• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Еркіндік қағидатына негізделген одақ

361 рет
көрсетілді

Көршілердегі құбылмалы жағдай Қазақстан халқына ой салды, мемлекеттік мүдде тұрғысынан басын біріктірді. Дәл қазіргі таңда бір-бірімізбен сұхбаттасқанда әрбір айтылған пікірге абай болу қажеттігін ұғынудамыз. Сыпайылық сақтап, сабырлы болуға ұмтылудамыз. Қазақстандықтар бұрын халықтар достығын «осылай болуы тиіс» деп қабылдаса, қазір осы тыныштық пен татулықтың қадірін жете түсінді. Неге десеңіз, бәріміз Отанымызда тұрақтылық пен бейбітшілік орнағанын қалаймыз. Қазақ елі – құшағын жақынға да, жатқа да айқара ашқан ақжарма ақкөңіл, ақеділ меймандос, жұт жылдарында аузындағы жарты нанын жанындағысына жұлып берген жанашыр жұрт мекен еткен айрықша алып мемлекет. Асын ғана емес, басындағы бағымен де бөлісуге дайын тұратын, тапқаным тойға шашылсын деп тарылуды білмейтін жаны да, қолы да жомарт ұлы ұлт. Осы кең пейілі мен көрегендігінің, көнеден келе жатқан өнегелілігінің арқасында 140-тан астам ұлт өкілдерін сайын даласының сала-саласына сиыстырып, бір атаның баласындай ертеден бейбіт өмір сүріп келеді. Бүгінін ғана емес, келер ұрпағының сан мың жылдық ғұмырын ойлап, болашақпен өмір сүретін ұлтымыз өткен ғасырдың аяғында дүниені дүр сілкіндірген бастама көтерді. Ол – егемендікті сақтай отырып, экономикалық мақсатта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жаһандық дағдарысқа қарсы күресу. Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда, валюта және макроэкономикалық саясатты бірыңғай жүйеге келтіріп, тауар және қызмет түрлері нарығын, мемлекеттік сатып алу, көлік пен энергетика сияқты басқа да көптеген салаларды біріктіруді ұсынып отырған бұл идея авторы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ғылыми-саяси ортаның талай тарланы мен саңлақтары білім алған білім күмбезінде осыдан 20 жыл бұрын оқылған алғашқы дәрісінде айтылған бұл идея елімізде тыңғылықты талданып, оқырманнан өз бағасын алған. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында, әлемдік аренада брендке айналған Елба­сының сәуір айының соңында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде оқы­ған «Еуразиялық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына» атты дәрі­сін маңызды тарихи оқиға деп танимын. Еуразия экономикалық одағын құру – Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында 2010 жылы ор­на­ған Кеден одағын іске асы­рудың келесі сатысы. Мұны қазақстандықтар жақсы түсінеді. Еуразия тұжырымдамасы біздің еліміздің азаматтарының бәріне бірдей жақын және ұғынықты ақиқатқа негізделгенін де білеміз. «Ортақ тарих, өзара экономикалық тартылыс, мәдениеттің өзара тығыз байланысы және адамдар ұмтылысының жақындығы біздің халықтарымызға көптарапты мемлекетаралық байланыстардың жаңа сипатын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін» ұғынамыз. Олай дейтін себебіміз, Мемлекет басшысы Еуразиялық одақ тек еріктілік, тең құқылық, өзара тиімді және оған мүше әрбір ел­дің прагматикалық мүдделерін ес­керетін қағидаттар негізінде ғана мүмкін екендігін талмай айтып, осы қағидасынан танбай келеді. Елбасының бұл жаңа­шыл бастамасы қазіргі еура­зиялық интеграция деп атала­тын жаңа тарихи үдерістің бас­тап­қы нүктесіне айналып үлгер­гені де ақиқат. Бірлестіктің мақ­са­ты мемлекеттеріміздің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыра оты­рып, экономикалық бөлік ше­гі­нен шықпайтын тек қана эко­но­микалық интеграция екендігін Нұрсұлтан Әбішұлы