Таяуда «Egemen Qazaqstan» журналистері киелі Көкше өңірінде болып, оқырмандармен жүздесіп қайтты. Тау басынан құдық қазғандай қияпат еңбекпен көз майын тауысып, елдің шөліркей іздеген рухани азығын тауып беріп отырған газет редакциясы мен көзіқарақты оқырман арасындағы байланысты барынша өрістетіп, жандандыра түсу өте қажет. Бүгінгі оқырман нені қалайды, қай тақырыпты оқығысы келеді? Мұны да білген жөн.
Серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Владимир Курятов пен «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміреновамен кездесті. Кездесу барысында Алтынай Байқадамқызы ел газеті «Егемен» мен «Казахстанская правда» газеттерін үзбей оқитындығын және қос басылымның мазмұны мәнді, оқырманға олжа салар дүниесі қат-қабат екенін тілге тиек етті. Жаңа Қазақстанның рухани жаңғырып, кемелденудің келесі кезеңіне аяқ басқан, барынша әділетті қоғамды жақсылыққа жетелеу, игі істерге ұмтылдыру, ортақ шаруаны бірлесе қолға алу бағытында халықты топтастыруға зор үлес қосып жатқандығы да айтылды.
Облыстың тыныс-тіршілігі де назардан тыс қалған жоқ. Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкше топырағында бүгінгі замандастарымыздың рухани көкжиегін кеңейтетін, елдің өткен тарихын тереңнен сабақтап, бүгінгі күннің кәдесіне жаратуға бағытталған жұмыс жүргізілуде. Шалғайдағы шағын ауылдарда кітапханалар жұмыс істеуде, көркемөнерпаздар үйірмелері ауыл-аймақтағы жалпақ жұрттың жан дүниесіндегі өмір шоғын өнер қоламтасымен қыздырып, күн астында күліп жүруге ықпал етуде. Енді осы мол шаруаға «Егеменнің» ел ішіндегі ықпалы мен осы бағыттағы ыждағатын қоссаңыз, адам айтқысыз алапат күшке ие болар еді.
– Жалпы, газеттің жас буынды қалыптастыруға айтарлықтай ықпалы бар, – дейді қарт ұстаз Рауза Бәйкенова. – Біздің буын газетпен тәрбиеленді. Ел егемендік алған елең-алаң шақта Көкшетауда мұсылман әйелдер лигасы дейтұғын ұйым құрдық. Кеңес заманындағы уақыттың тозаңы басқан шындықтың дидарын көру үшін көп адамның көкірек көзін аршу керек еді. Сол сәтте еліміздің бас газетінің өте үлкен пайдасы тигендігін айтуымыз керек. Тарихи шындықты, ақиқаттың ай дидарын осы газеттен көрдік емес пе? Құтты бір шөліркеп келіп, мөлдір бұлақтан нәр татқандай болып едік. Сол нәр бойымызға өлшеусіз күш-қуат берді, қазір де солай. «Egemen Qazaqstan» газетінде кешегі зар заман, ақтаңдақтардың ақиқаты туралы жиі жазылады. Тарлан тарихтың тағылымы да осында. Бүгінгі күннің беталысы, қоғамның даму жолы да тайға таңба басқандай мөлдіреп тұр. Демек, білім ошақтарындағы ұстаздардың газетті жаздырып алып оқитын әбден реттері бар. Мен де ұстазбын. Тарихи еңбектерді жоққа шығару емес, газеттің жеделдігі, уақытпен бірге қадам баса білетіндігін айтқым келіп отырғаны.
Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса облыс орталығында республикалық қос басылымның оқырманы аз еместігін айта келіп, жақсылықтың жаршысы, өткеннің жоқтаушысы болып отырған журналистер қауымының жанкешті еңбегіне алғысын білдірді.
Біржан сал ауданы – Көкше өңіріндегі жергілікті ұлт көп шоғырланған өлке. Қазақылығы да мол. Күні кеше Алаштың ән әлеміне өлмес, өшпес мұра қалдырған Біржан салдың елі емес пе?! Жөкейдің жағасына жарыса біткен мәңгі жасыл қарағайлардың ұшар басы Көкшенің самал желімен тербеле жайқалып, салдың әнін салып тұрғандай.
– Ел газеті «Егеменнің» Алаштың рухани әлеміне өлшеусіз нәр беріп отырғандығы сөзсіз, – дейді аудан әкімі Достанбек Есжанов. – Біз аудан кәсіпкерлерін жұмылдырып, ардагерлерді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға республикадағы маңдайалды екі басылымды жаздырып беру жағын ойластырудамыз. Қолы қысқа адамдар ойлы сөзбен өрілген парасатты басылымнан құр қалмауы керек қой. Аудандағы мәдениет ошақтары, кітапханалар, мемлекеттік мекемелер міндетті түрде жаздырып алады.
Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітовтің де пікірі осы арнада. Сөз арасында аудан әкімі қос басылымды үзбей оқитындығын, тартымдылығын тілге тиек етті. Газетке де, елге де жанашырлық жасау үшін көпшілікке көмектесудің оңтайлы жолдарын іздестіретінін айтты.
Бүгінде әлеуметтік желінің айы оңынан туып тұрғандығы белгілі. Бірақ шырайы кем шулы сөз, дақпырты мен дауы жыртылып айырылады. Әйтеуір, ат шығарсам, көп көңілін аударсам деген ниетпен жалғандықтан да бас тартпайды. Түптің түбінде аталы сөз айтатын, ақиқаттың ауылынан қылдай ауытқымайтын басылымдардың бәсі артатындығына сенімді. Газет өкілдері замана талабына сай әлеуметтік желілерін жетілдіріп жатқандығына тоқталды. Бұл да – уақыт талабы.
Егемендіктер облыстық телеарнаға сұхбат берді. Қырық жылға жуық халқына газет арқылы қызмет етіп келе жатқан Самат Сабағатұлы қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі, сан алуан тақырыбы, ел газеті «Егеменнің» еңселі міндеттері жайында әңгіме қозғаса, бас директордың бірінші орынбасары Владимир Курятов жаңа заманның жосығы жайын тәптіштеп түсіндірді. Түгел сөздің түбі әсіресе аға буын үшін қолмен ұстап, көзбен көретін қағаз басылымның артықшылығына тірелді. Жалғыз аға буын ғана емес, жастардың арасында да қағаз газетті артық көретіндер аз емес.
Қара ормандай қалың оқырманымен кездесулер барысында екі жаққа пайдалы пікірлер айтылды.
Ақмола облысы