• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Қараша, 2022

Мунктің «Айқайы»

387 рет
көрсетілді

Әлемде сурет өнерін қалыптан тыс магиясымен сырқаттаған туындылар легі көп емес. Соның бірі һәм бірегейі норвег суретшісі Эдвард Мунктің «Айқайы».

Мунктің ең атақты шығар­маларының бірі де осы. 1893-1910 жылдары салынған суреттің төрт нұсқасы бар. Ал­ғашқы нұсқасы «Торығу» деп аталған. Өне бойы қорқынышқа толған картинадағы адам өнердегі ең танымал персонаждың бірі. Деректер бойынша, картинаның бір данасы жеке адамның қо­лында сақталған, ол 2012 жылы 2 мамырда аукционға түсіп, 119,9 миллион долларға сатылған. Сол шақта өнердің ең қымбат шығар­масының бірі болып танылған.

Әлемдегі ең танымал карти­наның қатарына жататын туынды экспрессионизмнің басты құбылысы болып танылады. Сурет жөнінде екі тұжырымды пікір қылаң береді. Бірі – үрей құшағындағы кейіпкердің құла­ғын жауып айғайлауы немесе кейіпкердің айналадағы қоршаған әлем мен табиғат даусынан тітір­кеніп, құлағын жабуы. Кейбір болжамдарда үрейлі кейіпкер суретшінің өзінің депрессияға шалдыққан тұрпатының көрінісі деген пікірлер бар. 1978 жылы Мунк шығармаларын зерттеуші Роберт Розенблюм суреттегі қорқынышты адам бейнесін Мунк 1889 жылы Париждегі әлемдік көрмеден көргенін, оның перуандық мумияның көрі­нісі екенін алға тартады. Ал италиялық әлдебір антро­пологтің айтуы бойынша кейіп­кер флорентиялық мұра­жайдағы мумияның бейнесіне едәуір ұқсас.

Айта кету керек, «Айқай» әлемде Леонардо да Винчидің «Моно Лиза» картинасынан кейінгі ең танымал шығарма сапында. Ол ғасырлар бойғы Еуропа мәдениетінің іргетасы саналатын Рафаэльдің «Сикс­тин Мадоннасы», Рембранд­тың «Адасқан ұлдың оралуы» және Брейгелдің «Бабыл мұнарасынан» алда тұр. Неге? Өйткені ешбір сурет XX ғасыр адамының терең сезінуі мен алабұртқан көңілін, мұңы мен жан дүниесінің тепе-теңдігін жоғалтқан көрінісін дәл «Айқай» секілді дәлме-дәл, символикалық кескінде суреттей алған жоқ. Мунктің өзі бірегей еңбегі жайлы: «Бір түні көшеде келе жаттым, бір жағымда қала мен теңіз жағалауы орналасқан. Өзімді қолайсыз сезініп әрі қажулы едім, теңіз жағалауына үнсіз назар салып тұрдым. Күн еңкейіп батуға таяғанда бұлттар қан секілді қызыл түске боялды. Бір сәтте табиғатқа айқай енген секілді, мен бір айқай даусын естігендей болдым. Осы көріністен соң «Айқай» шығармасын салуға бекіндім, бояулар айқайлап тұрғандай, бұлттар нағыз қан бейнесіне енгендей етіп салдым»,  дейді суретші күнделігінде. Мунк­тің бір сюжетті әртүрлі қы­­рынан бейнелейтін, бір сюжет­ке бірнеше рет оралатын әдеті болған. Мәселен, тағы бір деректерде «Айқайдың» 40-қа жу­ық нұсқасы салынған деседі. Олар­дың төртеуі көркем сурет болса, қалғаны графикалық сурет.

Қорыта айтқанда, адам бала­сының сыры сан алуан. Оны зерт­теп, зерделеген, ақыл-ой алып­тары тарих бетіне өзіне тән жұм­бағын өрнектемек. Ал оны ба­ғамдап, тарқату, мағынасын ашу – келешек ұрпақ ісі.