осыдан жиырма жыл бұрын да қадай айтқан болатын. Кешегі дәрісінде де КСРО-ның қайта тірілмейтінін, Еуразиялық одақ Тәуелсіздікке қауіп төндірмейтінін дәлелдеп айтты. Еуразиялық интеграция мәселесін Елбасыдан артық біле­тін, одан артық жол сілтей ала­тын тұлға жоқ. Осы кезге дейін­гі жеткен жетістігіміз, бейбіт өмі­ріміз, ынтымағымыз, көрші­лермен татулығымыз да таң­даған жолымыздың дұрысты­ғының айғағы. Елбасы елін еш­қа­шан ұятқа қалдырған емес. «Экс­порттық деңгейде кейбір шенеу­ніктер орын алған қиындықтарға төзім таныта алмай отыр. Шынын айтқанда, болашақ экономикалық одақты «шаблон бойынша» да жасап шығуға болар еді, алайда ол оның негізгі мазмұнына қайшы келер еді – мен жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, асығыс шешім қабылдайтын адам емеспін», деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзі көп жайды аңғартады. Кейбір сарапшылар мен саясаткерлер Кеңестер одағының мифтік «қайта тірілетінін» айтып, үрей салып жүргенінен де хабардар Елбасы бұл жөніндегі пайымдарды шындықтан алыс әрі негізсіз екенін айта келіп, «Біріншіден, бүгінде кеңестік үлгімен қайта ықпалдасу үшін институттық база жоқ. Екіншіден, посткеңестік кеңістіктегі халықтар өздерінің дербес мемлекеттерін құрды. Үшіншіден, қазіргі меншік жүйесі, әлеуметтік құрылым және қоғамдарымыздың экономикалық қалыбы кеңестік ескіліктен әл­де­қайда алға озып кетті. Бұл тұс­та біз Ресей және Беларусь бас­шы­лығымен бір пікірдеміз», деді. Н.Ә.Назарбаев бір сөзінде «Біз армандарды ақиқатқа айнал­дырдық» деген еді. Оның нақ­ты дәлелі «Қазақстан-2030» Стра­тегиясының мерзімінен бұрын орындалуы. Тоқмейілсу мен бү­гінмен ғана өмір сүру қағидатынан ада Елбасы ұрпақ болашағы үшін төрт онжылдыққа дейінгі кең ауқымды жоспар жасады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – әр қазақтың, қазақстандықтың жол ашары. Мақсат, міндет, өтер жол анықталған бағдар жолаушысы. Жігіт жасын артқа тастаған мемлекетіміздің жүріп өткен жолына көз тастағанда, осы қысқа уақыт ішінде ел тұрмақ, әлемнің танымастай өзгергеніне көз жеткіземіз. Дәл қазіргі кезең – мемлекетаралық қарым-қаты­насқа әлімжеттік саясат енген кез. Әлем күрт құбылмалы кейіп­ке енді. Күн көру шиеленісті, бәсе­келестікке тірес бірінші орынға шықты. Дүниежүзілік құрылым мен әлемдік экономика күн өткен сайын шиеленісіп, күрделеніп барады. Қазақстан қуатты, дамыған мемлекетке айналды. «Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің туған жеріміз біреу – ол жалпақ қазақ даласы. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Отбасында екеу келіспесе, шаңырақ шайқалады, екі басшы келіспесе, компания күйрейді, ал ел ішінде, ұлт пен ұлыс арасында жанжал шықса, мемлекет құлайды. Жаулықтың ең үлкені, ең қиыны – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау». Елбасы айтқан осы сөздерді Қазақ елінің әрбір тұрғыны ұлты мен ұлысына, жасы мен жынысына қарамай бойтұмардай тағынып, өмірлік қағидасына айналдыруы қажет. Сонда ғана бейбіт өмірмен жарқын болашаққа бірге жетеміз! Интеграцияның біз үшін бас­ты қағидаты мемлекеттің тұрақ­тылығы мен қауіпсіздігі. Еуразиялық экономикалық одақ­қа кіру тәуелсіздігінен айы­рылу деп түсінетін жұрт мына мәселені білуі керек. Қандай заманда, қандай қиыншылықта болсын ұлттың тәуелсіздігін сақтап қалатын күш – АНА ТІЛІ. Кезінде ұлт алыптарының бірі Ахмет Байтұрсынов тіл жөнінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деген еді. Мем­ле­кеттігіміздің дәрежесі тілге тәуелді екенін ұғынатын уақыт