• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Қараша, 2022

«Сұрасаң біздің ауыл Пістеліде»

429 рет
көрсетілді

Автобиографиялық жанрдағы кітаптар шынайылығымен, қалтарыс-бұлтарыстағы автордың шешімтал көзқарасы, қайталанбас сезімімен жанды баурайды. Қаламгердің жеке өмірін қаузап, сырттай бақылап қағазға түсірген еңбегі оқырманға қызықты әрі шытырман. Толстойдың «Балалық шағы» мен Гетенің «Өз өмірімнен: Поэзия мен шындығы» – әлем әдебиетінің асыл жауһарлары. Ал отанымыздағы Мұхтар Мағауиннің «Мен» романы және Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүниесі», Әзілхан Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» романдары жеке тақырыпқа жүк. Мархабат Байғұттың «Ақтолғай» автобиографиялық эсселер жинағы – жазушы өмірінің сан түрлі қатпарларынан тіл қатқан құнды шығарма.

Қазақтың Тәкен Әлім­құ­ловы: «Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы... «Оң­түстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым нақ­ты­лыққа, қысқалыққа машық­танған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау ала­ды. Тәржімашылдығы да тән­ті етеді», депті. Осы бір пікір­ге «Ақтолғай» кітабын оқып болып келісесіз, бас изей­сіз. Тіпті біршама уақытқа дейін Мархабатша ойланып, Мархабатша қысқа да нұсқа, әзіл шыны аралас сөйлеп жүре­сіз. Жазушының ауыл мәде­ниетін сезінуі, ауыл адамдары­ның түрі мен түсін өрнектеуі тіптен бөлек. Күлдіре отырып жылату, жылата отырып жұба­ту қаламгердің дегдар таланты­ның бір көрінісі. Жинақтың «Қарагерлер» бөлімінен мысал келтірелік: «Жуалы асып, Көсегенің көк жонын кезіп, көкпар іздеген. Билікөлдегі бө­лелерін қайрапты. Балықты­су бойындағы қыстауларына бір­жолата қоныстанып қал­ған қарашекпенділерге тісін қайрапты. Қайран қайда?! Билікөліңіз бүк түскен. Бас көтерер бір жан жоқ. Жер шұқылайды бәрі». Осы бір сөйлемдерден еліктірме ше­берлік, күрделі сөз қолданыс байқалады. Бейнебір Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлім­құ­ловтай көсіп-көсіп, тотияын тілімен діттеген ойын оқыр­ман санасының тұғырына қон­дырады. Мәдениеті бөлек, мінезі өзге. Дулат Исабеков: «Мархабаттың басқалардан ар­тықшылығы – ол өз кейіп­керлерінің қалың ортасынан алыстаған емес», дейді. Ра­сында, кейіпкерлермен бірге өмір сүру, қайнаған өмір «дом­насының» ішінде әр адамның жанына үңілу, сыры мен сынына сәт сайын кезігіп отыру – жазушы шығармаларының шынайылығын арттырып, талантын шынықтыра түскен.

«Ақтолғай» жинағында «Құрылысбаттағы қорлықтар» атты бөлім ұшырасады. Жазу­шы әскери жылдарында көр­ген қиыншылықтары мен адам жанының күйзелген, күңіренген кейпін сондағы түрлі ойлар мен сезімдер арқылы жеткізген. Сібірде жүріп шынығып, катор­гада болған Достоевский се­кілді тұрмыс тауқыметін тарт­қан. Сірә, шын жазушы үшін өмір қойнауына ену, мехнаты мен жарығын қатар көру үл­кен мазмұн қалыптастыру­ға сеп бол­мақ. «Жазушы болу үшін бақыт­сыз балалық шақ ­керек» де­ген сөздің түбірі те­рең. Кі­тапта жазушы өзі туған Піс­телі ауылының айшықты кел­­бетін танытады. «Сұрасаң біз­дің ауыл Пістеліде» деген қалам­гер Пістелісайда өсетін тау­піс­тесін (жаңғақ тұқымдас же­міс ағашы), Аққұзар жақ­тағы до­ланалы беткейін, Бөкей­тау­дағы көкемарал мен киік­отын тебі­рене суреттейді. Сірә әр жазу­шының бір жұмақ ме­кені бар. Тол­стойда Ясная Поля­нада болса, Баль­закта хан сарайына бер­гісіз жалдамалы жұпыны пәтері, Чеховтың ең атақты туындыларын жазған Мелиховасы бар.

Мархабат Байғұт болмысы – көпшілік ортада жаны азапталатын, жалғыздық бағында жаңа бүрлеген ойын сан рет қайталап, өз әлемінде ғана ты­ныштық табатын парасатты, айқайдан алыс абзал болмыс. «Ақтолғай» жинағында «Дат қазақтар» деп ұлтқа дат айтып, қоғамның келеңсіздіктеріне ашынады. Кетеуі кеткен мәсе­лелерді қырнап, ел бола­шағын бағамдайды. Қорыта айтқанда, «Ақтолғай» жинағы өзін іздеген әр оқырман үшін жолбелгі болуға даяр бағалы дүние.