• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Жаңғырған ұлттық жауһарлар

642 рет
көрсетілді

Қазақтың өткен жолы, кешкен өмірі кемелді де кең, өзеуреген өзгелерден кем болмағанына елорда төріндегі Тұңғыш Президенттің музейінде өткен «Әдемі-Ай» өнер мұражайы жинақтаған «Ұлттық жауһарлары» атты антикварлық зергерлік бұйымдар көрмесін көргеннен кейін көз жеткізгендей болдық. Бұл шараға Астана жұртшылығы молынан қатысты. Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Сейдуманов пен О.Асанғазы қатысып сөз сөйледі. Оразкүл Асанғазы көрмедегі дүниелер ұлтымыздың ұлығын танытатындығын айтып, көрме иесі Б.Төлегеннің ерінбей жиған еңбегіне, жасаған жаңа кәдесыйларына дән ризалығын білдірді. Көрмеге қойылған біздің заманымызға дейінгі ІІІ-І ғасырлар шеңберіндегі Кушан патшалығының археологиялық артефактілері мен VI-XII ғасырларға жататын тарихи құндылықтар кімді де болса сүйсінтері хақ. Сол дүниелерді заман талабына сай қайта жаңғыртып жасаған кәдесыйлар көрермендердің көңіліне қонып, қызығушылығын туғызды. Асыл қасиеттерге ие, әсіресе, тіл тазылығын, дін бірлігін, ұлт өнерін шеберлікпен сақтай білген халқымыздың көсемдігі мен көрегендігін, батырлығы мен батылдығын, ақыл мен парасатын осы жауһар дүниелерден аңғарасың. Халықтық салтты, дәстүрді іркіттей ірітпей, айрандай атала етпей ғасырдан-ғасырға сыры мен сынын бұзбай жеткізген қазақтың қабырғалы өнер иелерінің мұрасын қайтадан түлеткен «Әдемі-Ай» компаниясы жасаған кәдесыйларды тамашалап жүргенде қазақ поэзиясының ақиығы, күні кеше ғана арамыздан мәңгілік сапарға аттанған Фариза Оңғарсынова апамыздың мына бір өлең жолдары ойға оралды. Бүкіл саналы ғұмырын ұлт руханиятына арнаған ақын «Оюлар» деген өлеңінің соңын: «Елестеп көз алдыма сан шақ­тарым, келгендей құлағыма аңсатқан үн. Түрінен текеметтің көріп тұрмын, әжемнің тара­мысты саусақтарын. Шебер көп бұл заманда кілең керім, болмайтын ажыратып түр-өңдерін. Сүрінбей өте алар ма ғасыр­лардан, әжемнің оюындай, жыр-өрнегім... Болардай басқұр, өрнек маған медет, белгісі балғын шақтың қарар жебеп, Сүйеніп түскиізге тұрып қаппын, көз жазып оюлардан қалам ба деп, Мөлдір шық жасырынды жанарға кеп...», деп түйіндеген екен. Міне, осындай ұлтымыздың бүкіл болмысын көрсететін жауһарларды жинақтап, қазақ топырағында қайта түлеткен «Әдемі-Ай» компаниясының президенті Баһаргүл ТӨЛЕГЕНДІ сөзге тартқан едік. – Мен қарғадайымнан ұлты­мыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын әспеттеумен қатар, осындай ұлы үлгіні қалыптастырған халқы­мыз қандай кемеңгер еді деп таңғалатынмын. Бұған қоса, халықтық қалпымызды көрсететін құндылықтарға да ерекше назар аударатынмын. Кейін осы дүние­лерді құмнан алтын іздегендей жинадым. Мен ол кезде іргелес жатқан Қытай елінде тұратынмын. Осы жәдігерлерді қалай жарыққа шығарамын, сөйтіп, өзгелерге қайтсем танытамын деп жүргенде атажұртым көк Туын көтеріп, тәуел­­сіздігін жариялағанда, алыс­­­тағы бар қазақ: «Уа аруақ, ақсарбас!» деп ұрандаттық. Жиған дүниелерімнен музей жасау жөніндегі ниетім кеңейе берді. Қазақстанға келіп танысып, табысқаннан кейін ауыл-елдерді араласам, бұл жақта да ұлт құнды­лықтары баршылық екен. Содан 1994 жылы тарихи Отаныма оралдым. Бала кездегі арманыма қол жеткізуге талпындым. Сирек кез­десетін небір бұйымдарды жинап, мұражай аштым. Қазір ондағы жәдігерлердің саны мың­нан асып кетті. Осыларды ақпарат ағыны басып бара жатқан заманда қалай жаңғыртамын, жұртқа қайтсем жеткіземін, егер олай етпеген жағдайда бұл дүниелер тек мұражайда қала береді-ау деген ой бірте-бірте маза бермеді. – Сөзіңіз аузыңызда, осы жерде