жетті. Ана тілі елдігімізді енші­леп, ұлттық қасиетімізді ұлық­тайды, тіліміздің мықтылығы мінезділігімізді анықтайды. Өжет, өр, батыл халықтың ұсақталмауы да осы ана тілін меңгеруіне байланысты. Себебі, тілмен жеткізілер көркем сөз – адам ойының хабаршысы ғана емес, оның тұлғалық, кісілік келбетінің көрінісі. Сұлу тіліміздің табиғатын танып талдаған түрколог ғалым­д­ары­мыздың пікірі бүгін де маңызды. Халықаралық тілдер инсти­тутының мәліметіне сүйенсек, әлемде бар 6 мыңнан астам тілдің 600-ін ғана жойылу қаупі төнбейді екен. Жыл сайын 10 тіл «өлі» тілге айналуда. Еуропаның өзінде 123 тілдің 9-ына құрып кету қаупі төніп тұрса, 26-сы «шалажансар», 38-і «мешел» күйде. Оңтүстік Азияда 700 тілдің 40-ы ғана сақталуы мүмкін, ал Солтүстік-Шығыс Азияда 47 тілдің тек 6-ы орыс тілінің қыспағына төтеп берер халде. 20-сы өліп бара жатыр, қалған 21-і құрдымға кетуде. Ал еліміздегі жағдайға келер болсақ, қолда бар мәлімет бойынша, әлемде 14 миллионнан астам қазақ болса, соның тек 8 миллион 300 мыңнан астамы ғана ана тілін біледі екен. Сонда қазақтардың 30 пайыздан астамы, яғни әрбір үш қазақтың біреуі өз тілін білмейтіндердің қатарына жатады. Ал қазақпыз деп жүргендердің көбісі ана тілімізге шорқақ екені, ауызекі сөзді қойыртпақтап немесе орыс тілін қосып сөйлейтіні, қолына қалам ұстаса, өз ойын дұрыстап қағазға түсіре алмайтыны және белгілі. Демек, ұлттың ұлт болып сақталып қалуына ана тілдің әсері зор. Экономикалық ықпалдастық елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты жандандырып, нығайта түспек. Бірақ бұл мәдени-гуманитарлық ықпалдастық үдерісі белгілі бір сегментінің басымдығымен еуразиялық кеңістіктің рухани-мәдени ерекшеліктерін жояды деген сөз емес. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы «Кез келген қатысушы мемлекеттің ұлттық құндылықтарының құлдырауына жол бермеу керек. Сол себепті қатысушы елдердің мектептері мен ЖОО-ларында бір-бірінің тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, мұрасын, ең бастысы – тілін оқыту үшін жағдай жасау маңызды», дей отырып, Қазақстандағы заңдық негізде міндетті түрде бірінші сыныптан бастап үш тіл: мемлекеттік – қазақ тілі, орыс және ағылшын тілдері қатар оқытылатынын, кез келген мектепке кірсеңіз, қай ұлт­тың өкілі болмасын, оқушылар үш тілде сөйлейтінін тілге тиек етті. Сонымен бірге, болашақта құрылатын Еуразиялық хабар тарату құрылымдары ықпалдастық үдерістеріне қатысатын елдердің мемлекеттік тілдерін пайдалануы маңызды екенін атап өтті. «Бұл бізді жақындастырып, бір-бірімізге деген сенімді арттыра түседі», деді. Еуразиялық одақ туралы мәселеге деген қоғамдық көз­қа­растың әртүрлі болуы заңдылық. Өкінішке орай, кейбіреулер бұл тарихи бастамаға немқұрайды қарауда. Кеңестік кезеңнен қалған «өкімет өлтірмес» деген пікірге саятын «өлі» түсінік әлі «тірі» екен. Бұған бәлкім бұқаралық ақпарат құралдарының түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеуі де себеп шығар?! Жазбагерлердің сенімнен гөрі күмәні басым туындылары кеудеге күдік ұялатып жүргеннен болар. Біз үшін ең маңыздысы ұлттың қауіпсіздігі мен қазақтың мүддесі болуы тиіс. Егер де Қазақстанда ер етігімен су кешетін жағдай туа қалса, мемлекет үшін басын бәйгеге тігетін алдымен қазақтар болмақ! Жаңа бiрлестiк Қазақстан үшiн ең алдымен 9 есе үлкен, 170 миллион адамды құрайтын нарыққа жол ашады. Бүгінгі таңда интеграция біздің кәсіпкерлік үшін тиімді екендігін сенімді түрде айта аламыз. Еуразиялық экономикалық ық­палдастық үдерiсi бүгiнгi күннiң