Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы 2023 жылғы Дэвис кубогінің іріктеу кезеңінде Чили теннисшілерімен ойнайды.
Командалық әлем чемпионатының финалына шығу үшін жерлестеріміз әлемдік рейтингте 21-орында тұрған Чили құрамасымен кездеседі. Матч 4-5 ақпан күндері Чилиде өтеді деп жоспарланған. Дэвис кубогінің іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады. Әр матчта үздік шыққан 12 команда турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алады. Оларға 2022 жылғы Дэвис кубогінің финалистері, сондай-ақ арнайы шақырту (wild card) алған Италия мен Испания қосылады. Биылғы Дэвис кубогінде Канада құрамасы жеңімпаз атанды. «Үйеңкі жапырақтар елінің» өкілдері финалда Аустралиядан басым түсті.
Сондай-ақ Италиядағы челленджер турнирінің финалында өнер көрсеткен қазақстандық Михаил Кукушкин бас жүлдені иелене алмады. Жерлесіміз финалда әлемнің 197-ракеткасы швейцариялық Леандро Рейдльмен кортқа шығып, екі сетте – 7:6, 6:3 есебімен жеңіліп қалды. Тартысты өрбіген бірінші партияда 20 жастағы швейцариялық спортшы тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:4). Ол екінші сетте де 2:0 есебімен алға кетіп, сол басымдығын сақтап қалды – 6:3.