• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Қараша, 2022

Әлем чемпионаты басталды

336 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниенің спорт жанкүйерлері тағатсыздана күткен футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының алауы жағылды. Жексенбі күні Қатардың Әл-Хаур қаласында орналасқан «Әл-Байт» стадионында биылғы ала доп аламанының ресми ашылу салтанаты өтіп, артынша Қатар мен Эквадор құрамалары арасындағы матчпен турнирдің шымылдығы түрілді.

60 мың жанкүйерге арнап салынған «Әл-Байт» стадио­нындағы ашылу салтанатына келген жанкүйерлер мен теле­көрермендер кореялық әнші және BTS тобының өкілі Чонгук пен қатарлық әртіс Фахад Әл-Ку­байсидің «Dreamers» композициясын, Голливудтың танымал әрі құрметті актерлерінің бірі, «Оскар» сыйлығының лауреаты Морган Фрименнің сахналық өнерін тамашалады. Сондай-ақ ұйымдастырушылар осыған дейінгі әлем чемпионаттарының әнұраны мен бойтұмарларын көрермендердің есіне тағы бір мәрте салып өтті.

Ал жиынның ресми рәсімінде Қатар әмірі Тамим бин Хамад Ат-Тани сөз сөйлеп, барша футбол жанкүйерін мундиалдың басталуы­мен құттықтады. Чемпионаттың ашылу рәсіміндегі ең ерекше оқи­ғаның бірі ретінде жергілікті қари Ғаним Муфахтың Құран сүрелерін оқығанын атап өтуге болады. «Әл-Байт» стадионында Әл-Хужурат сүресінің 13-аяты оқылды.

Ресми іс-шаралар аяқталған соң жасыл алаңға жарыс қожайы­ны Қатар мен әлем чемпионатында төртінші мәрте өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған Эквадор құрамалары шықты. Қатар құрамасы әлем чемпионатына турнир ұйымдастырушысы ретінде қатысып жатса, Эквадор футболшылары Оңтүстік Америка құрлығының іріктеу бәсекесінде Перу, Колумбия, Чили және Па­раг­вай құрамаларын артқа тастап, Қатар жолдамасын жеңіп алған еді.

Көпшілік күткендей әлем чемпионатының алғашқы матчы аса тартысты бола қойған жоқ. Эквадор футболшылары бұл кездесуде айқын басымдық та­нытты. Дегенмен, футбол жан­күйерлері бұл матчты басқа қы­зы­ғушылықпен тамашалады деп айтуға болады. Себебі чемпионат басталардан бірер күн бұрын интернет әлемінде «Қатар билігі Эквадор құрамасының сегіз футболшысына үлкен сомада қаржы ұсынып, алғашқы матчтағы жеңісті сатып алыпты» деген ақпарат әп-сәтте бүкіл әлемге таралып кетті. Әйтсе де, бұл ақпараттың шындыққа еш жанаспайтынын Эквадор футболшылары матчтың бірінші таймында-ақ дәлелдеп тастады. Ал осы бір антижарнаманың арқасында аталған кездесу дүние жүзінің назарын өзіне аудартты.

Сөйтіп 22-ші әлем чемпио­натының алғашқы кездесуінде эквадорлықтар алаң қожайындарын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Биылғы біріншіліктің алғашқы голын Эннер Валенсия 16-минутта пенальтиден соқты. Сондай-ақ ол чемпионаттағы екінші голды да өз еншісіне жазды. Осылайша, әлем чемпионаттарының тарихында алғаш рет жарысты ұйым­дастырушы ел тұсаукесер матчта жеңіске жете алмады.