• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 23 Қараша, 2022

Бір күндік демалыс жариялады

323 рет
көрсетілді

Әр әлем чемпионатынан үлкен сенсация күтетін жанкүйерлердің тілегін бірінші болып Сауд Арабиясы құрамасы орындады. Қатардағы доданың үшінші күнінде Аргентина құрамасымен кездескен арабиялықтар Месси бастаған ұжымды тізе бүктіріп, әлемдік доданың алғашқы сенсациясын тіркеді.

Сауд Арабиясының бұл жеңісін қазір әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр. Өйткені олар чемпионаттың басты фавориті саналғаны Аргентина құрамасын алғашқы ойында тобықтан қақты. Сондай-ақ арабиялықтар «альбиселеста» өкілдерінің 36 матчқа жалғасқан жеңіліссіз сериясына нүкте қойды. Оңтүстік Америка өкілі осымен әлем чемпионаттарының тарихында алтыншы мәрте бірінші турда жеңілді. Олар соңғы рет 1990 жылғы додада Камерун құрамасына есе жіберген болатын.

Ал әлем чемпионатына қата­рынан екінші рет, жалпы алтыншы мәрте қатысып жатқан арабиялықтар футбол мундиалындағы төртінші жеңісін тойлап жатыр. Сауд Арабиясы 1994 жылы АҚШ-та ұйымдастырылған чемпио­наттың топтық кезеңінде Ма­рокко (2:1) мен Бельгияны (1:0) жеңсе, осыдан төрт жыл бұрынғы Ресейдегі әлем бірін­шілігінде Мысыр (2:1) құрамасынан басым түскен еді.

Құраманың осынау тарихи жеңісінен кейін Сауд Арабиясы Королі Салман ибн Әбд әл-Ғазиз әл-Сауд 23 қарашаны бүкіл мемлекеттік демалыс күні деп жариялады. Сөйтіп, фут­болшылардың 90 минут ішінде жасаған тосынсыйының арқасында тұтас бір мемлекет тұрғындарына бір күндік демалыс берілді. Яғни кеше мемлекеттік қызметкерлерден бастап, жеке секторда жұмыс істеп жүргендер, студенттер мен оқушылардың бәрі демалды. Сонымен қатар БАҚ беттерінде Аргентина құра­масын жеңгені үшін Сауд Арабиясының әрбір футболшысы 2,5 миллион еуро көлемінде қаржылай сыйақы алатыны туралы мәлімет жария­ланды.

Ал сол ойында Аргентина құрамасының жалғыз голын пенальтиден соққан Лионель Месси әйгілі Марадона мен Батистутаны артқа тастап, қатарынан төрт әлем чемпионатында гол соқ­қан алғашқы аргентиналық ойыншы атанды. Месси осы жетістігінің арқасында төрт әлем біріншілігінде дараланған Пеле (Бразилия), Уве Зеелер мен Мирослав Клозе (Германия) және португалиялық Криштиану Роналдумен теңесіп алды. Бес дүркін алтын доп иегері Роналду Қатар­дағы чемпионаттың алғаш­қы ойынын бүгін Гана құра­масымен өткізеді, егер ол осы матчта немесе басқа да кезде­сулердің бірінде гол соғатын болса, бес әлем біріншілігінде гол соққан тарихтағы тұңғыш футболшы ретінде есімі алтын әріппен жазылады.

Сонымен қатар футбол­шылардың бас бәсекесіндегі Франция мен Аустралия (4:1) арасындағы матчта да бірнеше рекордтың мұрты бұзылды. Атап айтқанда, Қатардағы мундиальға әлем чемпионы атағын қорғауға келген «үш жолақты» елдің футболшылары алғашқы ойынында-ақ ірі есеппен жеңіске жетіп, тағы бір ерекше рекорд орнатты. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, әлем чемпиондарының бірде-бірі өздерінің алғашқы матчы­н ірі жеңіспен бастамаған. Тіпті кейінгі үш чемпионаттағы жеңімпаздар бірінші матчта тегістей ұтылған.

Аустралия қақпасына дубль жасаған Франция құрамасының шабуылшысы Оливье Жиру өзінің ұлттық құрамадағы 50 және 51-ші голын соғып, Тьерри Анридің жетістігін қайталады. 1997-2010 жылдар аралығында Франция құрамасының намысын қорғаған Анри 123 матчта алаңға шығып, 51 гол соққан. Ал 2011 жылы Франция құрамасының жейдесін киген Жиру 51 голды 115-ші матчында соқты. Бұл тізімде Жируды Антуан Гриз­манн (42 гол) және Карим Бензема (37) өкшелеп келеді.

Сұрмергендер тізімінде 10-орында тұрған Килиан Мбап­пе кеше өзінің әлем чемпионаты тарихындағы бесінші голын соқты. Бұл дегеніңіз, 23 жастағы ПСЖ клубының шабуылшысы әлемдік додада бес мәрте дәлдік танытқан ең жас француз футболшысы атанды. Бұған дейінгі рекорд Жюст Фонтенге тиесілі еді. Ол 24 жасында 1958 жылғы әлем чемпионатында жасындай жарқылдаған еді. Ал оның сол жылғы чемпионатта 13 доп соғып жасаған рекорды жуық маңда жаңара қоймайтыны анық.