Футзалдан Қазақстанның 19 дүркін жеңімпазы, Чемпиондар лигасында екі мәрте топ жарған Алматының «Қайраты» қатарынан екінші жыл «Төрттік финалға» шыға алмады.
Биылғы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде Португалияның «Бенфика», Мальтаның «Люксол Сент-Эндрюс» және Чехияның «Хрудим» командаларымен бір топта өнер көрсеткен қазақстандық клуб бірде-бір ойында жеңіске жете алмай, жанкүйерлерін жерге қаратты. Бірінші турда «Люксол Сент-Эндрюспен» тең түскен (0:0) «Қайрат» екінші және үшінші турда «Хрудим» мен «Бенфикадан» 2:1 есебімен жеңіліп қалды.
Сөйтіп, үш ойында небәрі бір-ақ ұпай жинаған алматылық ұжым өз тобында соңғы орында қалып қойды. Ал екі ойында жеңіске жетіп, біреуінде ұпай бөліскен «Бенфика» 7 ұпаймен турнирдің финалдық сатысына жолдама алды. Осылайша, «Қайрат» қатарынан екінші жыл «Төрттік финалдан» тыс қалды.