америкалық профессор Дэвид Хариссонның «... бұл заман – жедел ақпараттың заманы. Яғни қаншалықты ақпаратқа қанық болсаң, соншалықты білімді, саналысың. Бірақ, біз осы ақпараттарды қабылдаймыз деп мыңжылдықтармен келген, санаға сіңген ұлттық құндылықтарымызды қоқысқа тастағандай болмаймыз ба?» деген күдікті сөзі еске түсіп отыр. – Менің ниетімнің үстінен дөп түстіңіз. Мұражайға жиған дүниелерді қайта жаңғырту оңай болмады. Ізденістер алғашқы кезде қиын болғанымен бірте-бірте нәтижесін берді. Қазір компания шығаратын бұйымдардың саны 700-ден асты. Халқымыз жүздеген жылдар бойы аса талғампаздықпен қалыптастырған ғажайып қолдан­балы өнер туындылары қазір ұрпақтар қолына тие бастады. Олар алтын, күміс жалатылып, ақ түсті тау хрусталь, фарфор, металл, тағы басқа заттардан жасалатынын айта кетсем деймін.  – Дәуір талабына қарай ұлттық жәдігерлерден жаңғыртқан басты кәдесыйларыңыз қандай? – Ол – біріншіден, тәуелсіздік нышандары. Қазақ бодандықтан құтылып, бостандыққа жеткеннен кейін ұлттық нышандарды жаң­ғыртуды қолға алдық. Оның қатарында тәуелсіздік мону­ментін, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев «Бәйтерек – монументі еліміздің гүлденуінің, өсуінің символы іспеттес. Бәйтерек – өмірдің белгісі, халқымыздың бел­гісі, тыныштықтың белгісі», деп бағалаған Бәйтерек, т.б. тәуел­сіздік нышандарын металл, алтындалған құйма, мәрмәр, поли­мер, органикалық әйнек, ағаш түр­лерінен жасап, жұртшылыққа ұсындық. Мұның қатарында «Қазақ елі» монументі, «Хан Шатыр», Бейбітшілік және келісім сарайлары да бар. – Ал қазақ ұлтының береке- бірлігін сақтаған, бір ауыз сөзбен билік айтқанда үлкен-кіші ұя бұзбай ұйыған, елдің мүддесінің, жердің тұтастығының, ұрпақ тәрбиесінің, ізет пен ина­баттың алтын тұғыры болған ұлы дала ұландарының бейне­сін өнер тілінде сөйлеткен екен­сіздер. Бұл туралы да айта кет­се­ңіз артық болмас еді. – Иә, қормалымыз болған – үш би мен Абайдан бастап, қорғанымыз болған алып батырларымыз – Кенесары, Наурызбай, Исатай, Қарасай, Райымбек, тағы басқа­лар сап түзеп, Махамбет, Әлия, Дінмұхаммед секілді ірі тұлға­лардың да бейнесі сомдалды. Көне дәуірлердегі мәдениет, өнер, мифология салалары бойынша да жасаған кәдесыйларымыз аз емес. Қазақ елінің азаттық символына айналған «Алтын адамның», Сармат көсемінің металдан, хрусталдан, құймадан жасалған бейнелері жұртшылықтың ерекше ілтипатына бөленуде. Сол «Алтын адамның» мойнындағы алқада бедерленген барыс бейнесі Ала­тау шыңдарымен әспет­телген­де ерекше көрініс тапты. Әмір Темір заманында арнайы тапсырыспен жасалған, араға ұзақ уақыт салып, киелі Түркістанға әкелінген Тайқазан тағылымын көрсететін түрлі-түсті кәдесыйлар үлкен сұранысқа ие болуда. Сол секілді ұлтымыздың салт-дәстүрін көрсететін айшықтар да ажарлы шығып жатыр. Бір замандары қазақ тұрмысының басты болмысына айналған киіз үйдің формасын бейнелеген қобдишаларды, асықтың алшасынан түскенін жақсылыққа балайтын халқымыздың ерекше салтына сүйеніп, алуан түрлі асық бейнелі сувенирлерді көргендер дән ризалықтарын білдірумен келеді. Ал киелі домбырамыз, қасиетті қобызымыз, байтағымыздағы Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Қорқыт, Маң­ғыстау жеріндегі ежелгі дәуір ескерткіштері – бәрі де өнер тілінде өрнектеліп жұртшылыққа ұсынылуда. Мұнымен бірге, ұлт­тық ыдыстарымыз яғни, кәрлен бұйымдар, нақтылай түссек шы­ны, шәйнек, наурыз ыдыс­тары, қазақтың ою-өрнектері бей­неленген картиналар да аз емес. – Компанияда қанша адам қызмет етеді? – Біз 45 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Олардың арасында бармағынан бал тамған шеберлер, дизайнерлер, суретшілер