Біз бүгінге дейін бір шындықты халықтан жасырып келдік. 1930-жылдары халық мәжбүрлі түрде ұжымдастырылса, 1990-жылдардың екінші жартысында мәжбүрлі түрде жекешелендірудің объектісіне айналды. Ауыл, қазақ о бастан бір-біріне арқа сүйеп, ұжымдасып өмір сүруге бейімделген.
Жекешелендіру науқанында біз ауылды қанға сіңген қасиетінен алыстатып алдық. Қазір Қазақстан халқының 40 пайызы ауылда тұрады дейміз, ал ІЖӨ-дегі ауылдың үлесі 3-ақ пайыз. Сонда қалған 37 пайыз кімнің пайдасына жұмыс істеп тұр?
Ауыл қаржы институтынсыз дами алмайды. КСРО кезінде ауыл экономикасы мемлекеттік қор есебінен дамыды. Бізге сол жүйені қайта қалыпқа келтіретін кез келді. Ол үшін жерімізді теспей сорып отырған олигархтар өзінің пайдасының бір бөлігін, сондай-ақ шетел асып кеткен қаржының бір бөлігі сол қорға аударылғаны дұрыс. Осы қаржы арқылы ауылға банктен берілетін несиенің пайызын жеңілдете аламыз.
Ауыл экономикасы банктерсіз нарықтық айналымға енбейді. Қарап отырсақ, соңғы онжылдықтарда бірде-бір жаңа банк ашылған жоқ. Бізде банк туралы заң бар. Бірақ заңға сәйкес бірде-бір банк ашылмайды. Бұған әкімшілік тәсілмен тежеу себеп болып отыр. Мемлекеттік мамандандырылған банктерді ашуға көп мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы банк саласынан айдалада, борт сыртында қалып қойды. Оны бәріміз біліп отырмыз. Қаржы мәселесін несиелік серіктестік сияқты майда мекемелер шешеді деп ойладық. Бірақ уақыт өтті. Мемлекет ауылға тек қағаз жүзінде ғана бет бұрды. Себебі ауылды қаржыландыру мемлекетке тиімсіз деген көзқарас басым.
Ауылға қатысты шешілмей тұрған бір мәселе – ауа райына байланысты сақтандыру. Ауылды сақтандыру міндетін жекеменшік сақтандыру компаниялары өз қызметіне алады дегенге сену дұрыс емес. Осы мәселені шешу үшін үлкен мемлекеттік сақтандыру қорын құру қажет.
Квазисектордағы қаржы институттары кейбір топтардың «жеке әмияны» екені айтылып та, жазылып та жүр. Енді ауылға өз құқығын өзіне қайтаратын кез келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламасының басты операторы да ауылды қаржыландыратын банк болуы керек.
Мемлекеттің үлкен қалаларға деген ықыласына ешкім күмән келтіре алмайды. Осы күнге дейінгі қабылданған шешімдер қаланы дамытты, қала енді аштан өлетін кезден өтті.
Қала мен ауылды қатар дамыту керек. Өндіріспен ғана шектеліп қалмай, ауылға көңіл бөлетін кез келді. Қалаларды олармен іргелес жатқан ауылдардан бөліп алып қарастырудың қажеті жоқ. Бәрі кешенді түрде қамтылуы қажет. Мысалы, қалада ашылған сүт зауытына қажетті шикізат іргедегі ауылдардан жиналуы керек. Сол секілді ауылда өндірілген көкөніс, бақша өнімдері қалада өңделуі қажет. Осындай жүйелік керек. Сонда ауыл мен қала арасындағы байланыс жанданады.
Ауыл мен қаланы жеке-жеке дамытудың қисынсыздығы секілді шағын, орта және ірі бизнестердің әрқайсысының өз қазанында ғана қайнауы дұрыс емес. Ауыл шаруашылығы мемлекет экономикасы жүйесінде қарастырылуға тиіс. Ауыл шаруашылығының экономикасы – бұл экономиканың барлық саласына тікелей және жанама ықпал етеді және Қазақстанның барлық азаматының тұрақты, қауіпсіздікте өмір сүруіне жағдай жасайды. Мысалы, ауыл шаруашылығында шешiлмей жүрген бір мәселе – жер мәселесі және өнiмдердi сақтандыру. Жер телімдерін мақсатты пайдалану түрін өзгертуге рұқсат алу ресімдерін жеңілдету, ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру керек. Қазақстан Үкіметінің араласуымен ауыл шаруашылығы мәдениетін қолдау, сақтандыру мақсатында мемлекеттік қор құратын кез келді. Бұл қор ауылдағы бизнесті сақтандырумен айналысу керек.
Нақты айтар болсам, сақтандыру тетігі мынадай: біріншіден, ауыл шаруашылығын міндетті сақтандыру мемлекеттік резервтік қор арқылы жүзеге асуы қажет, сонымен қатар, ауыл шаруашылығын жыл басында өндірушілер өндіріске кеткен шығынды қосқанда қорға сақтандыру салымдарын аударуы керек. Екіншіден, сақтандыру ісінің шынайы тетігімен жұмыс істегендіктен сақтандыру шарты бойынша егін шықпаған жылдары шығынға ұшыраған шаруашылықтарға сақтандыру үстемеақылары міндетті түрде төленеді.
Меніңше, ауылды көтеруге бағытталған сең қозғалды. Бірақ қабылданатын шешімдер жоңышқа мен арпаны, өгіз бен сиырды ажырата алмайтын жұмыс тобы емес, ауылдың жайын білетін мамандардан жасақталуы керек. Сол кезде ғана ауылдың бағын ашамыз, күре тамырына қан жүгіртеміз.
Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ,
экономист
АЛМАТЫ