Ертегі десе елең етер көрерменді желтоқсанның 4, 9, 10 және 11-і күндері «Астана Балет» театрында «Қар патшайымы» балетінің премьерасы күтеді. Даниялық жазушы Ганс Христиан Андерсен ертегісінің желісімен қойылатын спектакльдің режиссері – Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Татарстан Республикасының халық әртісі Георгий Ковтун. Спектакль маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрерменін қуантар қойылымда композитор Радик Салимов, костюм суретшісі әрі суретші-сценограф Злата Цирценс, жарық суретшісі Алексей Марков және «Астана Балет» әртістерінің жарқын өнерін тамашалауға болады. Би өнерінің құдіретімен сахнада бала кезден таныс бейнелерге жан бітеді. Антуражы өзге қалыпта болғанымен, оларды тану қиын емес. Балетте ертегі кейіпкерлері жаңа қырынан танылып, сахнада музыка, қимыл, сан алуан тың бояулардың үйлесімінен туған ғажайып әлемге тап болатыныңыз анық.
– Қазіргі балалар қоршаған ортаны жылдам қабылдап, бойына сіңіреді. Ересектердің міндеті – осы әлемнің әсем тұстарын көрсету. Менің ойымша, ертегі – өмірдің сол таңғажайыптарын тану жолындағы алғашқы саты. Өз басым ғажайып әлемді елестетемін. Мұнда жақсылық зұлымдықты жеңіп, әділдік салтанат құрады. Ал адам баласының бойындағы нәпсісі тыйылып, ақыры тура жолға қадам басып, әлем шексіз махаббат шапағатына бөленеді. Менің жаңа ертегім осы жайлы», деген режиссер Георгий Ковтунның ойын театр әртісі Айдын Қалжан шабыттана жалғады: – Бұл қойылымда, жақынына алаңдаған кейіпкердің күйзелісі ғаламат сән-салтанатқа ұласып жатады. Сен де балет кейіпкерлерімен бірге бала кезден таныс ертегіні өз басыңнан өткізгендей күй кешесің. Меніңше, бұл балет ересектерге де, балаларға да әсер етіп, қыстың сүреңсіз тіршілігіне бір сәуле түсіреді. Ғажайып музыка, әсем костюмдер мен ғаламат декорациялар балаларға түсінікті тілде мәңгілік адами құндылықтар жайлы баяндап береді.
Иә, би тілі құдіретінің арқасында бала кезден таныс Қар патшайымы мен Герда туралы ертегіге жан бітіп, өзінің шексіз махаббаты арқылы бауырының мұз басқан жүрегін жібітіп, Қар патшайымының арбауынан арашалап қалған қайсар қыз өмірінен сыр шертер қойылымның көрерменіне сыйлар керемет әсерімен қатар, берер тағылымы да мол. Спектакльде театрсүйер қауым жақсылық зұлымдықты жеңіп, шынайы махаббат бар жерде әрдайым әділдіктің үстемдік құратынына көз жеткізеді.
«Қар патшайымы» – күллі отбасымен бірге тамашалайтын, әр сахнасы қызықты режиссерлік және көркем шешімдерге бай қойылым. Қиял-ғажайып хикаяның жүректі елітіп әкетер атмосферасы әсем костюм әрі ұтқыр декорациялармен сәтті үйлесіп, көрермен қауымды нағыз ертегілер елінің сиқыр мен қиял әлеміне елітіп әкетері сөзсіз.