Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Аталған мәселелер жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар.
«Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Мәселен соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы – 59, Алматыда – 37, Шымкентте 67 пайызға өсті. Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір ұлғайды. Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті», деді Ә.Қуантыров.
Министрдің айтуынша, аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік-құқықтық базаның болмауы. Осыған байланысты, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажет.
«Бір айта кететін жайт, әлемде Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты унитарлық мемлекеттерде де, АҚШ, Канада, Германия, Испания және Италия сияқты федеративті мемлекеттерде қалалық агломерациялардың дамуын реттейтін арнайы заңдар бар.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң әзірлеуді тапсырды. Оның үстіне, Мемлекет басшысы биылғы 5 мамырдағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында осы заң жобасын жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі. Негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігі қалыптастырылады», деді Ә.Қуантыров.
Агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері ретінде орталық қаланың әкімшілік мәртебесі, демографиялық сыйымдылық, логистикалық және экономикалық әлеует қарастырылмақ. Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ тағы басқа облыс орталықтары да айқындалмақ.
«Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейді. Жергілікті кеңестің құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік-емес ұйымдардың өкілдері кіреді.
Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шаралар бойынша ұсыныстар әзірлейді. Осы орайда, орнықты әлеуметтік-экономикалық әрі үйлестірілген дамуды қамтамасыз ету мақсатында Жергілікті кеңес агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын дайындайды. Кешенді жоспар қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, күтілетін нәтижелерді қамтиды», деді Ә.Қуантыров.
Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады. Негізгі және ілеспе заң жобалары шеңберінде өңірлердің әкімдіктеріне қосымша өкілеттіктер берілмек.
«Мәселен негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады. Сондай-ақ әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге атсалысады.
Бұдан басқа, орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді. Бас жоспардың жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді», деді Ә.Қуантыров.
Агломерацияларды үйлестірілген дамыту мақсатында заң жобасында синергия әсері бар бірлескен агломерациялық жобаларды қаржыландыру үшін қала және іргелес облыс бюджеттері арасында көлденең трансферттер тетігі әзірленбек. Бұл орталық қаланың да, оның маңындағы аймағының да дамуына әсер етеді.
Бұдан кейін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Аталған құжат жөнінде Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Роман Василенко баяндама жасады.
«Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастық жыл сайын көптеген салаларда кеңейіп келеді. Елдер арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың 9 айында 558 млн долларды құраса, БАӘ-тен келген инвестициялар ағыны 2022 жылдың 1 жартыжылдығында 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 128,7 млн долларға жетті.
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдерінің ішіндегі негізгі инвестор. Жалпы, 2005 жылдан бастап 2022 жылдың 1 жартыжылдығында дейін БАӘ-тен келген тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 2,9 млрд долларға тең.
Сонымен қатар 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктері капиталының қатысуымен 371 заңды тұлға тіркелген. Бүгінгі таңда 5,3 млрд АҚШ доллары сомасын құрайтын 28 жоба іске асырылып жатыр», деді вице-министр.
Р.Василенконың айтуынша, Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыруда инвесторлардың құқықтарына кепілдіктерді бекіту жолымен ынтымақтастық үшін құқықтық шеңберлер құруды көздейді.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Бұдан бөлек, «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Түрікменстанның Үкiметi арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Фуат Сатыбаев ант берді. Сонымен қатар жалпы отырыста палата депутаттары Фуат Сатыбаевты Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына сайлады.
Жиын соңында бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолдады. Сәлімжан Нақпаев Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдаған сауалында Жайық өзеніне қатысты мәселе көтерді.
«Жайық өзенінде 2018 жылдан бастап, әсіресе Каспий теңізіне құятын өзеннің сағасында су деңгейінің күрт төмендеуі байқалады. Қазіргі уақытта теңізге құятын Жайық өзенінің тереңдігі небәрі 40-50 см құрайды. Су деңгейінің мұндай апатты төмендеуі бірнеше салаларға әсер етеді.
Бірінші, халық шаруашылығының балық саласында. 5 мыңға жуық балықшыны біріктіретін 800-ге жуық балық аулау бригадасының теңізге тұрақты түрде шығуға мүмкіндігі жоқ. Бұл балық аулау лимитін орындамауға және жергілікті қазынаға салықтың түспеуіне әкеледі. Яғни ең негізгісі – балықшыларды жалғыз табыс көзінен айырады», деді С.Нақпаев. Екіншіден, бұл жағдай Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің Жағалау күзеті кемелерінің теңізге кіруіне және шығуына елеулі қиындық туғызады. Үшіншіден, экологиялық қауіпсіздікке де әсер етеді.
«Норт Каспийан Оперейтинг Компани» (НКОК) компаниясы – еліміздегі теңіз мұнай-газ кен орындарын игерудің ірі жобасы ретінде Солтүстік Каспий жобасының операторы. Теңіздегі Қашаған кен орнында түрлі апаттар болған жағдайда мұнайдың теңіз бетіне төгілу қаупі бар. Сондықтан Жайық өзенінің теңізге құятын жеріне жақын жерде «Солтүстік Каспий мұнайының төгілуіне әрекет етудің экологиялық базасы» орналасқан. Ол апат кезінде теңізге тараған мұнайды шұғыл түрде жинауы керек.
Су деңгейінің Жайық өзенінің атырабындағы 1,4 м сыни белгіден төмен түсуі мұнайдың авариялық төгілуін жедел жою мақсатында мамандандырылған кемелердің өтуіне мүмкіндік бермейтін жағдайға әкеледі. Үкімет сағаты кезінде бізге жыл сайын тереңдету жұмыстарына қаражат бөлінетіні туралы хабарланды. Бірақ бұл жұмыстардың нәтижесі өзеннің сыни таяздануына әкелді. Демек атқарылған жұмыстар тиімсіз болып отыр», деді С.Нақпаев.
Бұдан бөлек, тағы бірнеше депутат сауалдарын жолдады.