өзiнде Қазақстан экономикасында оң өзгерiстердiң орын алуына әсер етіп келеді. Кеден одағы құрылған уақыттан бастап өңдеушi өнеркәсiпке құйылған инвестициялар көлемi еселенедi, шетелден келiп түскен тiкелей инвестициялар көлемi 34%-ға артқан. Мұның барлығы Қазақстанға деген инвес­тициялық қызығушылықтың айтар­лықтай өскенін көрсетедi. Елі­міздің жүргiзiп отырған көп­қыр­лы сыртқы саясатының маңыз­ды қағидаты сақтала отырып, Қазақстанға Еуразиялық эконо­ми­калық одақ аясында әлемнiң өзге мемлекеттерiмен келiсiм жаса­суға шек қойыл­майтынын есте сақтаған абзал. Қазақстан – Еуро­одақпен жаңа келi­сiмге қол жет­кiзген Орталық Азия­дағы жалғыз мемлекет. Doing Business рейтингi бойынша Бүкiләлемдiк банктiң 2014 жылғы есебiне сәйкес Қазақ­стан 189 елдiң iшiнен 50-орын­ға шықты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 сатыға көте­рiлу деген сөз. Еліміз ТМД мем­лекеттерi бойынша көш бастап тұр. Атап айтар болсақ, Ресей 92-орында, Беларусь 63-орында, Қырғызстан 68-орында. Көптеген елдер бiзден қалып келедi. Бұл бiздiң елдегi сыртқы сауда саясатының бизнес ахуалдың дамуы мен жақсаруына, экспорттық-импорттық операциялардың жетiлуiне септiгiн тигiзетіні сөзсіз. Әрине, бұл жетістік басқалардың қызғанышын тудырып, оларға қуаныш сыйламайтыны анық. Еуразиялық одақ – әр қаты­су­шы елдің ұлттық-мемлекеттік мүд­десі жүзеге асырылатын тең құқықты тәуелсіз мемле­кет­тердің одағы болуы тиіс және әрқайсысының жиынтық әлеу­еті толықтай пайдаланылуы қажет. Бұған қоса, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығынан айырмашылығы, бірлесу негізі басқа емес, экономикалық өзара байланыстар болуы шарт. Өңір мемлекеттерінің біртұтас эконо­микалық, кедендік, сауда және әлеуметтік-гуманитарлық кеңіс­тік құру жолымен жүзеге асып, егемендікке нұқсан келмейтіндей, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау, өз елінің мемлекеттік құры­лым тәртібін айқындаған әр ха­лықтың құқына құрметпен қарау жағдайында жүргізілуі керек. Ал, Еуразия мемлекеттері инте­гра­циясының басты мақсат­тары – тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету, өңірді әлеу­меттік-экономикалық жаң­ғырту қажеттігі. Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақ­тарымен өлшенетін мегажоба. Ол қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Қорытындылай келгенде, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсын­ған Еуразиялық идеясы өзінің маңыз­дылығын, өмірлік қажеттілігін тәжірибе жүзінде дәлелдеп келеді. Арғы тарихын сонау еура­зияшылдықтан бастау алған бұл идея өзінің түпкі мақсатына жетеді деген сенімдемін. Ең мықты ұлт болуымыз үшін біз өз жері мен елін сүйе­тін, ұлттық кұндылықтарды сақ­тай білетін, өз басын ұлт үшін бәйгеге тіге алатын жылқы мінезді арлы қазақ болуымыз керек. Ал ол үшін ынта қажет. Ал ынта болу үшін көптеген фактор – ұлттық мақтаныш, ұлттық бренд, ұлттық сенім болуы тиіс. Ұлттық мақтаныш ол – спорт, ғылым, білім саласы. Ұлттық бренд – ұлттық өнім, технология, техника. Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­баев VІІ Астана экономикалық форумында: «...Әлемдік дағдарыс жойылып кеткен жоқ. Жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Адамзат әлемдік дамудың мүлде жаңа жобасын күтуде», деген еді. Осыған орай, біз бүгін әлі де уақыт талабына сай кәсіпті игеруді жоғары межеге жеткізуіміз керек. Жаңа технология, инновациялық үрдіс, ғылыми тың жаңалықтар біздің жан серігімізге айналуы шарт. Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.