Бірер жыл бұрын тараздық жас ақындар Арайлы Жақсылық пен Файзулла Төлтайдың бастамасымен қолға алынған «Авангард» поэтикалық жобасы Таразға қайта оралды. Көңілін күй күмбірімен тербеткен, жүрегін жыр жолдарымен жұбатқан жастар «Авангардты» аңсап қалыпты. «AYU» мейрамханасына жиналған олардың жүзінен сағыныш табын аңғарғандай болдық.
Еркін форматта өтетін жоба бұл жолы «Сағыныш сонатасы» деген атаумен ұйымдастырылды. Іс-шараға барлық буын өкілдерінің ағылып келгені көңіл қуантты. Келушілер өмірден өткен қаламгерлерді де ұмытқан жоқ. Қазақтың қабырғалы қаламгері Несіпбек Дәутайдың досы Асаубай Майлыбаевтың сөзінен осыны аңғардық.
«Мұнда жиналған жастардың алдыңғы буын ағаларын ұмытпағаны көңілді толқытты. Ұдайы жастардың жанынан табылған, көзі тірісінде «Авангардтың» алғашқы басқосуларында төбе көрсеткен Несіпбек досымды сағынып жүрмін. Нескең бақилық болғалы жалғызсырап жүрген жайым бар. Бүгін жастардың отты өлеңдерін тыңдап, сағынышымды басқандай болып отырмын», деді ол өз ойымен бөлісіп.
Асаубай Майлыбаевтың ойын құптаған ардагер журналист Бекет Момынқұл мен белгілі дәрігер Сағындық Ордабеков те жастарға деген ризашылығын жеткізді. Соңынан Шапағат Әбдір, Нұржан Әліш бастаған ақындар қарашада қара өлеңнен төгілдірсе, жас ақын Жанғазы Ахметтің ұлы Нұриман Сембай да жергілікті ақындардың жырын жатқа оқып, жұртты тамсантты.
Ән мен күй, өлеңмен әдіптелген жобаның бесінші басқосуында жергілікті суретші Айдархан Сихаев көңіліне қонған образдарды қағазға түсіріп, қаламгерлердің алғысына бөленді.
ТАРАЗ