• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қараша, 2022

Мұрағатқа енген музыка

363 рет
көрсетілді

Алматы қаласының мемлекеттік архиві музыкант Нұргүл Аман­тайқызының құжаттарымен толықты.

Салтанатты іс-шарада қазақ өнерінің қайраткеріне арналған арнайы бұрыш ашылды. Оны еске алуға арналған жиынға балалары, жақындары, шәкірттері келді. Нұргүл Амантайқызына арналған арнайы бұрышта дарынды домбырашыға қатысты құжаттар жинақталған. Сондай-ақ аспаптары, «Арнау» этнофольклорлық ансамблінің жетістіктері мен баспасөзде жарияланған материалдар қойылған.

Танымал өнерпаздың жақындарының айтуынша, Нұргүл Аман­тайқызы халық ақыны, фольклоршы, сазгер, абыз Шәкір Әбеновтің көзін көріп, батасын алған. Батагөй қария саналы ғұмырында жанына серік еткен үш ішекті домбырасын өнерпаз қызға сыйлаған. Содан бері өнер жолынан алыстамай, үнемі ізденіспен күн кешкен. Осы себепті де айтулы өнерпаздың шығармашылығы қазақ музыка мәдениетінде ерекше орын алады.

Нұргүл Амантайқызы тұңғыш «Арнау» атты этнофольклорлық қазақ балалар ансамблін құрған. Өнерпазды еске алуға арналған басқосуда «Арнау» ансамблі ұстаздары үйреткен бірнеше күй орындады. Үш ішекті домбыраның сиқырлы үні жиналған көпшіліктің жүрегін елжіретті. Шарапатты іс-шараға «Арнаудың» көркемдік жетекшісі Нұргүл Әкімғожинаның ісін жалғаған ұлы Жандос Рамаданов пен қызы Дидара Рамаданова арнайы шақырылған. Олар анасының орындалмай кеткен армандарын, үлкен үміт күткен ісін жалғастыруды мақсат етіп отырғандарын жеткізді.

 Жалпы, үш ішекті домбыраның ерекшелігі: үшінші дыбысының артықшылығында. Қосбұраудағы домбырада Нұргүл Амантайқызына дейін Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Абайдың баласы Ақылбай немересі Ысырайыл және Шәкір Әбенов пен Жарқын Шәкәрім шебер ойнаған.

Жұлдыз ЖАМЕНКИНА,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті

АЛМАТЫ