриалды аймақтардың инфрақұрылым мәселесі зерделенуде. Өңірде ірі зауыттар аз. Инвесторлар тарту бойынша жұмыстар қолға алынған. Бұл орайда облыс әкімі жастарды еңбекке тарту, оларды ынталандыру бағытындағы жобаларды күшейту қажет деп есептейді. Өңірде жұмыс күші жеткілікті. Бүгінгі таңда облыста 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Биыл олардың саны 26,5 мыңға артқан. Тұрғындарды кәсіпкерлікке баулу, несиелендіру жұмыстары жалғасуда. Бұл орайда өңірдегі индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтарға инвестиция тарту ісін жандандыру маңызды.
«Жалпы бірінші кезекте индустриалды аймақтардың жер мәселесі және оған қажетті инфрақұрылым бойынша «Жол карталарын» бөлек әзірлеуіміз керек. Кәсіпкерлер мен инвесторлар біздің өңірде электр тарифі арзан емес екенін айтады. Инвесторлармен дұрыс жұмыс істеу қажет. Осыған байланысты тиісті басқармалар мен мекемелерден, басшылардан нақты ұсыныстар күтемін. Аудан, қала әкімдерінің негізгі индикаторларының бірі – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осы бағытта жұмысты жандандырыңыздар. Индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етуге тиіс», деді Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтарды дамыту, жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланған жиында.
Сондай-ақ облыс әкімі электр қуатына қатысты тарифті төмендету және реттеу жөнінде жауапты мекемелермен бірлесе жұмыс істеп, тиімді шешім шығаруды тапсырды. Индустриалды аймақтарда жұмысты жандандыру, жаңа кәсіпорындарды ашу ісін күшейту жөнінде тапсырма берді. Басқарушы компанияларды оңтайландырып, нақты нәтижеге жету жолында жұмыс істеуді жүктеді.
Жалпы, облыста 9 индустриалды аймақ бар. Олар Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Түркістан және Кентау қалаларында орналасқан. Индустриалды аймақтарда құны 24,054 млрд теңге болатын және 2 614 жұмыс орнын құрайтын 56 жоба орналасқан. Оның ішінде құны 15,542 млрд теңге болатын және 2 087 жұмыс орнын құрайтын 40 жоба іске қосылып, жұмыс атқаруда. Биыл 266 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 7 жобаны іске қосу межеленген. Сондай-ақ өңірде «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда 365 гектар өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жобаны жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр. Оранғай ауылында орналасқан арнайы экономикалық аймақта өрт сөндіру депосы, байланыс жүйесі, бақылау өткізу бекетінің құрылысы жоспарланған. Газ құбыры 23 шақырымға жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда. Сонымен бірге абаттанттыру жұмыстары жүргізіледі.
«Арнайы экономикалық аймақта бизнесін ашуға ниетті кәсіпкерлерге барлық жағдай жасауға міндеттіміз. Біз ұсынатын мүмкіндік өте қолайлы болуға тиіс. Тариф төмен, мүмкіндік мол болуы қажет. Ең алдымен арнайы экономикалық аймақта орналасатын жаңа жобалар үшін инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы басым», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ кәсіпкерлерді қорғайтын және дамытатын, өткізу нарығына жол ашатын, өнімділікті ұлғайтып, қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді өнеркәсіп саясатын, сонымен қатар ашық әрі прагматикалық салықтық-бюджеттік саясат қалыптастыру керек. Индустрияландыру картасы аясында экономикалық аймақтың табысты дамуына жаңа серпін беретін өнеркәсіптер мен аймақтардың инфрақұрылымын жандандыру мәселелеріне басымдық беріледі. Бұл аймақтар – өндіріске инвестиция тартудың негізгі алаңдарының бірі. Себебі оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік ұсынылады. Атап айтқанда, кәсіпорын ашу үшін инвесторға барлық инфрақұрылым желілері жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Оған қоса мұндағы компаниялар жер салығы, мүлік салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылады. АЭА аумағында тауар өндірушілерге электр қуаты арзандатылған тарифпен беріледі. «Turkistan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 650,772 млрд теңге тұратын 91 жоба жүзеге асады. Бүгінде 65 жобаның іске қосылуынан 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Барлық жоба бойынша 8 мыңға жуық адам жұмысқа орналасады.
Өңірде индустриалды аймақтар саны арта түспек. Облыста құны 42,541 млрд теңгені және 3 023 жұмыс орнын құрайтын барлығы 60 жоба орналасқан. Келесі жылдың бірінші жартысында «Тurkistan» аймағында орналасқан браунфилд өндірістік ғимаратында құрылыс материалдарына арналған қаптама шығаратын isiklar holding A.S. өндіріс орнын орналастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Сайрам ауданында жаңа индустриалды аймағын құру бойынша жер көлемін анықтап, инфрақұрылым жүргізу мәселесі талқыланды. Сондай-ақ «Бадам» индустриалды аймағының көлемі үлкейтілмек. Түлкібас, Шардара және Бәйдібек индустриалды аймақтарын агро-индустриалды аймақ ретінде іске асыру және өңірде агро-өнеркәсіп саласын дамыту жоспарланып, облыс әкімдігіне басқарушы компания тарапынан агро-индустриалды аймақ құру туралы ұсыныс енгізілген. Индустриалды аймақтардың қатысушылары – «Grand Miks» ЖШС-ы (жоба құны – 2,47 млрд тг), жиһаз өндіріс кәсіпорны, «CG Food Central Asia» ЖШС-ы (жоба құны – 1,1 млрд тг.) дайын тағам өнімдерін өндіруші кәсіпорны. Индустриалды аймақтарды дамыту барысында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оған дәлел, биыл құны 8,205 млрд теңге және 640 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 8 инвестициялық жобаны тарту көзделген. Жыл соңына дейін темір-бетон бұйымдарының өндірісі мен керамзитті кірпіш өндіру жобасы іске асырылады.
Айта кетелік, биыл Түркістан қаласында жалпы көлемі 200 мың шаршы метрден асатын 3 392 пәтерлі 53 үйдің құрылысы жүргізілуде. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мәлімдеуінше, жыл басынан бергі 10 айдың ішінде жаңадан салынған 42 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Яғни жыл басынан бері несиемен және кезекте тұрған 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 11 көпқабатты тұрғын үй құрылысы толық аяқталады. Яғни тағы 725 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл орайда құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстау, инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстарын ширату маңызды. Сондай-ақ өңірде туризм саласын дамыту бойынша стратегиялық жоспар қажет. Нақты индикаторлар, межелер мен оған жету жолдары нақтылануға тиіс.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның айтуынша, Түркістанның басты бренді әрі құндылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етушілер саны артып келеді. Дегенмен туризм өңірге нақты табыс әкелуі үшін саяхатшылар облыс пен Түркістан шаһарында кем дегенде 2-3 күн аялдайтын жағдай жасау қажет. Бүгінде осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Былтыр Түркістандағы кесенеге 1,4 млн адам зиярат етсе, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны қалада 100 мыңға жуық адамды құраған.
Түркістан облысы