бар. Айрандай ұйыған ұжымның мақсаты ұлттық кәдесый дайындап, оны өзіміздің халқымызбен қатар, шетелден келгендерге де таныстыру. Осы күні азаматтар төрткүл дүниені шарлап қайтқанда, сол ел мен жерді бейнелейтін неше түрлі сувенирлер алып келеді. Оны өздерінің төріне қойып, мақтан етіп айтады. Біздің тәуелсіз елімізге келген әр қонақ Отанымыздың қасиеті мен қадірін арттыратын дүниелерді, яғни біз жасаған кәдесыйларды елдеріне апарып таныстырып жатса, қане. Бұл әлем білетін қазақты тағы бір қырынан көрсету болар еді. Оның үстіне біз жасаған бұйымдарды шетелдіктер көргенде керемет тамсанып, таңғалатыны бар. Ондай кезде мен бұл заттар кешелі бүгін жасалмағанын, оның түп тамыры арғы ғасырларда жатқанын, оған дәлел ретінде мұражайға жинақ­талған құндылықтарды көрсету арқылы оларға ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлі өнердің бар екенін ұқтырамын. Сондай сәтте: «Сіздердің ата-бабаларыңыз батыр да, ақын да, шешен де, өнерлі де, шебер де болған екен ғой!», деп ілтипатын білдіріп. «Бұған дейін неге ол осындай биік дәрежеде таныстырылмаған?» дейтін де кездері аз болмайды. – Сіздер бұл кәдесыйларды өз елімізде жасайсыздар ма, әлде өзге мемлекеттердің зауыт­тарына тапсырыс бересіздер ме? – Сұрағыңыз орынды қойылып отыр. Осы арада сұраққа жауап қайырмай тұрып, мына бір ойым­ды да айта кетсем деймін. Біздің елордада, басқа да бес-алты өңірлерде кішігірім бөлімшеміз бар. «Ұлттық жауһарлары» атты осы көрме алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу өткен еді. Онда Мемлекет басшысы менің қазақ халқының мәдени мұра­сын сақтап, жүргізген зерттеу қызметіме, жаңғыртып жатқан жұмысыма жоғары баға берген болатын. Өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған едім. Мәдениет қайраткері атағын да алдым. Осындай қолдаулар мені ерекше қанаттандырды. Соның нәтижесінде еліміздің өңірлерінде осындай көрмелер өткізуді мақ­сат етіп, соның алғашқысын Астанадан бастап отырмын. Елорда жұртшылығының ерекше ілтипат танытқанын баса айта кетсем деймін. Енді сұрағыңызға тікелей жауап берер болсам, біз де үлкен таралыммен кәдесый жасайтын зауытымыз жоқ. Шағын ғана шеберханамыз жұмыс істейді. Көбіне Түркия, Қытай, өзге елдерге тапсырыс береміз. Қазірше, өзімізге жететін ғимаратымыз бар. Болашақта сондай үйлерді Астанадан, облыс орталықтарынан тұрғызып, кәдесый сататын орын­дарды көбейтсек деген ниеті­міз бар. Түйіндей айтқанда, неше мыңдаған жылдар бойы өлмей, өшпей келе жатқан озық мәдениетімізді сақтай отырып, оны жаңа заманға сай жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе алсақ, дәстүр сабақтастығы үзілмес еді. «Әдемі-Ай» компаниясының алға қойып отырған басты мақсаты – Қазақ елінің сувенир нарығын қалыптастыру, сол арқылы өз елімізден де, басқа мемлекеттерден де тапсырыстар қабылдап, соны мүлтіксіз орындау. Жалпы, осы күндері шығарған өнімдеріміз өз құнын ақтап отыр. Әйтсе де, сұранысқа қарай жұртшылықтың талабын толық қанағаттандыра алмай отырмыз. Оның басты себебі, өзімізде көп таралыммен кәдесый шығаратын шағын да болса зауыттың жоқтығы қолбайлау. Болашақта тапсырысты басқа мемлекеттерге көп шығын шығарып бергенше, өзімізде атқарсақ ұтылмас едік. Оған қажет материалдар Қазақ елінде жетіп артылады. Әрине, мұның бәрі бір күнде орындалмайтынын білемін. Бірте-бірте жүзеге асарына сенімім мол. Ең бастысы, компания күн санап қанаттанып, іргесін кеңейтіп келеді. Жоғарыда айтқанымдай 700-ден аса кәдесый жұртшылыққа ұсынылып отыр. Бұл көрсеткіштің алдағы уақытта өсе беретініне иманым кәміл. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».