Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңға енгізілетін өзгерістер заман талабынан туындап отырғаны әмбеге аян. Сөз көрінбейтін, бірақ соққысы оңдырмайтын сойылға айналып, адам санасын жаулап алу үшін күрес тоқтаусыз жүріп жатыр. Жер-жаһанда мылтықсыз майданның жойқын түрі – гибридтік соғыс, адамзат ақыл-ойының сан ғасырлық жемісі – ұлттық дәстүр мен мәдениетті жоққа шығару сияқты пенденің жан-дүниесін жалмайтын жегі құрт ашық әрекетке көшті.
Мұндай құбылыстарға төтеп беру ақпарат құралдарының борышы һәм міндеті. Сол себепті, жаңа заң жобасында БАҚ еліміздегі идеологиялық қызметтің негізгі бағыттарының бірі ретінде орын алуы тиіс. Заңға өзгерістер енгізу жөніндегі Жұмыс тобының мүшесі ретінде мынадай ұсыныстарымды айтсам деймін.
Соңғы жылдары, әсіресе, пандемия мен карантин кезінде қазақ тілді аудитория ресми жаңалықтармен қатар, әлеуметтік, әсіресе, жұмыспен қамту, азық-түлік, мұнай және алтын өндірісі мен бағасына қатысты талдау дүниелерге ден қоя бастады. Халықаралық тақырыптар көптеп оқыла бастады. Бұл – жұрттың талғамы өзгере бастады деген сөз. Осы ретте мемлекеттік тапсырыс бойынша жарияланатын материалдар қатарына тақырыпты жан-жақты қамтып, мәселенің проблемалық (жалаң сын емес) жағы да айтылатын аналитикалық және журналистік зерттеу бойынша мақала жазу талабы енгізілсе. Мұндай материалдарға төленетін ақы ресми ақпараттар негізінде жазылған материалға қарағанда жоғары болуға тиіс. Бұл бір жағынан сараптамалық дүниелер мен экономика тақырыбына бара бермейтін қазақтілді БАҚ-тың салалық журналистика бойынша мамандануына да ықпал етер еді. Екінші жағынан бұл мемлекеттік тапсырысты орындайтын БАҚ-тан сапалы дүниелерді талап етуге мүмкіндік берер еді. Тапсырыстың сапалы орындалуы үшін журналистиканың жанрлары бойынша дайындалатын материалдардың (аналитикалық талдау, сұхбат, мақала, заметка) нақты саны көрсетілсе, жөн болар еді.
Министрліктің өңірлерде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қазіргі қолданыстағы мемлекеттік сатып алудан конкурстық жүйеге көшіру жөніндегі бастамасын қуана қолдаймыз. Өйткені мұндай сатып алуда ең төменгі бағаны көрсеткен қатысушы жеңімпаз болып танылатыны белгілі. Ал лотты ұтып алған БАҚ сатып алуға қойылған бастапқы бағаға сәйкес көлемді орындауға тиіс. Оның үстіне белгіленген баға әр облыста әртүрлі. Ал тапсырыс көлемі барлық жерде бірдей дерлік. Мұндай талап, әсіресе, өзін-өзі қаржыландыратын «Jas Qazaq» сияқты жекеменшік газеттерге тиімсіз. Сондай-ақ аймақтарда тапсырысты көбіне бір тақырып бойынша ғана береді. Кейде келесі жылы дәл сол тақырып қайталануы мүмкін. Тапсырысты орындау барысында редакцияға 20 баспа табаққа дейін материал дайындауға тура келеді. Мұндай көлемді материал, біріншіден, оқырманға қызық емес. Екіншіден, қалайда жоспарды орындау үшін сапаға мән берілмейді. Сондықтан аймақтарда тапсырыс жүйесін белгілегенде тақырып аясын кеңейтіп, әсіресе, өңірдегі экономика, инвестиция, жаңа жұмыс орындары, еңбегімен бейбіт заманның қаһармандары боп жүрген қарапайым жандар туралы тақырыптарды қозғау қажет деп есептеймін.
Срайыл СМАЙЫЛ,
«Jas Qazaq» газетінің бас редакторы